«СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕЙДІ»
2018 ж. 16 ақпан
8315
9
СЫННАН ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҚПАСА – СӨЗДІ БОСҚА ШЫҒЫНДАҒАНЫМЫЗ
Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, елдегі бүгінгі экономикалық және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды саралап, алдағы атқарылуға тиісті жұмыстардың жөн-жобасын белгілеп бергеніне куә болдық. Үш сағатқа созылған ордалы отырыс көптеген министрлер мен әкімдер үшін ғасырдан да ұзақ болып көрінгені анық. Өйткені олардың басым бөлігі өздеріне тапсырылған міндеттерді ойдағыдай атқара алмағандықтан Елбасынан сөз естіп, жалпы жұрттың алдында жер шұқып қалды. Оған таңқалудың да керегі жоқ, сол жоғары лауазымға жабысып алғандардың әрқайсысы адал, тыңғылықты жұмыс тындырса мұндай әңгіме болмас та еді... Кей кездерде «Біздің елімізде сағатына қанша жиналыс өтеді екен?» деген сұрақ келетіні бар ойымызға. Шынын айтайық, осыны зерттеп, жиналыс санын адам басына бөлсек біздің еліміз, Құдай біледі, бүкіл Еуропаны артқа тастап бірінші орынға шығар еді. Тіпті Гиннестің рекордтар кітабына кіріп кетуіміз де ғажап емес. Ал, сол жиналыстардан шығатын нәтижеге келсек қарама-қарсы көрсеткіште қаларымыз тағы да анық. Өйткені биік мінберден мінсіз айтылған аталы сөз, жап-жақсы жоспар сол жерде қалады. Тапсырмалардың жартысы да толығымен орындалмайды. Сонда қаптаған әкімдіктер мен министрліктегі құдалардың тойға жіберген қоржынындай қампиған штаты бар мекемелерде отырған сансыз шенеуніктер не бітіріп жүр? Ресми деректерге қарасақ, халықтың қаржысынан айлық алатын мемлекеттік қызметкерлер саны жағынан біз әлем бойынша алдыңғы орындардың бірінде екенбіз. Сөйте тұра белгілеген бағдарламаларды дұрыс атқара алатын дені дұрыс мамандарға зәруміз. Міндеттерін адал атқармақ түгіл, аптасына кем дегенде түрлі деңгейдегі 5-6 шенеунік жемқорлыққа, парақорлыққа байланысты ұсталып жатады. Мұндай жаңалыққа құлағымыз үйренгені соншалық, оған тіпті назар аударудан қалдық. Алдымен Елбасы көтерген ең өзекті мәселеден бастайық. Ол - халықтың ақшасын жаппай ұрлағандар жайлы айтқан ащы шындық. Бүгінгі күні ауадан басқаның бәрін ақшаға сатып алып жүрміз. Баға жетпес бағдарлама болса да оны іске асыру үшін қаржы керек. Бөлінген қаржыны қолында сәл билігі барлар қақшып, жұлып жеуге дайын тұрады. Мемлекеттің, яғни халықтың ақшасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Жаппай ұрлық, жең ұшынын жалғасқан жемқорлық жайлы ондаған жылдар бойы айтып, толассыз күрес жүргізіп келеміз. Нәтиже қайда? Жоқ... «Дельта банк» лицензиясынан айырылды, кредиттердің 100 пайызына жуығы банк акционерінің қол астындағы компанияларға берілген. Ал банк есебінде бұл көрсетілмеген, ол тексерістерден кейін ғана анықталды. Бұл банктің 60 пайыз жауапкершілігінде мемлекеттік сыңайлы құрылымдардың есепшоты болды. «Банк РБК» 90 пайыз кредитін төртінші заемшілерге берген, олар не банк акционерлері, не байланысы бар адамдар», – деді Данияр Ақышев қаржыға қатысты баяндамасында. «Бұл істі қашан қоямыз? Әблязов басшылық еткен «БТА Банкінің» халықтың ақшасын жаппай ұрлап жатқаны барлығының көз алдында. Әлем бойынша мұның мемлекеттен нағыз ақша ұрлау әрекеті екенін дәлелдеп шықтық. Қазір ше? Банк аштық, онда адамдар сеніп барды, енді сол акционерлер ақшаны алып кетіп жатыр, Ұлттық банк болса қарап қана отыр», – деді Қазақстан Президенті. Қаржыға қатысты, банк жұмысына байланысты халық тарапынан наразылық жылдар бойы айтылып келеді. Жоғары пайыздық несиелер, әсіресе ипотекалық қаржыландыру тұрғындарды титықтатып бітті. Ол туралы ондаған жылдар айтып келіп былтыр ғана мөлшерлемені 10 пайыздан асырмауға әзер қол жеткіздік. Шетелдерде ипотекалық несие 1-2 пайыздан аспайды. Соған қарағанда біздің банктер елімізде тек қана миллионерлер тұрады деп ойлайтын сияқты. Жоқ, бұл тойымсыздық, қойдан жуас халықты ашықтан-ашық тонау. Сонда банктердің жұмысын реттей алмағанымыз ба? Ол да мүмкін. Өйткені банктердің жұмысы оның иесіне тікелей байланысты. Банк иесі мықты болса оған «Мөлшерлемелерді төмендетіңіз» деп айтып, кім қарсы шыға алады? Ешкім, сондықтан да біздің банктер білгенін істейді. Бұл отырыста бас банкир Д.Ақышевтың басына бұлт үйірілмесе де, Елбасы қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа соңғы ескерту жасағандай болды. Алдында да ескерту алған министр келесі жолы қызметінен айырылуы әбден мүмкін. Қаржыға тікелей қатысы бар тағы бір сала – қуат көздері. Ол қымбаттаса бүкіл қызмет, тауар атаулының бағасы шарықтап шыға келеді. Бұны бәрі біледі. Бірақ, оған қарсы ешкім нақты шара қолданбайды. «Жоямыз!», «Қырамыз»! деп Елбасының алдында уәде бергенмен нақты ештеңе істелмейді. Жанармай мен газ, электр қуатынысыз ештеңе бітпейді. Барлық саланың жұмысы қуат көздеріне тәуелді. Мысалы, осыдан 6-7 жыл бұрын байқағанымыздай энергетика орталығы Екібастұздағы электр стансасынан қуаттың бір киловаты бір теңгеден өндіріліп жіберілсе, дәп түбіндегі Екібастұзда – 4, қасындағы Павлодарда – 6, Алматыда – 11 теңге болды. Оны автокөлікпен, пойызбен тасымалдап жатқан жоқпыз. Сол баяғы кеңестік кезеңде салынған желілермен жеткізіледі. Тарифты көтеріп сол ақшаға жаңа желі тұрғызғандарды көрмедік. Депутаттарымыз айтқандай мекемелер өздеріне қымбат көлік, жиһаз сатып алып жатыр ма? Отын өзімізде бола тұра бағаны не үшін көтереді? Сөйтсек ортада ондаған делдал мекемелер бар екен. Әрқайсысы бір теңгеден көтергенде баға қайда кетеді? Қуатты өндіретін, қайнаған қазанның қасында жұмыс істейтін энергетиктің ең жоғары жалақысы 250 мың теңге, жайлы кеңседегі шалбарын тоздырып отырғандар одан көп алады. Ал, саланы басқаратын министрліктегілердің жалақысының қанша екенін өздеріңіз білесіздер. Бензинді қымбаттатуға жол беріп, Құдайдың қазаққа молынан берген көмірін қақаған қыста жоқ қылып халықты қақсатқан министрлер мен соған жауапты шенеуніктер не үшін жоғары жалақы алып жүр? Бұл жолы да Президент энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа тұтынушылар үшін электр қуатының бағасын арзандатуды қатаң тапсырды. «2018 жылы энергия беретін ұйымдарда диспетчерлік басқару бекеті болуы тиіс. Осы орайда біз оның барлығын тексеріп шығамыз. Ал осындай бекеттері жоқ компанияларды жабамыз. Біліктілік талаптарын орындамайтын ұйымдарға шаралар қолданамыз. Сонымен қатар тарифті азайтуға қарай қайта қарастыру ескерілген. Осы арқылы, олар өзге өңірлік электр желілік компаниялармен іріленуі үшін ынталандыру болады», – деп ақталды министр. Бұл сөзді осымен екінші жыл айтып келеді Қ. Бозымбаев. Қуат таратушы толып жатқан делдалдарды ірілендіреміз дегелі біраз уақыт өтті. Ірілендіру нәтиже бере ме? Бұл жерде делдалдарды топтастыру емес, қысқарту керек емес пе? Министрді түсінуге болады, толған мекемелерді қысқарту қиынның қиыны. Олар өздігінен ашылған жоқ. Қолында билігі, қалтасында ақшасы бар ықпалды адамдар ашқаны түсінікті. Қарапайым адамдар оның маңайына да жолай алмайды. Айтайын дегеніміз - министрдің соларға шамасы жете ме? Жетсе ғана салада тәртіп орната алады. Өйткені ешкім өз бизнесін жапқызуға жол бермесі анық. Өзіне жау тауып, ертеңгі күні қызметінен өзі кетуі де ғажап емес. Міне, біздегі «ашық бәсекеге» негізделген бизнестің, кәсіпкерліктің сиқы осындай. Одан кейін баға неге әлсін-әлсін өсе береді деп таңғалудың қажеті жоқ. Бұл нені көрсетеді? Біздің лауазымды тұлғалардың қолдары таза еместігін аңғартпай ма? Жоғары қызметке, депутаттыққа келерде бизнесін өзге біреудің атына жазғызып, әбден «тазаланып», «тақыр кедей» күйіне еніп халыққа адал қызмет етемін деп ант-су ішіп уәде береді. Жаңағы бизнесі қысқартудың тізіміне түсіп қалса өз қолын өзі шаба ма? Жоқ, өлсе де өйтпейді. Өйткені мемлекеттік қызметке сол бизнесін қорғау үшін келеді. Содан барып біз күнде көріп жүрген экономика саласындағы былықтар басталады. Елбасының немесе Үкімет басшысының тапсырмасын сағызша созып, ақырында орындамайды. Бұл көптеген себептердің бірі ғана, одан басқасы да толып жатыр. Демек, жоғары лауазымдағы сенім артқан мамандарымыз жұмыс істемейді деген сөз. Бұл орайда «Жұмысты істей алмасаңдар, айтыңдар» деді Нұрсұлтан Назарбаев осы отырыста. Айтқанындай осы кеңейтілген жиында сынға ұшыраған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға ертеңінде орнынан кетуге тура келді. Астананы ақпанның аязы қысып тұрса да Үкімет үйінен бірқатар әкімдер мен министрлер терлеп шықты. Ет жемесе де, сорпа ішкендей болып әркім өз «сыбағасын» алды. Қарамағындағы медициналық мекемелерді ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ компьютермен толықтай қамтамасыз ете алмаған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақтөбе аймағының басшысы Бердібек Сапарбаев, Астана әкімі Әсет Исекешов, Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев, міндетті сақтандыру жобасын дер кезінде енгізе алмаған денсаулық саласының басшысы Елжан Біртанов та шет қалмады. Бәрі де бұл жұмысты жандандырамыз деп әдеттегідей уәде беріп аман қалды. Бизнес пен кәсіпкерлік жеке адамдардың пайда табу көзі ғана емес, ол ел экономикасын көтеретін мемлекеттік маңызды іс. Сондықтан да шағын және орта бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту туралы тұрақты айтылып келеді. Айтылу жағынан кемістік жоқ. Бірақ оның дамуына кедергі көп. Бизнес пен кәсіпкерлікті қолдауға міндетті мемлекеттік қызметкерлердің керісінше оған тосқауыл қоятын кездері жиі кездеседі. Соның бірі – шенеуніктер тарапынан себепсіз тексерулер. Оған бірнеше рет шектеулер жарияланса да жағдай өзгерген жоқ. Осыған байланысты «Бұл мәселе бұған дейінгі әрбір отырыста көтерілген еді. Барлығы міндетті түрде тексеруге баруға құштар. Өрт сөндірушінің өзі нысанды қарап шыққаннан кейін ештеңе таппаса да, мейрамханадан тым болмаса тегін түскі ас ішіп кетеді», – деді мемлекет басшысы. Бұл жерде өрт сөндірушілер мысал ретінде ғана келтірілгені белгілі. Жергілікті әкімдік, мелекеттік кіріс басқармасы, санитарлық тексеру орындары, полиция тағы басқа құзырлы мекемелерден себепсіз сансыз тексерулер болып тұратыны жасырын емес. Бәрі де бірдеңе жұлып алып кеткісі келеді кәсіпкерден. Тіпті болмаса Елбасы айтқандай түскі тамағын тегін ішіп кетеді. Бұдан кейін бизнес пен кәсіпкерлік қалай дамиды? «Тексерушілердің тамағын тығындағанша тыныш жүргенім жақсы емес пе?» деген адам бәріне қолын бір-ақ сілтейді ақырында. Содан барып, тексерушілердің көзіне түспес үшін көлеңкелі бизнес пен заңсыз кәсіпкерлік пайда болады. Көлеңкелі бизнес әдетте өнімге салық мөлшері тым көтерілгенде пайда болатыны белгілі. Соған орай тауардың бағасы қымбаттап оған деген тұтынушының сұранысы төмендейді. Ал, оны айналып өтетіндер арзан өнімді заңсыз өткізуге тырысады. Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде бұл мәселе де назардан тыс қалмады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев алкогольдік өнімнің көлеңкелі айналымымен күресті сынға алды. «Арақ-шарап ісінде жүрген адамдардың 70-80 пайызы салықтың жанынан жылыстап кетіп жатыр. Түнде шығарады, яғни ресми құжаттарда ескерілмеген қолма-қол ақша жүріп жатыр, айналымда қомақты қаржы бар. Олар шенеуніктерді бүлдіреді. Нәтижесінде, қаржы бюджетті айналып кетуде. Бұл мәселеде тиісті тапсырма бермейінше, ешкім де қозғалмайды. Салықшыларымыз қайда? Осы саладағы адамдар қайда? Осылай жұмыс істеуге бола ма? Көз алдарыңда, осыны көріп отырсыңдар, жоғары жақтан тоқпақ керек сендерге», – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент әрбір министрге, әр өңірге қажетті құқық берілгенін, өз еркімен жұмыс істеуге жағдай жасалғанын атап өтті. «Соның өзінде жоғары жақтан тапсырма бергенде ғана қозғаласыңдар. Бұл келеңсіздіктерге қашан нүкте қойылады? Қызметте жүргендердің негізгі бөлігі жас буын ғой. Әлде, құрамды тағы да жасарту керек пе?» – деді мемлекет басшысы. Байқап отырғанымыздай, Үкіметтің бұл жолғы кеңейтілген отырысында көптеген мәселе көтеріліп, бірқатар басшылар ескерту алды. Бұның бәрі алдымен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа үлкен сын екені анық. Сын демекші, Елбасы Сағынтаевқа баяндамасында сын жоқ екенін де айтып қалды. Сөзіміздің соңында енді осыған тоқтала кетелік. Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген нақыл бар. Оның мағынасы қатені ашық айтып, кемшіліктерді түзеу керек дегенге саяды. Өкінішке орай, бізде осы жағы мүлдем жетіспейді. Сын естіген шенеуніктің шегі үзіліп кете жаздайды. Бозарып-сазарып, сын айтқан адамның соңынан шырақ алып түсетіндер де бар. Сын және өзара сынды – біреуді жамандап, жерлеп тастау деп түсінеді ондайлар. Жоқ, олай емес. Өз қатеңді өзің түсініп, оны мойындай білу де – ерлік. Сол арқылы жіберген кемшіліктерді түзеп жатсаң тіпті жақсы. Ол ортақ істі алға жылжытудың бірден-бір жолы. Сондықтан сынды айтып қана қоймай одан қорытынды шығара білгеніміз ләзім. Өз кемшіліктерімізді өзіміз айтып, өзіміз түземесек, кім түзейді? Әлде оны да бізге шетелдіктер үйретуі керек пе?...Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz