Елбасы бұйрығының заңдық күші жоқ па?
2018 ж. 04 сәуір
5470
27
Қазақ тілін білмейтін шенеуніктер заң бойынша жауапқа тартылмайды
Биыл 26 ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек қазақ тілінде жүргізілуі керек» деп нақты тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі Бас прокуратураға ресми сауал жолдаған еді. Құзырлы органның әріптестерімізге берген жауабын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
«Прокуратура туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес, прокуратура мемлекеттік мекемелер мен өзге де ұйымдардың заң шеңберінде әрекет етуін қадағалайды. Оның ішінде тіл заңнамасы талаптарының орындалуына бақылау жасау да прокуратураның құзыретінде.
Бас прокуратураның бір ай бойы жазған хатында көңіл көншітерлік ештеңе жоқ екен.
«Қамшы» порталына жолдаған хатында Бас прокуратураның баспасөз қызметі: «ҚР Конституциясы бойынша мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», - деген сөзге ерекше екпін беріпті.
Осы тақылеттес көпірген көп сөздің арасынан іздегенімізді әрең тауып алдық. Бір жарым беттік ресми хаттың орта тұсында: «Мемлекеттік тілді білмеу үшін ҚР Заңнамасында ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған», - деп елеусіздеу ғана жазылыпты. Заңды бір кісідей білсек те, мына жауаптан кейін біртүрлі күйге түстік.
Бұл нені білдіреді? Бұл Елбасы бұйрығының ешқандай да заңдық күші жоқ, небәрі хаттамалық тапсырма ғана екенін білдіреді.
Ақиқатына жүгінсек, осы уақытқа дейін мемлекеттік билік бір бөлек те, мемлекеттік тіл бір бөлек, әрқайсысы өзінше тірлік кешіп келді. Қазір де жағдай түзеліп кеткені шамалы. Тек президенттің пәрменінен кейін сең қозғалғандай көрінген.
«Ендеше мұнша байбалам салатындай не болды?», - дейтін шығарсыз. Оның мәнісі бар. Ойлап қараңыз, президенттің тапсырма бергеніне бір айдан енді асты, яғни ыстық-суығы басыла қоймады. Шенділер сөз таба алмай қиналса да, тілдері келмей тұтықса да, әйтеуір қал-қадерінше қазақша сөйлеп жүр (бірен-саран орысша сөйлейтіндер бар, оларды келесі мақаламызда жіпке тізіп береміз). Алайда бірер айдан соң бұл бастаманың да ұмытылуы (нақтырақ айтсақ, ұмыттырып жіберуі) әбден мүмкін. Сол кезде Үкімет пен Парламенттің қайтадан орысша сайрай жөнелмесіне кім кепіл?
Қазірдің өзінде Үкімет пен Парламент отырысында болмаса, өзге жиындарда орысша шүлдірлейтін басшыларды көріп жүрміз.
Сонымен, Бас прокуратураның жауабынан ұққанымыз – қазақша сөйлемейтін шенеуніктерге ешкім шара қолданбайды. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білмегені үшін қызметінен қуылмайды, жылы орнынан айырылмайды.
Ал Үкімет пен Парламенттің бір күнде тіл сындырғаны уақытша, науқандық құбылыс болуы ықтимал. Жалпы біздегі жақсы үрдістердің ғұмыры қысқа келеді. Сондықтан президент тапсырмасын заң жүзінде шегелеп қоюымыз керек. Әйтпесе қазақ тілін шетке қағып, орыс тілін оздырғысы келетіндер әлі көп.