Мейрамбек Бесбаевтың жары алғаш рет әншінің ауыр дерті жайлы шындықты айтты
2017 ж. 22 желтоқсан
20579
14
Он жылға жуық уақыт бұрын Мейрамбек Бесбаевтың басына қара бұлт үйірілді. Аса ауыр дертке шалдыққан әнші аз уақытта адам танымастай өзгерді. Бір айда 30 келіден аса салмақ тастап, қатты ауырды. Сол шақта ел арасында “Музарт” тобы тарайды, Мейрамбек сахнаны тастайды екен” деген әңгімелер желдей есті.
Халықтың тілеуінің арқасы шығар, көп ұзамай Мейрамбек құлан таза айығып, тыңдарманымен қайта қауышты. Өміріндегі қиын кезең туралы Бесбаев “">Елге сәлем” атты деректі фильмде әңгімеледі.
“Ауырған кезде өнерге ешқандай құлқым да, зауқым да болмады. Тіпті, ән айтқың да келмейді. Басында қандай диагноз екенін білген жоқпыз ғой. Бұдан кейін ән жазамыз ба, жазбаймыз ба бір Құдай біледі деп Арман мен Қалқаманға өтініш жасадық. Әлі есімнен кетпейді. Өзім 10 метр жүрсем тоқтап қаламын, демаламын. Бір айда 30 килограм тастап, шынында бір үрей пайда болды. Бірақ өз-өзімді қинап, жазуым керек деп студияға келіп, әнді әрең айтып шыққаным бар”, – деп еске алады Мейрамбектің өзі.
Бұл ретте Мейрамбектің жары Мархабат Бесбаева алғаш рет журналистерге сұхбат беріп, әншінің ауыр дертті қалай жеңгенін айтып берді.
“Ол кезде Кәусарға аяғым ауыр болатын. Мейрамбек арықтай бастады. Елдің бәрі “әйелі тастап кетіпті, кетіп қалыпты, сахнаға енді келмейді екен, бітті ауырды” деді. Оның бәрін айтпай-ақ қояйын”, – деп еске алды Мархабат.
Мархабаттың айтуынша, Мейрамбектің аяққа тұрып кетуіне көмектескен оның өз отбасы.
“Оның сахнаға оралатынына, жазылып кететініне сендім. Оның артында қызы, мен, әке-шешесі бар. Ешқандай күмәнім болған жоқ. Сол сенімнің арқасында ол сахнаға қайта оралды”, – деп сендірді ол.
Мархабат Бесбаева үнемі гастрөлдік сапарда жүретін күйеуін жиі көрмейді. Ол бұл олқылықтың орнын болашақта толтыратынына сенімді.
“Күнде гастрөл болмайды. Құдай қаласа, үйде болады. Бала-шағамызбен бірге, немере бағып, бақытты боламыз деп елестетемін”, – деп бөлісті Мейрамбек Бесбаевтың келіншегі.