...Қыз Жібек – Төлегенінен, Меруерт – Құманынан айырылды.
2017 ж. 19 желтоқсан
6255
7
Қазанама
Құман Тастанбековке
...Қыз Жібек – Төлегенінен, Меруерт – Құманынан айырылды.
Ажырамас қос аққудай еді... Аққу – сыңарынан айырылды.
Алаңсыз жатқан айдын-көл
Мойнындағы тұмарынан айырылды.
Құзар шыңдардан ғана құлап ұшатын,
Қазақ - алтын баулы қыранынан айырылды...
Айырылмай қайтсін?.. Азасын айтсын, ал енді,
Өнердің бір дәуірі қанатынан қайырылды...
Қайғырсаң, қабырғаң сөгілердей,
Қамықсаң, қара нөсер төгілердей,
Жабықсаң, жаның егілердей, бұл – өлім;
Сілкіп алды-ау, бар қазақтың жүрегін.
Жұрты қалды-ау, қаралы ту құшақтап,
Жұбата алмай мұңға батқан мына елін...
Жары қалды-ау, қара жауып басына
Ақбоз аттың жүрегіне ұстап жүгенін...
Арысым-ай, арда өнерді ар көрген.
Тарықпаған тақыр жерден, тар жерден.
Тәңір өзі - сенің тазалығыңа,
Аққудайын адал жаннан жар берген.
Сымбатыңа, сырлы жүзің жарасар
Сегіз қырлы сиқыр менен сән берген.
Бар қазақтың бақыты үшін жаралдың
Намысыңды найқалмайтын нар көрген.
Жігерімді құм қылам-ау, жыласам.
Мына қайғы құл қылады-ау, құласам.
Кеше қалай кеш батты екен?
Білмеймін,
...Бүгін неге бір түрлі атты мына таң?!
Өзегімнен өлең – өксік боп шықпай,
Өзімді-өзім енді қалай жұбатам?..
...Меруерт – Құманынан айырылды.
Аққу – сыңарынан айырылды.
Құзар шыңдардан ғана құлап ұшатын,
Қазақ - алтын баулы қыранынан айырылды...
Айырылмай қайтсын, азасын айтсын, ал енді,
Өнердің бір дәуірі қанатынан қайырылды...
Бақыт БЕДЕЛХАН
17.12.2017 жыл
qazaquni.kz