"Ермегияевқа қатысты дерек бойынша, ол жерде VIP-камера деген болмаған, өндірістік аймақта жұмыс уақытына арналған кабинет жасақталған. Түнде ол камерасында жазасын өтеген, ал күндіз оған кей жеңілдіктер жасалған. Бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр, қызметкерлер жұмысынан босатылды. ІІМ-де ауқымды тексеріс жүргізілді, 16 лауазымды тұлға жазаланды, екеуі жұмыстан босатылды", - дейді Жақыпбаев ведомствода өткен баспасөз мәслихаты кезінде.
Оның сөзінше, тергеу қорытындысына қатысты Қазақстан бойынша тексеріс жүргізілді.
"Қаңтарда барлық мекемені тексеруден өткіздік. Бұған ұқсас жағдай болған жоқ. Дегенмен кей адамдардан телефон, тұрмыстық техника, жиһаз сияқты дүниелер тәркіленді. Қазір мұндайды бақылуда ұстап отырмыз, ары қарай да тексеріп тұрамыз", - дейді ведомство өкілі.
Мұның алдында ІІМ өкілдері Астана іргесіндегі ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінде Ермегияевқа жайлы жағдай жасаған лауазымды тұлғалардың жазаланғанын мәлімдеген.
Еске салайық, 2016 жылдың маусымында "Астана ЭКСПО-2017" басқармасының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев аса ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін 14 жылға бас бостандығынан айырылған.