Қазақтан басқаның бәрі бай, қазақтың тілін менсінбейтіндердің барлығы дерлік билікте - Жұмаш Көкбөрі
2018 ж. 05 ақпан
7131
7
Біздің қазақ шаршағанда да, болдырып, қалжырап, қажып, талып, мәңгіріп әбден бітті десе де болады.
Міне, ширек ғасырдан асып барады, осы мемлекетті құрушы негізгі ұлт - бір ғана қазақ ұлтының жағдайы түзелетін емес. Бүкіл елді жемқорлық, жең ұшынан жалғасушылық, мемлекеттің барша жер асты және жер үсті қазба байлықтарын жаппай тонау және «тістегеннің аузына, ұстағанның қолына» бере салу, қазақ жерін шетелдіктерге қалай да сатуға талпынған биліктің бет алысы жаман, мектептерге зорлап енгізілген үш тілділік, телеарналарды жаулап алған арсыздық, ұятсыздық, намыссыздық, негізінен қазақтар тұратын ауылдардың құрып бара жатуы, т.б. сұмырай заңсыздықтар ендеп алғалы қашан!..
Жұмыссыздық, тілсіздік, дінсіздік, азғындық, үмітсіздік, әсіресе ұлт ертеңі – қазақ жастарын езіп, жаншып, тоз-тозын шығарып, бастары ауған жаққа тентіретіп жіберген десе де болады...
Ашығын айтқанда, Қазақтан басқаның бәрі бай, қазақтың тілін менсінбейтіндердің барлығы дерлік билікте.
Бұдан қазақ қалай құтылады?
Таяуда ғана АҚШ жариялаған «Кремль тізімі» ұлы көршіміз билігінің басына үйірілген қаралы бұлт десе де болады. Орекеңдер басына үйірілген ол қара бұлт орыс халқын жаппай көшеге алып шығатын сәт те алыс емес сияқты...
Турасын айтқанда бұл орыс билігінің басына түскелі тұрған қара дауыл жағдайдың айна-қатесіз көшірмесі бізде де қайталанатын күн алыс емес дейді сарапшылар. Мұндайды біздің қазақ баяғы да ақ: «Мың асқанға бір тосқан» деп айтып қойған. Тою дегенді, ұят дегенді білмейтін құл-құтандардың жер бетінен тып-типыл жоғалатын күні жақындап келе ме, ол жағын мен тап басып айта алмаймын. Бәріне уақыт төреші...
Тоқ етерін айтқанда, АҚШ «Кремль тізімінің» қара дауылы бізді айналып өтпейтін сияқты...
Жұмаш Көкбөрі
Abai.kz