"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жеке меншікке сатылған соң не болады?
2018 ж. 26 наурыз
10512
12
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекешелендіру шараларын түсіндірді. Министр аталған шарадан кейінгі өзгерістер мен инвесторға қойылатын негізгі талаптарды да жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағытын іске асырып келеді. Аталған міндет қала береді. Салымшыларға мемлекеттің 20 проценттік сыйақысы да төленеді. Барлық шарттар қалады. Бір ғана өзгеріс болады. Банктің қазіргі иесі - «Бәйтерек» xолдингінің орнына басқа инвестор келеді. Алайда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің негізгі рөлі өзгермейді», - деді Т.Сүлейменов бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында. Министрдің айтуынша, банкті жекешелендіруден біраз пайда түседі. Ол ақшаның бәрі Ұлттық қорға салынады. Ал жаңа инвестордың келуімен корпоративті басқару жүйесі жақсарып, жұмыстың тиімділігі артады деген сенім бар. «Біріншіден, барлық шарттар сақталады. Екіншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасына қатыса береді. Бәлкім, «7-20-25»-ке де (ипотекалық бағдарлама -авт.) қатысады. Соның бәрі тиісті құжаттарда көрсетіледі. Инвестор келіспесе, банк сатылмайды. Үшіншіден, мемлекеттің сыйақысы сақталады. Міне, осы шарттар инвестордың алдына қойылады. Оған келіссе, банк сатылады. Келіспесе, басқасын іздейміз», - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингі басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тажияқовтың айтуынша, жекешелендіру кезінде банктің 49 проценті инвесторға сатылады. Ал акцияның 51 проценті мемлекеттің иелігінде қалады. «Бүгінде инвестор әлі анықталмаған. Жоспар бойынша жылдың ортасында біз нақты инвесторды таңдап аламыз. Нақты ұсыныстарды алып, бәрін жан-жақты пысықтайтын боламыз», - деді Ғ.Тажияқов.