Бұл жолдармен көлікпен емес, жаяу жүрудің өзі қауіпті дейді жергілікті тұрғындар. Аз ғана уақыттың ішінде әбдегн шұрық тесігі шыққан асфальтті төсеуге жергілікті билік кезінде миллион емес, миллиардтап қаражат жұмсаған екен.
Шұрық жолдардан дөңгелектері жарылып, көліктерін жиі жөндететінін жүргізушілер ашына айтады. Жанар-жағармай бағасының өскеніне де көндіккен азаматтар билік өкілдерінен ең құрығанда сапалы асфальттың салынуын сұрайды. Азаматтардың бұлай сөйлеуіне негіз жоқ емес. Өйткені екі жылға жетпей қаладағы онға жуық көше жолдарының сау тамтығы қалмаған. Мәселен, 2017 жылы он миллиард теңгеден астам ақша жұмсалған 98 учаскенің 28 500 м2 құрайтын жолы қайта жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде бес көше жолдары, бір айналма жолы мен жол өткелі де бар.
Ал жылда жолдардың сапасын қадағалаймыз деуден шаршамайтын атқамінерлер жолдардың 50 пайыздан астамы жарамсыз күйде екенін жасырмайды. Сондықтан жөндеуді биыл да өткізетін болды. Бірақ бұл жолғы жұмыстар мердігер компанияның әуелгі берген үш жылдық кепілдемесі аясында жүргізіледі дейді.
Жол төсеніштерінің сапасыздығын шенеуніктер битум, яғни шайыр мен асфальттың қоспасын дұрыс жасамағаннан болуы мүмкін деп болжайды. Дегенмен тозығы жеткен жолдарды арнайы мамандар әлі де зерттейтін болады.