Дулат Исабеков: Ойымнан шықпайтын екі қызға обал жасадым деп ойлаймын...
2018 ж. 19 ақпан
18138
14
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің қадірлі ақсақалы. 1980 жылдары жазған прозалық шығармалары әлі де қолдан-қолға түспей оқылады. Прозадан драматургияға ойысқанына да біраз жылдың жүзі болды. Пьесасы Лондон сахнасында қойылып, былтыр бір желпіндік. Qamshy.kzтілшісі қаламгермен әңгімелесіп қайтты. Бұл сұхбатта жазушы постмодернизм өкілдерін сойып салды. Өзінің махаббат хикаясын да жасырмай айтып берді.
–Тәуелсіздік кезеңінде жазылған шығармаларыңыздың басым көпшілгі драматургия жанрында. Прозадан алшақтап кеттіңіз бе?
– Соңғы кезде пьесаға көп мойын бұрғаным рас. Өйткені прозадан гөрі драматургия маған тиімді болды. Біріншіден, көрерменмен тікелей байланыс. Роман, повесть жазсаң, оны кімнің қалай қабылдағанын білмейсің. Ол кейде оқылмай да қалады. Екіншіден, кітаптың таралым саны да қысқарып кетті. Бір кітап 1000-2000 данамен шығады. Ол, тіпті, ешкімнің қолына жетпейді. Ал пьеса жазу әлдеқайда тиімді және көрерменмен де бірден кездесесің. Зал және көрермен. Қойылым аяқталған кезде көрерменнің пікірі қол соққандарынан-ақ көрініп тұрады. Ұнамаған жерінде үнсіз қалғанын, іші пысқанда жан-жағындағылармен әңгімеге кіріскенін, қойылымға деген көрерменнің ықыласын көресің. Көрермен – сыншы. Басқа сыншылар секілді көп сөзбен кемшін тұстарын айтып жатпайды, өздерінің реакциясы арқылы жеткізеді. Шығарманың қалай шыққанын екі сағатта біліп аласың. Қазір көрермен оқығаннан гөрі көргенді жөн санайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін бір-екі әңгіме жазғаным болмаса, прозаға қайта келе алмай жатырмын. Бірақ прозаға оралу – ішкі арманымның бірі.
- Ал шығармаларыңыздағы кейіпкерлердің прототиптері кім?
- Кейіпкерлер өмірден алынады, ойдан да шығады. Бір оқиғаны бастан-аяқ көрмесең де, әр жерде шашылып жатқан нәрселердің басын қосасың. «Қарғын» романының басты кейіпкері Жасынның прототипі – Асқар Сүлейменов. Роман жазылғаннан бергі 38 жылда осыны айтып келемін. Жасын – жиынтық образ, бірақ мен о баста Асқар Сүлейменовтің өзіне де айтқанмын «Сіз туралы документальный роман» жазып жатырмын» деп.
Жақсы көретін жандардың қосылмағаны жақсы...
– Ал он сегіздегі өрімдей жас Бағила ше? Асқар Сүлейменовтің өмірінде болған ба?
– Жоқ, болған жоқ. Шет жағасы ғана көрінді. Дәл романдағыдай болған жоқ. Қазақта ондай қыз болу қайда?! Бағила – әр қазақтың қызы сондай болса екен деген арманымнан туған образ.
– «Қарғын» романын әркім әртүрлі қабылдайды. Ал автордың шешіміне көңіліңіз тола ма?
– Автордың шешімі айтылды. Романды жерге түсірмей аяқтадым. Жерге түсірсем, үйреншікті тіршілік басталып кететін еді. Екеуі үйленді делік. Не өзгереді? Махаббат үшін үйлену басты мақсат емес. Бір-бірін жақсы көретін адамдардың, тіпті, қосылмағаны жақсы.
– Неге?
– Романда менің идеям солай болды. «Адам өмірден бір адамды жақсы көріп өту керек» деген ұстанымды ұстандым. Махаббатты некенің куәлігіне айналдыру – кейіпкер үшін қорлық болды. Саясат деген бір басқа, цензура деген де бөлек. Ал адамның ішіндегі тұсауды жеңу қиын. Өзі бір жанды сүйеді, бірақ өзінің үйінде әйелі мен екі баласы отыр. Жақындарына, тіпті, тағдырға қарсы шығу – оңай, ал романда ондай қадамға бармау – адамгершілік. Өзі көңілі қалаған адамымен бірге болмауының астарында адамгершілік деген қасиет жатыр. Өз отбасын неге тастап кетуі керек? Сонда адамның сезімі үлкен құрбандықты талап ете ме? Ал екі кейіпкер қосыла қойса, еш қызығы болмайтын еді. Кейіпкердің образы да дұрыс ашылмайтын еді. Жасын – өмірге ашулы адам. Болмысы ба, бітімі де тым бөлек. Ол адамгершіліктен аттамады.
Ойымнан шықпайтын екі қыз бар...
– Ал өзіңізде некемен өлшенбейтін махаббат болды ма?
– Болды ғой, неге болмасын?! Мен әдебиетке ерте араластым. Университетте оқып жүргенде кітабы шыққан жігітті кім жақсы көрмейді? Ақшам да бар. Мен киноға да ерте араластым. Сол кезде талай оқиғалар болды.
– Жиі ғашық болдыңыз ғой демек?
– Ғашық болуын болдым. Ішінде ерекшелері де болды.
– Сол ерекше қыздар есіңізде ме?
– Ойымнан әлі де болса шықпайтын екі қыз бар. Обал жасадым деп ойлап жүремін. Әйеліме үйленетін кезде кенеттен еш ескертпестен өзгеге ауып кете салдым ол қыздан. Бұйрық деген сол шығар... Мен бесінші, ол төртінші курста. Ол қыз Француз кафедрасында оқушы еді. Қатты жылағаны әлі көз алдымда. Үйде суреті бар. Аман болса, бір жолығып, аяғына жығылып, кешірім сұрасам деймін. Сенің обалыңа қалдым, менен қателік кетті деп айтқым келді. Екіншісі Алматыда. Кино саласында жүр қазір. Ара-тұра кездесіп қаламыз.
Дуана мен қайыршыға сыра әпергем...
– Қабір қазушы туралы жазылған «Сүйекші» повесіңіздің жазылу тарихын айтып берсеңіз. Повесті жазу үшін мола қазушымен арақ ішкеніңіз рас па?
– Мола қазушымен арақ ішу – күнә. Қабіршінің жай-күйін көрдім. Жердің миы шығып кеткен батпақты күнде бір кісі қайтыс болып, зират басына бардық. Сол кезде жанталасып мола қазып жатқан ұлты татар немесе ноғай ер адамды көрдім. Күректің сабына дейін батпақ еді. Сол кезде сол мола қазушыға ұзақ қарап тұрдым. «Кім? Қандай адам? Бұл да анадан туды ғой. Бұл анасын еміп жатқанда шешесі қалай жұбатты екен? Үлкен үміт артты-ау осы балаға. «Ақын боласың ба, әкім боласың ба? Менің балам сондай болады» деп армандаған шығар, қиялдаған шығар. Бірақ мола қазып күн көреді деп армандаған жоқ қой. Адамның өмірі қандай? Бұл да үйіне жұмыстан келдім деп барады ғой. Алдынан кімдер шығады? Отбасы бар ма екен? Әйелі мен бала-шағасы ше? Үйіне барғанда не сөйлеседі екен? Әйелімен қай тақырыпта әңгіме айтады? Неге күледі? Неге қайғырады?» деген ойлар болды. Ешкім алдына шығып кете алмайтын тіршілік деген қиын. Ертең де, бірсігүні де келетін жұмысы осы. «Осыған қанағаттана ма екен? Баласын қандай рухта тәрбиелейді екен? Үйіне барғанда «әке» деп алдынан шыға ма екен балалары?». Осы қиял ары қарай жетелеп кете берді де, сол моланың басында тұрып-ақ ой туды. Жазу керек екен дедім. Ол тек өмір бойы мола қазбайды. Сол мола қазуға жету үшін де өмірден көп теперіш көрген болуы керек. Мүмкін дуана болды, қайыршы болды. Сол шығарманы жазу барысында дуана мен қайыршыларды жинап, сыра әпергенім бар. Сыра әпердім де, әңгімелерін тыңдадым. Әркімнің тағдыры әртүрлі. Осының бәрін жазып болған соң Асқар Сүлейменовке оқыттым. Ол «Сүйекші» деп қой», – деді.
– «Әпке» пьесасының желісімен сериал түсірілгені бәрімізге мәлім. Сериал көңіліңізден шықта ма?
– Жоқ, шыққан жоқ. Екі сағаттық оқиғаны 18 бөлімге шашып жібергенде, бір оқиғаға келесі бөлімге дейін суып қалады. Ал театрда ол екі сағат сомдалды. Екі сағат ішінде бірде жылайсың, бірде күлесің. Негізі бір жанр екінші жанрға ауысқан кезде көп нәрсені жоғалтады. Оны «ГауҺартастан» білдім.
«Гауһартасты» естігенде көзімнен жас сорғалады...
– Ал «ГауҺартас» образының астарында не жатыр?
– Сұлулық туралы ән жазғысы келген композитордың шығармасы бұл. Университет бітірген соң мені әскерге алып кетті. Өзім үйленгенмін. Ол кезде ҚазМУ-да әскери кафедра болған жоқ. Мәскеудің түбінде Кубинка деген жер бар. Кеңес одағындағы ең үлкен әскери бөлім сол жерде болды. Батальонда күзетте тұрған кезде темекі тартуға, газет оқуға болмайды. Қалың орман ішінде екі сағат постта тұрамыз. Өзіміздің не күзетіп тұрғанымызды өзіміз білмейміз. Ауылдық жер болған соң жергілікті жердің адамдарын көріп қаламыз. Бір күні «Маяк» радиосында Бибігүл Төлегенова «Гауһартасты» айтып жатты. Сол сәтте көзімнен жас сорғалап кетті. Өзім орманның арасында тұрмын, үйге деген сағынышым тағы бар. Бибігүл және жанды дауыс. «Қай орыс екен Бибігүлді тыңдап бара жатқан?» – деп ойладым. Алматыда қанша тыңдағаныммен, сол жерде тыңдағаным ерекше. Не деген сұлулық! Не деген мәдениет! Сөзі мен әні қандай қабысып тұр! Осы жайында мен неге ештеңе жазбаймын деп ойладым. Әңгіме, мақала болсын жазу керек дедім. Әсемдік пен нәзіктікті түсінбеу, адам жанын түсінбеу, әнді түсінбеу кез келген ортада болатын. Соны жиынтық образ етіп Ыбышты алдым. Ал сұлулықтың есімі бірден ойыма келді. Салтанат болуы керек дедім. Повесті постта тұрып жаздым. Екі қарап, бір шоқып жүріп, екі сағат демалысты пайдаланып, жазып жүрдім. Қазақ жігіттеріне оқып беріп едім: «Бітірдің бе?»,– деп қыр соңымнан қалмай қойды. Дәптерді етіктің қонышына тығып жүріп, бітірдім повесті. «Гауһартас» – сұлулық пен нәзіктіктің дөрекілікпен қосылуы.
Қазақ әдебиетінде постмодернизм жоқ...
– Қазіргі жазушылардан кімді оқисыз? Әдебиеттегі жаңа толқынға көңіліңіз тола ма?
– Қала өркениетіне жақын, жаңашылдыққа құмар толқындар келіп жатыр, бірақ қазіргі шығармаларда ерекшелік жоқ. Біздің кезіміздегідей қызығы мол шығармалардың қатары да сиреген. Жазушылардың шығармаларында өз стилі емес, өзгеге еліктеу басым тұрады. Одан кейін сападан гөрі санға көп мән береді. Қала өркениетіне жақын, жаңашылдыққа ұмтылатын жазушылар бар. Олар, тіпті, өздерін постмодернизм өкілдеріміз деп атайды. Қазақ әдебиетінде постмодернизм жоқ. Біз де формализммен күрескенбіз кезінде. Әркімнің өз стилі бар. Қазіргі жастардың шығармаларын үлгергенімше оқып отырамын. Құдай сақтасын, «маған пікір жазыңыз» деп трилогиялық еңбектерін береді. Сонда мен олардан «Трилогия жазуға қорықпайсыңдар ма?» деп сұраймын. Трилогия – бірнеше кезеңді қамтитын көлемді шығарма. Қазақта екі ғана трилогия бар. Бірі - Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, екіншісі – Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тері». Ал жас толқынның шығармаларын оқып отырып, тіл жұтаңдығына көңілім толмайтын. Соңғы кездері бір-екі жас қаламгердің шығармаларын оқып, ол ойымнан айныдым.
– Әңгімеңізге рақмет!