Тоқболат Еңсегенұлы: Қазақтың көне мәдениеті, діні, философиясы әлі күнге дейін жоқ

ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ ӨТКЕНІҢДІ ТҮГЕНДЕ

«Жолың болсын» деген қазақта сөз бар. Күннің, айдың, жұлдыздың, менің, сенің бәріміздің өз жолымыз бар. Жолдың бәрі тәңірге бағынады. Жаратылыстың барлығы өз жолдарымен жүр. Тек адамдар ғана ауытқып, жолдан шығып кетіп жатады – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор ТОҚБОЛАТ ЕҢСЕГЕНҰЛЫ.

- Аға, адам өмірінің бастауы болатын балалық, жастық шағыңыз жайында айтып өтсеңіз?

- «Аспан Еркі бойынша білімді болып туатын адамдар бар және осындай адамдар бәрінен жоғары тұрады. Бірақ оқу арқылы білімге жететіндер де бар және олар біріншілерден кейін тұрады. Ілімге кіріскен адамдар, қиын жағдайда бола тұра, үшінші орында тұрады, ал қиын жағдайда тұрып, оқымаған адамдар бәрінен төмен тұрады. Көріп отырғандай, Аспанға бағынуға және сол мезгілде білім алуда батымды болуға болады» - деп Конфуций адамдарды 4-ке бөледі. Мен осының 3-не келемін.

Қазалы ауданы Өркендеу ауылында туып,өстім. Ол тарихи жер. Сыр бойын 400 жыл билеген оғыздардың астанасы болған Шанкенттің орны. Бала болып еркелеп, бұзықтық жасауға замандастарымның уақыт да болған жоқ. Соның бірі мен. Бала күнімнен қиындықтармен арпалысып келемін. Мен дүниеге келген жылы соғыс басталды. Соғыстан кейін аштық жылдарын халықпен бірге бастан өткердік. Мектепке бару үшін 15 шақырым жерге жаяу қатынайтынбыз. Әлі есімде, қыста киетін етігім жоқ. Аяғыма әкем сиырдың терісінен шарық тігіп берген, ол суды өзіне сіңіріп алады. Қақаған қыста мектептен келемін дегенше аяғым сылқылдаған су болатын. Небір күндер өтті ғой. Одан 10 жылдықты бітірген соң үкімет 2 жыл жұмыс істеуді міндеттеп қойды. Әскердегі борышымды өтеп келген жылы дария тартылып, қуаңшылық басталды. Оқуға әскерден келе сала кете алмадым. Біраз ауылда жұмыс істеп, әрі жолға қаражат жинап, бағымды сынауға Алматыға аттандым. Ол кезде жоғары оқу орнына түсу өте қиын еді. Шамам келгенше дайындалып, 2 дәптер тола шығарған өлеңдерімді ала бардым. Еңбегім еш кетпеді. Казақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына қабылдандым. Ол кездері журналистер мен әдебиетшілердің өтетін пәндері де, оқытатын ұстаздары да бір болатын еді. Қазір аттары аңызға айналған ғұлама ұстаздардан білім алдық.

- Журналистік қызметті алғаш қай газеттен бастадыңыз?

- Соңғы курста оқып жүргенімде Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне тәжірибеден өтуге барғанмын. Отыратын орындығым да жоқ, тапсырма берсе орындаймын да сыртта жүремін. Сондай бір күні «редактор шақыртып жатыр» деді. Қорқа-қорқа кабинетіне кірсем «летучка» болып жатыр екен. Мұрнынан

сөйлейтін кісі еді: - Мына практикант бала, осындағы сендерден мықты болып шықты. Жазған очеркін сендер жаза алмайсыңдар. Біз бұған ең болмағанда орындық та бермекпіз – деп басшы мақтай жөнелді. Содан көзім ашылды. Орындыққа отыратын болдым. Диплом алды тәжірибені аяқтап, мінездемеге қол қойдырайын деп редакторға барсам: - Дипломыңды алған соң бізге келесің – деді. Мен қуанып тұрсам да, ол кезде сене қоймадым. Бітіруші студенттің өмір жалғасып жатты, редактордың сөзі де ұмыт болған. Мемлекеттік емтихан басталған уақыт. Факультетіміздің деканы Т.Амандосов дәлізден сүйіншілеп айғайлап келе жатыр «Сүйінші! Оқу орнымыздың тарихындағы ең бірінші оқиға. Облыстық газеттің редакторы біздің студентті жұмысқа шақырыпты» деп емтиханның үстінде жеделхатты оқып берді. Редактор Ұзақ Бағаев айтқанындай мені жұмысқа жіберуін сұрап жеделхат жолдапты. КазМУ-ді бітіргеннен кейін Орталық Комитеттің жолдамасымен Қызылорда облыстық газетіне жұмысқа келдім. Онда 17 жыл журналистік қызмет атқардым.

- Ұстаздыққа қалай келдіңіз?

- Университеттегі дипломдық жетекшім Т.Қожекеев болған еді. Ол кісі өте қатал, талапшыл жан болатын. Оқуды бітіріп, газетте жұмыс істеп жүргенімде жетекшім хабарласты. Шәңкілдеп сөйлейтін: - Жоғалып кеттің ғой, хабарласу дегенді білмейсіңдер. Сенің дипломдық жұмысың 70 пайызы дайын кандидаттық жұмыс еді. Енді шамалы қоссаң болды ғой. Жүре бермей, ғылыммен айналыспайсың ба? – деген сөзінен кейін, ойлана бастадым. Оның үстіне көп ұзамай Алматыға партиялық мектепке жіберді. Содан тақырыбымды бекітіп келіп, 1983 кандидаттық диссертацияны қорғадым. Ол кезде журналистер 450, ал оқытушылардың жалақысы 130 сом болатын. Газетте жұмыс істеп жүре бердім. 1991 жылы егемендік алып, аласапыран басталды. Мерзімді басылымдардың біразы жабылды. Қалған газет-журналдардағы штаттар қысқарып жатты. Жігіттер қатты састы. Мен бөлім меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Орнымды осылардың біріне берейін де ғылыммен айналысайын деп, Қызылорда педагогикалық институтына доценттік қызметке тұрдым. Жоғары оқу орнында ғылыммен айналыса бастадым. Қорқытты зерттеп жүрген кезім, ректор Бақберген Досманбетов: - Оқу орнымызды Қорқыт деп атасақ қалай болады деп менімен ақылдасты. Солай «Қорқыт ата» атындағы мемлекеттік университеті аталған еді. Кейіннен Бақберген жеке «Болашақ» университетін ашып, мені жұмысқа шақырды. Онда кафедра меңгерушісі қызметін атқардым. Жұмыстың көптігінен бас бұруға шама болмады. Жұмыс ауыр, жазғандарым қалып барады. Не істесем екен деп жүргенмінде, 2012 жылы қыркүйек айында І.Тәшімов теледидардан ғалымдарды Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи университетіне қызметке шақырып сөйлегенін көрсетті. Сол жылы қазан айында түркологияға да жақын, әрі атақты, қасиетті жер деп осында жұмысқа ауысып келдім. Осы жерге келгелі 4 көркем шығарма жазып, 8 көптомдығым жарық көрді.

- Ғалымдардың қолы бара бермейтін көне түркі тарихын халықаралық деңгейде зерттедіңіз. Бұл тақырыпқа баруыңызға не түрткі болды, несімен қызықтырды?

- Егемендік алғанан кейін шетел саясаткерлері «қазақ» деген ел болмаған» деп шулады. Осыған сәйкес 1998 жылы Н.Назарбаевтың мақаласы басылымдарда жарық көрді. Онда «Бізді ел болмаған, мемлекет болмаған деп жатыр. Біздің тарихымыз болған. Сақ, ғұн, қаңлы, үйсін біздің арғы аталарымыз емес пе, неге зерттемейсіңдер?» - деп ғалымдарға ренжіңкіреп айтқан еді. Содан ойланып қалдым. Көне мәдениеті, көне жазуы, көне діні жоқ елді «варвар» дейді. Гегель айтқандай, варвар жалқау келеді және мәдениетті адамнан өзгешелігі алдына жайбарақат және топастықпен қарауында, өйткені мәдениет іс жүзінде әрекет етуге әдеттік пен мұқтаждық арқылы анықталады. Қазақтың көне мәдениеті, діні, философиясы әлі күнге дейін жоқ. Мысалы, қытайлар Конфуцийдің философиясымен өмр сүріп жатыр, көкке табынады. Қытай діні мен философиясында дәстүрлі түрде конфуцийлік, даосизм, буддизм қатар жүреді. Ана дін мына дінді жасаған негізі дейді. Су,от, жылу, жарық, жақсылықтың барлығы көктен келеді деп көкке табынады. Олжас Сүлейменов Азияны жазғанда «Ресми ғылым бізді қытайдың, арабтың, иранның емшеген емген дейді. Бұдан артық қорлау барма? Емшекті кім емеді? Қазақты кешегісі жоқ балаға теңеп отыр ғой. Ал шындығында біздің мәдениетімізді арабтар, ирандар алды» - деп ашына айтқан еді. Олжас өте орынды айтып отыр. Көне мәдениетті жасап, халықаралық деңгейде таныту керек. Оны мемлекеттік тұрғыда қолға алу керек. Өкінішке орай қазіргі зерттеулер Тоныкөк пен Күлтегіннен ұзамады.

Сібірдің Енисей, Тұрфан, Алтай, Талас, Орхон аймақтарында жерден биіктігі 2, ені 1,5, қалыңдығы 1метрден тастар сақталған. Бұл көне түркі руна жазбалары. Сібірде әскерде болған кезімде осы тастарды музейге өзіміз тасығанбыз. Тастардың жанында суретке түскен де едім, жоғалып кетіпті. Осылардың барлығын бағамдай келе ойымды профессор Әуелбек Қоңыратбаевқа айтып едім, көне дәуірді зерттеуіме кеңес берді. Содан Енисей, Талас, Алтай, Тұрфан, Орхон, шығармаларын тұтастай, ғылыми жүйеге түсіріп, халықаралық деңгейде зерттеп, «Көне түркі жазбаларының көркемдік жүйесі» деген тақырыпта докторлықты қорғадым. Бір жылдан соң профессорлықты алдым. «Көне түркі руна жазба поэзиясы» 5 том етіп баспадан шығардым. Осы еңбегімде қазақ елін сақ, ғұн, қаңлы, үйсін тайпалары құрағанын, біздің көне дініміз тәңірлік, заман өзгеруіне байланысты ислам дінін қабылдағандығымызды дәйекті деректермен дәлелдеп келтірдім. Көне дәуірде қазақтар көкке табынған. Көкте жаратушы тәңір бар деп есептеген.

Қазіргі таңда «Авестаны» қайта қарастырудамын. Энциклопедияда Авестаны Ирандікі деп көрсеткен. Олар оны бізден алған. Біздің дәуірімізге дейін 8 -7 ғасырларда сақтар Алдыңғы Азияны жаулап алып, 28 жыл билеген. Содан дінін, дәстүрін, мәдениетін тастап, көшкен. Алдыңғы Азия деп отырғанымыз Медиа, қазіргі Иран. Иранның кереметтілігі мәдениеті, діні, әдебиеті, дәстүрінің көбісін көрші елдердің көне мәдениетінен алып, пайдаланып отыр. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін, бізге де көне түркі шығармаларын алуға мүмкіндік туып еді. Мүмкіндікті жіберіп алдық. Өзбектер «Алпамыс батырды» иемденіп кетті. Оларда онсыз да атақты ақын, ғалымдары жеткілікті. Обсерватория жасап жүрген өзбек ағайындарға не дейсің. Қырғыздың Манасы бар. Қорқытты Азербайжан алып қойды. Менің мақсатым осы шығармалар арқылы қазаққа көне дәуірге кіретін саңлау табу. Көне дәуіріміздің бар екен дәлелдеу. Табиғат бәрін теңестіріп жаратқан. Жақсылық пен жамандық тең. Күннің, айдың, жұлдыздың, менің, сенің бәріміздің өз жолымыз бар. Жолдың бәрі тәңірге бағынады. Күн де, ай да ауытқымай өз жолдарымен жүреді, адамдар ғана ауытқып жолдан шығып кетіп жатады. «Жолың болсын» деген қазақта тамаша сөз бар. Мен неге тырбанып жүрмін, өйткені бұл менің жолым.

- Енді жұмысыңызды жалғастыратын шәкірт дайындап жатырсыз ба?

- Жасыратыны жоқ ауыр, көп ізденісті талап ететін көне дәуірге ғалымдар бара қоймайды. Талыпынып тұрған шәкірттерді де көре алмадым. Қазіргі таңда магистранттарға сабақ беріп жүрмін. Докторанттарға келсек онда әдебиетшілер жоқ десем де болады. Қазір докторантурада оқып жүргендер ағылшын тілінің мамандары. Оларға қазақ әдебиетінің керегі де жоқ, өйткені саласы бөлек. Осы жерде айта кететін мәселе, докторантураға не магистратураға түсу үшін алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсырады. Одан әрине ағылшын мамандары өтіп кетеді де, өз мамандығының білгірлері қалып қоюда. Осы жүйені өзгертсе. Бірінші емтихан мамандық бойынша алынып, ағылшын тілін содан кейін тапсырса дұрыс болар еді.

- Сіздің жеткен жетістіктеріңізге үйдегі апамыздың қосқан үлесі қаншалықты?

-Отбасыңда береке болмаса, ештеңке де болмайды. Мақсатыңа жете алмайсың. Әйелің ұрыс шығарып отырса не істей аласың? Үйіңде береке болса сыртқа шығасың, жазасың, жұмысың жүреді. Бәйбішем екеуміз ыстық-суыққа бірге көніп, 5 баланы тәрбиелеп өсірдік. Мен әйелдерге 8-науырызда тойлама, өзіңе есеп бер, ойлан дер едім. Өйткені отбасының кілті - әйелде.

Журналист, әдебиеттанушы, түркітанушы Т.Еңсегенұлы шығарған 30-дан астам кітабы - 5 көркем шығарма, 15 монография, 1 оқулық, 10 оқу-әдістемелік құралдан тұрады. Бұған қоса 250-ден астам ғылыми, 70-ке жуық көркем, сын мақала және 30 дан астам әңгіме жариялаған және 130 очерк, өлеңдер топтамасы жарық көрді. Негізгілерін атасақ, көркем шығармалары: «Тұтқын», «Момын» романдары, «Бақ құсы» - повесть, әңгімелер, новеллалар. «Шайтан бөрі»–сатиралық поэмалар мен сықақ өлеңдер. «Сағыныш – сұлу тырналар»–повесть, әңгімелер. Монографиялары: «Әдебиетіміздің бастауы – «Авестада», «Атамұра», «Қорқыт ата әлемі», «Сыр бойы ақын-жыраулары», «Қазақ әдебиеті тарихының арғы арналары», «Көне түркі руна жазба өлеңдері», «Авеста» – түркілерге ортақ мұра», «Күлтегін жазба ескерткіші – авторы бар эпопеялық шығарма» «Көне түркі руна жазба поэзиясы». Міне осындай еңбектерін ел игілігіне ұсынған ғалым, жазушы жақында Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданды. Құттықтаймыз!

Эльмира Артықбаева,

qazaquni.kz