Азат Перуашев: АДАМ ӨМІРІ ЕШБІР АҚШАМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ
2018 ж. 13 сәуір
2547
2
Алматыға жұмыс сапарымен келген «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «MEGA» сауда, ойын-сауық орталығында болып, мұндағы өрт қауіпсіздігі жағдайын, сонымен бірге ғимараттың зілзала қаупіне төзімділігі көрсеткішімен танысты.
Ұйым басшысының осы бағыттағы түрлі сауалдарына «MEGA» орталығы АҚ Басқарма төрағасы Сейітжан Есмағамбетов, СОС директорының бірінші орынбасары Қуат Әкімбеков, Өрт қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметінің бастығы Владимир Заборских егжей-тегжейлі жауап берді.
Мәселен, Сейітжан Сәрсенғалиұлының айтуынша, сауда, ойын-сауық орталығынде кез-келген төтенше қатердің алдын-алу шаралары лайықты жолға қойылған. Өрт қауіпсіздігі күн сайын тексеріледі. Ал кенеттен түтін немесе улы газ исі сезілген жағдайда сезімтал дабыл аппараттары дереу іске қосылып, белгі береді.
Ал Владимир Николаевич апат жағдайына әрдайым даяр болу үшін ата-аналармен қатар балалармен де бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сол сияқты ол эвакуация жасау жолдары бойынша да түрлі істің атқарылып үлгергенін тілге тиек етті.
Ғимаратта өрт жағдайында сыртқа шығатын жолдарды көрсететін ірі белгілер үш деңгейде – еденде, төбеде және жерден бір жарым метр биіктікте орналастырылған.
Бұған қоса, мамандардан орталықтың әуелгі құрылысы барысында қатты жер сілкіну жағдайына төтеп беру қуаты қатаң тексеруден өткізілгенін білдік. Ғимарат 9 балл сілкініс күшіне шыдайтыны анықталған. Мұндай тексеру төрт жылда бір өткізу жоспарланған көрінеді.
Аталған тексерудің биылғы наурыз айының аяғында Ресейдегі Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» ойын залдары мен аттракциондарында орын алған қасіретті ахуалдан кейін қолға алынғаны түсінікті.
Осы жәйтке баса тоқталған Азат Тұрлыбекұлы өз сөзін:
– Негізінен, мұнымыз кішкене қисынсыздау. Көршілес орыс ағайындарға қайғылы жағдайға байланысты көңіл айттық. Бірақ әлгіндей сұмдықтың өкініші ешқашан кетпейді. Біз бүгінгідей танысу жұмыстарына одан әлдеқайда бұрын кірісуіміз керек еді. Мәселен, баяғы «Қызылағаш» ауылында болған қасыретті оқиғалар өз басымыздан да өтті. Солардан лайықты сабақ алып, кем-кетігімізді реттеп отыруды әдетке айналдырсақ керек-ті. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Біз кез-келген қауіпке әрдайым сақадай сай отырғанымыз жөн, – деп қорытты. – Қауіпсіздік мәселелері ешбір қысқартуға, немесе алып тастауға жатпайды. Бизнесті қолдауымыз керек. Кәсіпкерліктің мақсаты қаражат тауып, баю, мол табысқа кенелу болса, мемлекет әрдайым өзінің әрбір мүшесінің қауіпсіздігіне жіті көңіл аударуы қажет. Әйтпесе істің бәрі зая. Адам өмірі ешбір ақшамен өлшенбейді, – деді партия жетекшісі.
Кездесуге партия төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса, «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы, ұйымның басқа да серкелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Олар ұйым басшысына өрт, зілзала қауіпсіздігінен бөлек, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалына да қатысты сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
qazaquni.kz