ИТ ЖЫЛЫ ИТ БАСЫНА ІРКІТ ТӨГІЛГЕН МОЛШЫЛЫҚ ЖЫЛЫ БОЛСЫН!

2017 жылы 365 күн бәрімізді ұйқыдан оятып, алтын жұмыртқалаған Ақ тауық қыт-қыттап, тарих қойнауына кетті...  Тауықты қуалап жіберген сары төбет салып ұрып, шапқылап  жетіп келді!.. Өткен жылға өкпе жоқ.  Алланың шашқан  несібесін  тауықтай теріп жедік. Алаштың 100 жылдығын тойладық атымыздың жеткен жеріне дейін. Әлемге сауын айтып, ЭКСПО-ны екпіндеп өткіздік.  Әліпбиімізге рухани тәуелсіздік алып, 77 жылғы кириллица қорасынан шығуға жарлық шықты. Ескі жыл есіркеді, Жаңа жыл жарылқай берсін! Қазақ үшін ит жеті қазынаның бірі болып саналады.  Ит иесіне адал дейміз.  Ендеше,  жаппар иеміз жаратқан Аллаға адал құлшылық етейік.  Ит жылы ит басына іркіт төгілген молшылық жылы болсын!  Иттей ырылдаспай, ынтымақ түбі-ырысты болайық. Қазақ Елінің Тәуелсіздігінің Мәңгілігі жолында бар қайрат-жігерімізді жұмсап, игілікке жетуде ит мініп, ирек қамшыласақ та, итжанды төзіммен жемісті еңбек ете берейік! Алла жар болып, Жұлдызымыз жарқырай берсін! Әр күніміз шуақты, денсаулығымыз қуатты болсын! Шаңырағымыз  шаттықпен шалқи берсін! Мерекелі де, Берекелі жыл болғай! ҚАЗАҚ ҮНІ биікте шырқала берсін деп, баршаңызға АҚ ЖОЛ тілеймін! Қазыбек ИСА "Қазақ үні" газеті Qazaquni.kz