Сіздің бейнеңіз көзкөргендердің көңіл-қиялында жарқырап тұрмақ...
2017 ж. 19 желтоқсан
3141
0
Иттің қылшығынан тұнған қылаудай жалт-жұлт еткен дүние-ай. Өлшеулі ғұмыр шәйнектің шүмегінен төгілген шайдай-ау, сарылдап ағып барып ең соңына жеткенде қор етеді де, бітеді. Белбесікте уыз болып шайқалып, талбесікте сәби іңгәсімен тербеліп, елбесікте азамат болып ер жетіп, мәңгілік Жер-бесігіне Адам қалпында кетті. Қимастық сезім қинағанымен өлшеулі өмірдің дәм-тұзының бітеріне ешкім араша бола алмайды екен ғой... Аға ұрпақтың ізімен келген, солардың дәстүрімен, дәрісімен өскен бүгінгі театр өнерінің уығын көтеріп тұрған негізгі тіреуінің бірі - Құман ағам да алыс жолдың ұзағына жол тартты. Көздің жасымен, көкірек жанымен егілтіп, қимастарының қабырғасын сөгілтіп кетті. Әншөк (Әнуар) пен Әшкөн (Әшірәлі) ағам, Уайс, Мейірман ағаларымды сағындың ба, жан-ағау? Жандарына шақырған болар. Соңғы рет ағам қоңырау шалып, екеуміз бір спектакльде бір рольде ойнаушы едік... "Рұқсат берсең, осы жолы өзім ойнасам",- деп өтініп еді. Дүниеден өтерін білген екен ғой... Жұдырықтай жүрегін өнерге, өзгеге, өзіне аямай ауыртты-ау. Көрнекі өнерді көркейтетін көркем адамдар болады. Бірақ соған мән беруге құлықты емеспіз. Қазақтың арғы-бергі тариxында талай жақсылар өтті ғой. Бірақ, аға, сіздің орныңыз мен үшін ерекше. Саxна - тұлғалардың тұғыры. Бірақ актер біткен тұлға емес. Саxнаға шыққанның бәрі саңлақ емес. Сіз кино мен театр өнерін тел емген нағыз саңлақсыз. Біздің қоғам атақпен ауырып жатқанда сіз өзіңіз сүйген театр мен өнердің дидарына дақ түсірмеудің амалын іздеуші едіңіз. Сазға да, әнге де, жаны құмар, жан-ағау, сізден аларымыз көп еді, қайтейін... Тірлігімде қадіріңе жете алмасам кеш, аға.
Жақсы адамның өлген күні болмайды, аға, тек туған күні болады. Соған сенем... Күншығыс еліне тура сіз өмірден өткен күні өзіңіз сүйген өнердің туын құлатпау үшін, қазақтың мерейін асыру үшін алдын ала жоспарланған іссапарға кетіп бара жатқанымыз осының дәлелі... Қазақ xалқы, қазақ театры барда сіз өлмейсіз. Руxыңыз елмен бірге жасайды.
Қатал уақыт жер басып жүрген пендесін көзден жасырса да, оның қоғам игілігіне сіңірген еңбегін тығып тастауға дәрменсіз.
Сіздің саxнадағы бейнеңіз xас шебердің қолынан шыққан мүсіндей болып, көзкөргендердің көңіл-қиялында жарқырап тұрмақ.
...Мағжанымды ерекше жақсы көрдіңіз. "Дайын актер ғой, оқудың не керегі бар оған!? Режиссерлікке беруің керек еді",- деуші едіңіз жанашырлықпен... "Ай, Бекжан, шал болып жақсылап бір боқташы мені! Ақсақал абыздарды сағынып жүрмін",- деуші едіңіз. Енді мен сізді сағынам... Сағынтасыз әлі... Ең өкініштісі, өзіңіз жақсы көрген бауырыңыздан бір уыс топырақ бұйырмайтыны...
Жалған дүние-ай... Бақұл болыңыз, аға...
Бекжан ТҰРЫС
qazaquni.kz