Қажымұқан Ғабдолла: Шахановтың шындығы - Жамбылды жетімсіретпейді
2018 ж. 12 сәуір
6604
21
Поштама «Қажымұқан Ғабдолла мырза, сіз неге үндемейсіз?!.» деген хат келді...
Шолпан Ханым (Sholpan Hanym) Фейсбуктегі парақшасында былай депті: «...Желіде тарап жатқан, осы күнге дейін құрметтеп келген Мұхтар ағамыздың атына небір ауыр сөздерді оқып, көңілім құлазып отыр... "Болатын елдің баласы бірін бірі: «Батыр!» дер. Болмайтын елдің баласы бірін бірі: «Қатын!» дер..."
«Кім айтты саған?
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақкөйлекті кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
Кім айтты саған?
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп...»
Халқымның кешегі күні шалыс басқан ел алдында жүрген аты дардай азаматтарды кешіргенде, тіл үшін жан пида еткен Мұқтар ағамызды неге сонша жерден алып, жерге салып отырғанын түсінбедім... «Жаңылмайтын – жақ, сүрінбейтін – тұяқ жоқ» деген... «Бір мұсылманды мақтай алмасаң, ең болмағанда, жамандама... Пайдалы бола алмасаң, ең болмаса, зияныңды тигізбе...Қуандыра алмасаң, ең болмағанда, ренжітпе...»
...Ә дегенде, бұл тартыс, қарбалас – замандас-құрдас достардың арасындағы әзіл-қалжыңдай көрінді маған. Бірақ, желді күнгі қамысқа тиген оттай лезде лапылдап шыға келді...
Алғашқы толқын – айтыс ақыны Жамбылға «Сталиннің түплиін жалатқан», ақиық ақын Мұқағалиды «маскүнем» деген сыңайда өлең жазған ақын Мұхтар Шахановқа қарсы өре түрегеліп, жонбаған жебесі, атпаған оғы қалмады...
Іле-шала ұлттық ұран-байрақты желбіретіп жүрген ақынның алдына «Қытай қорғанын» орнатқан ордалы топ пайда болды...
Не айтылмады дейсің: рушылдықтан бастап, ұлтшылдыққа дейінгі (кейде оның да кернеуінен асып...); пендешіліктен бастап, пайғамбарлыққа дейінгі майда-шүйде, өсек-аяң, жала-күйе түгелімен тізімге алынып, тізбекке салынды...
Ештеңе қалған жоқ... Тура боқтап, боққа тоқтау ғана қалған...
Сөйтсек, «Жазушылар Одағының мүшелігінен шығару» деген тағы бір мүмкіндік ұмыт қалыпты. Жылдам іске асыру керек. Топ жинап, тобыр құру қажет. Сөйтті де...
Жалпы, Жазушылар Одағының мүшелігіне кез келген қаламгерді белгілі деңгейдегі шығармашылық жетістігі үшін қабылдамай ма? Демек, қаламгердің шабыты тасығанда немесе ар-ұяты қамшылағанда, тіпті, пәни жалғаннан ертерек өтіп кеткен пенделердің (біліп-білмей істеген...) кемшіліктері оттай қызған қаламының ұшына (кездейсоқ немесе ой тасқынының дүмпуімен...) ілігіп кетсе, кінәлі бола ма? Сол үшін қаламгердің мойнына қамыт кигізіп, мүшеліктен шығарып тастау керек пе?..
БІРІНШІДЕН, Мұхтар Шахановтың Жамбыл мен Мұқағали және басқалар туралы жырлары ойдан шығарылған ба, әлде, өмірдің шындығы ма?
Әрине, шығармашылық адамы өмірдің қасаң шындығын ғана емес, ой-қиялынан да ақиқатқа татырлық туынды тудырса, оған қарсылық жоқ. Бірақ, бүгінгі жағдайда Мұхтар Шаханов – Жамбыл мен Мұқағали (және басқалар туралы) ойдан ештеңе құрамапты. Тіпті, әріптес ақындарына құрмет көрсетуді де ұмытпаған...
Яғни, әлгі «Мұхтар Шахановтың – Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарылуын...» талап етіп, әділет іздеп, шарқ ұрған топтың мақсаты – ащы шындыққа қарсы шығу ма? Ежелгі, кешегі, бүгінгі және ертеңгі шындықты тұншықтыру ма, айтқызбау ма?..
ЕКІНШІДЕН, Мұхтар Шаханов – Жамбыл мен Мұқағали (және басқалар туралы) ойларын БҮГІН, БІРІНШІ рет айтты ма?.. Біздіңше, Мұхтар Шаханов талай мәрте ақиқатты айтамын деп, от басып келеді. Керек десеңіз, қайбір жылы қазақтың бас ақыны Абайдан – азаматтық рухы үшін Махамбет батырды «артық көргенде...», әділсүйгіш әлеумет бір сілкініп, байыпты байыз тауып еді...
Күн озып, пенде өзгерген сайын тым кінәмшыл, тым қатыгез, кешірімсіз әрі кеще кейіпке тереңдеп барады. Мұқаңның өзі бір кезде:
«Көзімді алмай маздап жанған оттардан,
Саған сенем, саған сенім артамын.
Қорықпаймын түсінігі жоқтардан,
Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын...» – деп тебіренсе де, сірә, жақсылық пен ізгіліктен қарасын үзе алмай, әуре-ау... Қазір жүрегі жоқтардың заманы әлдеқашан туған жоқ па?!. Әйтпесе, қазақтың баласы мен даласы шыңғырған шындық айтқан жұмыр басты қашан алалап, күстаналап еді?..
ҮШІНШІДЕН, Мұхтар Шахановтың қара жер жүзін жасырып, баяғыда бақилық болған марқұмдарды (мейлі, қарапайым қойшы болсын...) сөз қылып, пендешілік кемшін-міндерін жаһанға жариялауы – дұрыс па?..
Біздің қазақ – марқұмның рухын қастерлеген халық. Өлгендер – қайтып келмейді де, ешбір уәжіңе жауап бермейді де. Оған мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, бақилық бейшараның денесі жойылса да, рухы өлмейтін көрінеді. Мұхтар Шаханов Махамбет батырды ажал алдында былайша сөйлетеді:
«Туған елім, құдыретімсің аңсаған.
Алдан жарқын күн шыққанша,
Кескініңді көрмейінші шаршаған.
Дулығаны қақ жарып гүл шыққанша,
Жер астынан қарап жатам мен саған!..»
Демек, алаштың алып ақыны Абайдың, жырау Жамбылдың, ақиық ақын Мұқағалидың рухтарының да «жер астынан қарап жатпағандығына» ешкім кепілдік бере алмайды. Демек, үнсіздің үстіне салмақ басып, топырақ шашу – әдепсіздік қана емес, ерекше ерсілік.
ТӨРТІНШІДЕН, егер менің құлағым шалыс естімесе, Мұхтар Шаханов «Шындықты айтқаным үшін кешірім сұраймын!» депті...
Бұл лақап рас болса, бұл – ұраншылдардың жеңісі емес, Мұхтар Шахановтың кезекті ерлігі. Мұхтар Шаханов – «Жазушылар Одағының мүшелігінен шығып қалармын» деп, әсте қорықпаса керек. Мұқағали ақынның өзі жаны ауырып, жүрегі сыздағанда, анайылау жолдар арнаған Одақ мүшелігінен шығу – дүниенің соңғы қасіреті болмас.
Бұл қылығымен, яки, қалың қазақтан кешірім сұрауымен – зор рухты азамат ақын – бүгінгі қазақ қоғамының (тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр астам уақыт өтсе де...) әлі де құлдық санадан құтыла алмай жатқандығын айқын дәлелдеді.
Қалай десеңіз, әралуын жириновскийлер мен телібековтер (басқа да толып жатқан ішкі-сыртқы дұшпандар...) қазақтың ар-ұятын табанға таптап жатқанда, аузын ашпаған туған қан, туыс бауырларымыз – Мұхтар Шахановтың аяғы сүрініп, шалыс басқанда, дереу біріге қалып, бірлесе қарсы шықты...
Күні кешегі қазақтың қыран ақыны Қасым Аманжоловты бағалай алмағанымызда жас жігіт Мұхтар Шаханов:
«Ең айбарлы ақынды жаны көктем,
Албырт, алау таңдарға әні кеткен.
Ең айбарлы ақынды,
Ең айдарлы ақынды,
Туған халқын жанып сүйген ақынды,
Туған елдің гүлі болған,
Заманының үні болған ақынды,
Мұқаттым деп, мақтануға бола ма?» – деп айқайлады!..
Шындығында, басқасын айтпайын: қабырғалы ұлтымызды – дүдәміл-дүбәра «қазақстандық ұлт» болудан һәм ата-бабамыздың асыл мұрасы қасиетті жерімізді – қытайдың қара соясының қаптауынан (т.с.с.) – жаралы жан, сырқат жүрегімен сақтап қалған арыстан-азаматты, «Заманының үні болған ақынды, Мұқаттым деп, мақтануға бола ма?..»
Жеңіс тұғыры тағы да жатқа бұйырды: дұшпан жеңді, дұшпандық жеңді. Қазақтың бірлігі мен бітімі жеңілді. Қазақтың рухы мен шындығы жеңілді...
БЕСІНШІДЕН, кім де болса, шындықтан биік емес! Кеше де, бүгін де, ертең де! Мұхтар Шахановтың шыңғырған шындығы – Абайды асқарынан аласартпайды, Жамбылдың жетістігін жетімсіретпейді, Мұқағалидың мұзарттарын құлдыратпайды... Кез келген құндылық – ақиқаттан су ішіп, шындықтан шөл қандырғанда ғана өміршең де өскелең!
...Кенен бабамыз «Мені құртқан – Көкшолақ» десе, қазақтың аяғындағы қосқабат тұсау – өтірікті қорғап-қолпаштау мен туған қандасқа қатыгездік!
...Ызғарлы тұстан шығып, қан сасыған балтасымен киелі топырағымызды таптаған хас дұшпан бойымызға сіңіріп, ойымызды улаған осы өтірік пен қатыгездіктен құтылсақ қана – құлдық сана, майлайлық мінезден біржола құтыламыз!
Сонда ғана ел таныған, жұрт шырқаған бір әуезді әннің сөзінде Мұхтар Шаханов жазбақшы:
«Ар алдында адал, ақпыз десек те,
Сан сұрақтар алар кейде жағадан.
Мүмкін, бізді таңар шулап өсекке,
Мүмкін, бізді түсінбейді көп адам...» – деп, мұң меңдеп, жүрек сыздамайды... Әзірше, абайша «Біріңді қазақ – бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос!» – дейміз де...
...Өліге өзеуреген пендешілік – тірінің қадірін қалай ұқсын?!.
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
Орал-Самара-Алматы.