Сәләфит жігіттің өкініші: "Дарын Мубаров сияқты жалған ұстаздарды тыңдамауға шақырамын"
2018 ж. 21 ақпан
8828
36
Жат идеологияның жетегінде кеткен жігіттің өкініші туралы газет тілшісіне «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы, дінтану магистрі Серікжан Еншібайұлы айтып берген екен. Ол жазасын өтеп отырған 1992 жылы туған атыраулық жас жігіттің тағдырымен жақсы таныс екенін, қазір дәстүрлі мәзһабқа оралғанын айтыпты. Бұл туралы "Атырау" газеті хабарлады.
Өзгеше ойлайтын жігіт діни сауатын бастапқыда мешіттен ашқан екен. Кейін әлеуметтік желілер арқылы түрлі діни топтарға қосылып, уағыздарды тыңдай бастайды. Осылайша, ол әйелін, баласын алып, Ресей арқылы Сирия шекарасына өту туралы шешім қабылдайды.
«Кейіпкеріміз кезінде Атырау қаласына қарасты Геолог елді мекеніндегі өзгеше ойлайтын топтың ішіндегі лидерлердің қатарында болған. Түрлі уағыздарға әбден уланған олар уақыт өте келе мешітке келуді де доғарады. Себебі, олар мешіт имамдары бидғатшы, яғни, дінге жаңалық енгізушілер деген пікірде болған. Осылайша, үйді-үйге жиналып, өзара диалог құру кезінде бұл жігіт бірнеше адамды Сирияға кетуге үгіттеген. Базардың төңірегінде жүріп, біраз ақша жинаған жігіт Сирияға аттанып бара жатқан жерінен ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол дер кезінде теологтарды тыңдамағанына өкінеді.
«Бар арманымыз Сирияға аттану болды. Ол кезде баланы да, әке-шешені де, отбасымызды да ойлаған жоқпыз. Сондықтан, Саид Бурятский, Дарын Мубаров сияқты жалған ұстаздарды тыңдамауға шақырамын» дейді жігіттің өзі».
Әңгіме барысында теолог салафи ағымына да талдау жасапты. Оның айтуныша, бұл ағымға ергендердің өзі төрт санатқа бөлінеді: радикалдар «джиһад», «такфир» ағымын берік ұстанады. Олардың ойынша, мемлекет - ширк. «Байсалды салафилер» мемлекетті мойындайды, имамға қарсы келмейді.
«Атырауда қазір осындай радикалды бағыттағы үш-төрт топ бар. Оның әрқайсысына шамамен жиырма адамнан мүше. Сонда біз оларды шартты түрде жүз адам деп алып қарастыратын болсақ, оңалту процесінде негізгі күшті олардың лидерлеріне арнағанымыз тиімді» дейді ол.