"Ақ жол" партиясының депутаттары өңірлердегі ойын-сауық орталықтарының өрт қауіпсіздігін тексерді (ФОТО)
2018 ж. 03 сәуір
2878
2
Өрт қауіпсіздігінің жай-күйін зерделеу мақсатында «Ақ жол» партиясының депутаттары өңірлердегі Ойын-сауық орталықтарына барды. Депутаттардың сайлаушылармен көшпелі кездесу шеңберінде Сауда орталықтарын аралап, тексеріс жүргізу туралы шешім Кемероводағы сауда орталығында орын алған өрттен кейін «Ақ жол»фракциясы тарапынан қабылданды.
28 наурызда Мәжіліс отырысында «ақжолдықтардың» аймақтарға жұмыс сапарымен шығар алдында тағы бір мәрте тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге (соның ішінде өрт қауіпсіздігі) қойылатын қауіпсіздік талаптарын күшейту мәселесі көтерілген еді. Азат Перуашев ахуалды қорытындылай келе бұл қайғылы оқиғадан сабақ алуға шақырып, Үкімет пен Алматы қаласы әкімінің жуырда барлық сауда орталықтары мен балалар мекемелерінің өрт қауіпсіздігін жоспардан тыс тексеру туралы берген тапсырмасына тәнті. Бұл халық арасындағы қобалжуларды біршама азайтатыны анық.
«Ақ жол» фракциясы бұл мәселені әлдеқайда ауқымды деп есептейді: көптеген биік үйлер мен әкімшілік ғимараттардың жоғарғы қабатынан өрт сөндіру баспалдақтарымен түсе алмайсыз. Өйткені олардың бәріне құлып салынған немесе жолда түрлі заттар үйіліп қалған. Өрт дабылдарының, автоматты өрт сөндіру жүйелерінің, түтін шығарудың, өрт сөндіру аймақтарының, қорғаныс және құтқару құралдарының жұмыс істеу қабілеті әдетте тұтастай алғанда ережеден гөрі ерекше жағдай.
Сондықтан да қазір кейбір ісіне адал кәсіпкерлер ғимараттарындағы өрт қауіпсіздігі жүйесін өз еріктерімен тексеріп, нысандарды қолданыстағы тиімсіз заң нормаларында көрсетілгеннен де жиі тексеріп тұрамыз деп мәлімдегенін еске саламыз.
Осыған байланысты Азат Перуашев пен Берік Дусембинов Шымкенттегі 35 000 шаршы метр аудандағы «Rahima Plaza» сауда орталығында болды. Депутаттар кешен басшылығымен сұхбаттасып, сауда залдарын, кинотеатрды тексерді. Сауда орталығының өкілдері депутаттарды өрт қауіпсіздігі жайымен таныстырып, бар мәселелермен бөлісті.
«Біздің фракция мәселенің мәнісін білмей, әлеуметтік желілерде сауда орталықтарын ғана кінәлап, оларға бойкот жариялауға шақырған үндеулерге қарсы»- деді өз сөзінде Перуашев. Бүгінгі күні тек бұлар ғана емес 110 мыңнан астам ғимарат өрт қауіпсіздігі талабына толық жауап бере алмайтынын айтып, «Алматы Тауэрс» батуттан секіру орталығында шыққан өрттен 6 студент жігіттердің ажал құшқанын да атап өтті.
«Маңыздысы, өрт қауіпсіздігін сақтау органдарының тексерістерінің мақсаты – тығырыққа тіреп, қорқыту емес, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болуы қажет. Және де бұл жұмыстар арада бір ай өткен соң келесі бір қайғылы оқиғаға дейін ұмытылып кететін науқандық шараға айналмауы тиіс», - деп осыған баса назар аударды депутат Перуашев.
Сондай-ақ, депутат Кеңес Әбсатиров Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» сауда орталығына барса, ал Меруерт Қазбекова Көкшетау қаласындағы «Керуен» сауда орталығын, «Ого-го» балалар орталығын және Щучинскідегі «Гранд» пен «Ақ желкен» ғимараттарын аралап тексеріс жүргізді.
«Ақжолдықтар» азаматтардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық танытып, қамқорлық көрсетуді заңға және күнделікті тәжірибе санатына енгізу қажет деп есептейді.