БАЯН СҰЛУҒА! (Атына сай емес Баяндарға қатысы жоқ....)
2018 ж. 16 ақпан
6038
21
Ширек ғасырдан аса бұрын жазылған, Баян туралы баяндағысы келетіндердің Баян сұлу түсіне де кірмеген кезде жазылған, Қозы Көрпеш - Баян Сұлу кесенесінің басына барып, құран оқыған кезімде жазылған жыр... Яғни, "қамқор" қайынаталар мен "әділ" зерттеуші" әкелерге еркін демала беруге болады...
АЯКӨЗ АЙШЫҚТАРЫ
Ғабиден ҚҰЛАХМЕТОВКЕ
Бiрiмiн ғой ақкөңiл қара көздiң, Қала кездiм халiмше, дала кездiм. Ендi тұрмын жүзiмдi аялатып, Қасиеттi суына Аякөздiң. Жағасында бiркелкi бұйра талы, Саясында бойыңды ширатады. Қол бұлғаса қырқада Қозы-Баян, Толқыған бiр түсесiң күйге тағы, О, Аякөз, жайылған қилы атағы. Сылдыраған буынсыз суы мына, Ұқсайды екен сұлудың қылығына, Баян Сұлу жуынған шығар-ау деп, Қарай бердім үңііліп тұнығыңа.... Қалың жыныс көркіңді шырайлы еткен, Жолаушының бәріне ұнайды өткен... «Неткен сұлу, әдемi өзен ең!» – деп, Ұлы Шоқан жағаңа құлай кеткен. Өрнектi өлке, осындай күйдемiсiң, Өр ұлдарың өзiңдi сүйгенi шын. «Аязды елге айдалды ер Тобағұл, Ыстығына жерiнiң күйгенi үшiн...» Ақтамбердi, Дулаттың жүрген жерi, Iргелi елдiң көз құрты ең iргеңдегi. Ақындардың аруағы арқа қысып, Жүрегiмдi менiң де жыр кернедi... Көк жүзiнде қалқитын шығып-батып, Көрiнбейдi бұл күнде бұлт та түк... Көз ұшында көлбесе Көгiлдiр тау, Көңiлiммен аламын жуықтатып... Жағасында бiркелкi бұйра талы, Шығарып сап сыңсиды ши қатары. Аякөзде азырақ болған күндер, Бүгiнгi күн бойымды ширатады. II Таңсыққа келiп, таң қылып бәрiн, Таныдым өзен әсемiн дағы. Тарихтың тыңдап жаңғырықтарын, Баса алмай жүрмiн әсерiмдi әлi. Елiмнiң ерте кезiнен аян, Ерекше ыстық қабiрлерi де. Дұға қайырдым Қозы мен Баян, – Ақ махаббаттың тәңiрлерiне. Аңыз боп кеткен күмбезi мынау, Жүрушi ем жайын жас күннен сұрап. Түсiрмегенмен күн көзi қылау – Түсiрген құнын Түйсiксiз ұрпақ тасқұммен сылап... Ең керегi елге егiстi жер деп, Мешiттi сүрiп, – Сүрiндiк бұрын... Кешегi дыңды келiстiрем деп, Кещелiкке де ұрындық бүгiн. Қозы мен Баян қосыла алмаған Заманның зары сезiндiм мұны. Ой салып кеттi осылар маған Кеткенде түсiп сезiмнiң құны... Қосылмағандар Қодарсыз дағы Қоғамда мынау өсуде бүгiн. Жандардай бейне алаңсыз бәрi Жалғыздықпенен кешуде күнiн. Қалғыған бiзге қағынып келген, Қарабай сынды уақыт қатал. Бiр-бiрiн жандар сағынып көрген Бiр-бiрiн ертең жылатып жатар... Кеткен бе деймiн ұлы елiм азып – Қозы мен Баян ұрпағы қайда? Жiгiт ем мен де жүрегi нәзiк, Жүретiн теңеп iңкәрiн айға... Баянды баққа беттi бұратын, Баяғы күндi оралтып алдан Кез келер ме екен, – Басыңа келiп кеттi бiр ақын Баянын iздеп жоғалтып алған... Қазыбек ИСА 1992 жыл