ТІЛІМІЗДІҢ ТАҒДЫРЫНА ӘРБІР ҚАЗАҚ ЖАУАПТЫ
2018 ж. 19 қаңтар
9275
25
ШҰРАЙЛЫ ТІЛІМІЗДІ ӨЗІМІЗ ШҰБАРЛАП ЖҮРМІЗ
Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы туралы жазбаған басылым кемде-кем шығар. Бір ғана «Қазақ үні» газеті мен осы аттас ұлттық портал ана тіліміздің мәртебесін көтеру мен мемлекеттік тілімізді кең қолданысқа енгізу туралы тұрақты түрде жылдар бойы жанайқайға басып келе жатқанын көзіқарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Зиялы қауым, тіл мамандары, ұлт жанашырлары мен қатардағы қарапайым азаматтардың зары билік басындағылардың жүрегін жылыта алмай-ақ қойды. Өкінішке орай, қазақ тілі өз туған жерінде әлі де өгей баланың күйін кешуде... «Айта-айта «Алтайды», Жамал апай қартайды» деген мәтелдің кеңінен тарап кеткені белгілі. Қазір оны тұрмысымызда жиі қолданатын болдық. Бұл жерде халық әндерін орындаудың асқан шебері Жамал Омарованың әншілік өнеріне ешкім күмән келтіріп отырған жоқ. Қазақстанның Халық әртісі, ел арасында «Мақпал дауысты Жамал» атанған апайымыздай қазір ұмытыла бастаған сол «Алтай» әнін күні бүгінге дейін ешкім өз деңгейінде орындай алмай келеді. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Мәселе, арғысын айтпағанда соңғы жиырма алты жылда бітпес жырға айналған, одан бері де бір ұрпақ өсіп жетілген, өзіміздің ана тілімізде болып отыр. Жалғыз ғана Жамал апайымыз «Алтай» әнін асқар шыңына қондырса, қалың қазақ өз туған тілін ондаған жылдар бойы кең қолданысқа енгізе алмай қор болып жүрміз. Қоғамда тұрақты көтеріліп жүрген осы бір тақырыпқа қайта оралуға «Қазақ үні» порталында жарық көрген ұлтымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының сонау сұрапыл соғыс жылдарында Қазақ ССР Коммунистік партиясының хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа жазған хатынан тілге қатысты үзіндінің жариялануы түрткі болды. Түсінікті болу үшін мәтінін толық келтірейік. «...Осы кезде қаладағы қазақ ұл-қыздарының төрттен үшінен көбі орыс мектептерінде оқығандықтан, ана тілден хабарсыз жастар өсуі молайып келе жатыр. Олардың ата-аналары орыс мектебінде оқытуға мүлде әуес-ақ. Қазақ мектебін менсінбейтіндер де екеудің бірі болғандықтан, барлық қазақ ұл-қыздары әкімшілік ретінде қазақ мектептеріне көшіріліп, алдымен ана тілінде ғылым алатын болуы қажет. Он шақты жылдан кейін жас қазақтарға қазақтармен сөйлесуге тілмаш керек болуы тарихи масқаралық болар. Өзіміз орысшаны қазақ мектебінде жүріп-ақ үйренгенбіз, ондай шара қолдануда орысшадан құрқаларлық ешқандай қауіп жоқ. Қазақ тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіретіндер халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне өте қауіпті зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындары мен сұңғыттары, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді. Мен әскери адаммын, тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысы адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп біліп, сезе тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын. Бауыржан МОМЫШҰЛЫ. 15-25.02.1944 жыл. Алматы.» Біріншіден, Бауыржан батыр қазақ тілінің болашағының бұлыңғырланып бара жатқанын сол кезде-ақ байқағанын атап өткеніміз жөн. Қалың орман орыстың ортасында, кескілескен соғыста жүріп-ақ ана тілінің болашағына алаңдаушылық білдіруі тегін емес. Оған бүгін көзіміз анық жетіп отыр. Одан бері де табаны жалпақ жетпіс төрт жыл уақыт өтіпті. Бұдан кейін Баукеңді көреген емес деп көріңіз, батырмен келіспеуге бүгін шарамыз жоқ. Алдымен Баукеңнің айтқан болжамы мен күдігіне орай өзім куә болған бір-екі жағдайларды айтып, мысал келтіре кетейін. Бүгінгі жастар білмеуі мүмкін, ал 65 жастан асқан маған ол көзіммен көрген шындық. Менің есімде қалған 1960-65 жылдары өзім туып-өскен шалғайдағы ауылдың өзінде балаларын орыс мектебіне оқуға беру жаппай үрдіс алған-ды. Соның алдында тың игеруге байланысты өзге ұлттарды бүкіл одақтан қазақ жеріне әкеліп үйіп-төккені белгілі. «Орыс тілін білмесе нанын тауып жей алмайды» деген жаңсақ пікір қалыптасып кеткенін өз құлағымызбен естіп, өз көзімізбен көрдік. Сөйтіп үлкендерінің өзі орысша екі сөздің басын біріктіре алмайтын алыстағы ауылда орыстандыру науқаны басталған-ды. Бір айтарлығы, орыс тіліндегі сыныптың жартысынан көбі өзіміздің қаракөздер болатын.Сабақты орысша оқығанмен шыға салысымен өзінің қазақшасына басатын. Сол кезде орысша бітірген іні-қарындастарымыз қазақшаны жетік біледі, орыс тілінің құлы болып кеткен жоқ. Неге? Өйткені үйінде, ауылда тек қана қазақша сөйлейтін, ең бастысы - олар ана тілімен ауызданды. Бүгінгідей балабақшадан тілі шықпай жатып алдымен ағылшынша сөйлеуді үйренген жоқ. Ал, қазіргі балалар қазақ сыныбында сабақ алып, шыға салысымен орысшаға көшеді. Айырмашылық бар ма? Бар болғанда қандай, сәбидің ана сүті сияқты ана тілімен ауызданбауы басты себеп болып табылады. Он жасқа дейін қазақша сөйлеген бала өле-өлгенше өз тілін ұмытпайды. Демек, бұл жерде үйде орысша шүлдірлейтін ата-аналары, яғни өзіміз кінәліміз деген сөз. Бүгінгі күні бүлдіршіндерімізді ағылшыншамен ауыздандырсақ, ертең орыс тілінің өзіне зар болып қалатын түріміз бар. Сондықтан академик Ғарифолла Есімов ұсынған - балабақшада және бесінші сыныпқа дейін барлық сабақты, бүкіл тәрбие жұмысын тек қана қазақ тілінде жүргізіп, одан кейін ғана шет тілін біртіндеп енгізу керек дегені өте дұрыс пікір. Бір кездерде Баукең айтқандай орыс және ағылшын тілін үйренбей қалады деген қауіп қазір де мүлдем жоқ. Олай болса, ағылшын тілі деп алабөтен шапқылауымызға жол болсын... Тағы бір мысал, 1973 жылы әскер қатарында жүріп іс-сапармен Ташкент қаласында болғаным бар. Орталық сауда дүкенінде бір зат ала қоямын деп өзіммен жасы қатарлас, шамамен жиырмалардағы сатушы өзбек қызына орысша сөйлегенде ол жақтырмай теріс айналғанын әлі де ұмытқан жоқпын. Амал жоқ, өзбекше білмегендіктен қазақшамды қолдануға тура келді. Жүзі жылыған өзбек қызы қазақша білмегендіктен менімен амалсыздан орысшаға көшті. Көрдіңіз бе, ана тілін құрметтеу қайдан басталатынын! Қып-қызыл коммунистік биліктің белең алып тұрған кездің өзінде көрсеткен сол қаршадай қыздың өнегесі маған өмірлік сабақ болды. Бүгінгі күні тіл дегенде алдымен сол өзбек қызының бейнесі келеді көз алдыма. Одан бері 45 жыл өткенде, былтыр күзде Өзбекстанға қайта жолым түсті. Латын әрпіне баяғыда көшіп алған өзбек елінде көшелерде орысша немесе ағылшынша жазылған сөз көрмедім. Тұрғындары ұлты шүршіт болса да тек қана өзбекше сөйлеседі. Қарап тұрып қызығасыз. Бізде екі қазақтың басы қосыла қалса орысша сөйлесетінін көргенде өзбек болып жаралмағаныңа өкінесің. Өзбек ағайындардың «Орыс болу үшін алдымен қазақ болуың керек» деген әзіліне біздің өкпелеуге қақымыз жоқ. Өйткені бұл – ақиқат. Қазақ тілінің кең қолданыс таппау себептерін қоғамның белсенді мүшелері айтуындай айтып, жазуындай жазып-ақ келеді. Бірақ нәтиже жоқ. «Балық басынан шіриді» деп тегін айтылмаған, биліктегілер бүкіл жұрт көз тіккен жоғары мінберден баяндамасын ырым үшін қазақша бір-екі ауыз сөзбен бастап, одан әрі соңына дейін орысшаға өтіп кетеді. Парламенттегі халық қалаулыларының 95 пайызы қазақ бола тұра отырыстар орыс тілінде өтеді. Министрлік пен әкімдіктегі жиналыстар да дәп солай. Бұдан кейін қатардағы қарапайым адамдарға не деуге болады? Ширек ғасырда 14 басшысы ауысқан білім саласы министрлігін қазақ тілінің жауы десек қателеспейміз. Үш тілділік деген желеумен қазақ тілінде оқытатын пәндер санын әбден шегеріп болды. Ол аздай енді тілі шыға бастаған бүлдіршіндерімізді ағылшынша тәрбиелеудеміз. Бұдан кейін қазақ тілінің көсегесі қайтіп көгерсін. Біздегі балаға тәрбие беретін отбасы мен білім саласының сиқы осындай. Қоғам санасына тікелей әсер ететін, ортақ пікір қалыптстырып бағыт сілтейтін телеарналарымыздың өзі шұрайлы тілімізді шұбарлап болды. Бағдарламалардың сапасы мен ондағы тіл қолданысын айтпаған күннің өзінде, КТК телеарнасындағы «Той вестар», Хабар арнасындағы «Қызық Times», «Бенефис-шоу», бір кездері көрсетілген «Шіркін, Life!», «Фобия», қазіргі әзіл-қалжың сипатындағы «Бурабай әзіл фест» және жақында жарыққа шыға бастаған «МузАрт Life», Қазақстанның бірінші арнасындағы «Той заказ», ОРТ-дағы «Тамаша сити» сияқты шетелше айқайлап тұрған атаулар қайдан келді? Оны да бізге орыстар мен ағылшындар ұсынып, дәп осылай атамасаңдар телеарналарыңды талқандап тастаймыз деп қорқытып, мәжбүрлеп отыр ма? Не деген халықпыз, біздің түбімізге не болса соған еліктегіштігіміз жететін шығар. Шетел сөзін қосақтағаннан бағдарламаның шекесі қыза қойды ма? Одан да жүргізушілердің шұбарланған тілдерін жөнге келтірмей ме телеарна басшылары. Осыған бақылау жасауға тиісті министрліктегі мырзалар не бітіріп отыр? Әншейінде бұқаралық ақпарат құралдарына сын материал жазбаңдар деп жұдырығын көрсететін жоғарыдағы шенеуніктердің осындай өрескел атауларды байқамайтындай көздерін шел жапқан ба? Телебағдарламалар шетелдік хикаялар мен атыс-шабысқа толы тәлім-тәрбиесі жас ұрпаққа кері әсер ететін киноларға, арзан күлкі-қалжыңға толып кетті. Олар идеологиялық ақпарат құралдарынан гөрі сайқы-мазақтың ордасы – цирк алаңына қатты ұқсайды. «Қазақ тілін дамытамыз!» деп ұрандатып жылдар бойы бөлінген халықтың қайран қаржысы босқа кетті. Бұл жерде қаржы емес, бірінші кезекте таза ниет керек! Қаржымен қазақ тілі дамитын болса, біз желге ұшырған ақшаға бүкіл әлемді қазақша сөйлететіндей уақыт жетті емес пе? Орыс тілі түгіл, бүкіл дүниежүзі табынған ағылшын тілін адыра қалдыратындай мүмкіндіктеріміз болды. Соңғы кезде керісінше сол қыруар қаржы енді ағылшын тілін жаппай енгізуге жанталаса жұмсалуда. Өзге тілді өрістетуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Баукеңнің тілімен айтқанда бұл – тарихи масқаралық. Қазақ тіліне қатысты қоғамда түрлі дау-дамай тұрақты туындап жатады. Олардың бәрі қарны ашқандықтан емес, қадірі қашқан ана тілімізге жаны ашығандықтан айтылатыны түсінікті. Ашығын айтсақ, бұл күрес толық жеңіске жеткенше толастамауы керек. Ұлт ретінде ана тіліміз бізге ауадай қажет. Біздің қазақ екенімізді алдымен анықтайтын да сол – тіліміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз. Ағылшын техника тілі екен деп бәріміз соған қарап шоқынып, өз тілімізді ұмытып, шет тілге көшуіміз – қазақ ұлтын жер бетінен өшіру. Ондай мысалдар жетерлік, ресми деректерге сүйенсек жылына қаншама ұлт пен ұлыстар өз тілін жоғалтып жатыр. Тіліміз туралы айту мен жазудан жалықпағанымыз жөн. Билік өйтпеді, билік бүйтпеді деп бұртиып, битке өкпелеп тонымызды отқа жағудың қажеті жоқ. Бойында қазақтың қаны бар әрбір адам тілімізге қорған болса нақты нәтиже шығары сөзсіз. Әрбір қазақ ана тілі үшін жауапкершілікті сезінсе бізге үкіметтің заңы мен қаулы-қарарының да қажеті жоқ. Бір үкімет келеді, екіншісі кетеді. Өзіміз ұрандатып жүргендей Мәңгілік елдің алдымен ұлты мәңгілік болуы керек. Ұлты болу үшін – міндетті түрде оның тілі болуы шарт. Ұлты жоқ, халқы жоқ мемлекет болмайды. Соны есте ұстайық, ағайын!.. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz