Заңсыздықтар туралы жазған заңгерді Департамент басшысы қабылдады
2018 ж. 19 сәуір
2662
0
Осыған дейін "Қазақ үні" ұлттық порталында белгілі заңгер Ринат Баймолданың антикоррупциялық қызмет мен прокуратура өкілдерінің бассыздықтары туралы әлеуметтік желіде жазған мәлімделерін жариялаған едік. Аталмыш мақала қоғамда едәуір пікірталас тудырған болатын.
Еске сала кетсек, танымал заңгер фейсбуктегі парақшасында жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері өзінің қорғалушысына күш көрсеткендігі туралы ашық айтқан болатын. Сондай-ақ, аталмыш заңсыздық туралы Баймолданың арызын кезекші прокурор қабылдаудан бас тартқаны туралы мәлімдеген.
Күні кеше Ринат Баймолда желіде өзін Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қалалық департаментінің бастығы Ш. Қабдолла мырза қабылдағанын хабарлады.
Заңгердің айтуынша, білікті басшының сауаттылығы мен адалдығы нәтижесінде дер кезінде тиісті шаралар қолданды.
- Департамент басшысы Шыңғыс Қайыпұлы өте сауатты және жауапкершілігі мол тұлға екен. Менің әр сөзімді мұқият тыңдап, кейбірі бойынша бірден шешім қабылдап, бірқатар фактілер бойынша тиісті тапсырмалар берді. Бұл қол астындағы қызметкерлердің басшыға қате ақпаратты жеткізіп, шынайы істі бұрмалап жіберудің бір үлгісі еді. Қабдолла мырзаға шексіз алғыс айтамын, - деп жазды заңгер парақшасында.
Қазақ үні