Алматы қаласында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жаңа бөлімшесі ашылды
2017 ж. 15 желтоқсан
2779
0
Бүгін Алматы қаласы Медеу ауданында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің №3 қызмет көрсету орталығы ашылды. Жаңа орталық М.Мәметова көшесінің бойында, Н.Назарбаев даңғылы мен М.Төлебаев көшелерінің арасында орналасқан. Орталықтың ашылу салтанатына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымының орынбасары Мирас Бейсембаев қатысты.
– Қазақстандықтардың арасында үйге деп ақша жинауға келгенде дәл осы алматылықтар белсендірек. Банкте 150 000-дай қала тұрғыны депозит ашып, қаражат жинап жатыр, олардың шотындағы жалпы сомасы – 80 млрд теңге. Жаңа бөлімшенің көмегімен алматылықтар депозит ашудан бастап заем ресімдеуге дейінгі қызмет түрлерінің толық көлемін пайдалана алады. Сондай-ақ ғимаратта банк қызметкерлерінен бөлек нотариус пен сақтандыру агенті де отыратынын айта кету керек. Бұл клиенттердің уақытын үнемдеп, барлық қызметті бір жерден алуға мүмкіндік береді, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымының орынбасары Мирас Бейсембаев.
Қазіргі таңда, Медеу ауданында 173 000-нан астам тұрғын бар. Әрбір 15-ші тұрғын ТҮҚЖБ-де жеке есепшот ашқан. Десек те, осы уақытқа дейін мұнда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бөлімшелері болмаған еді. Сондай-ақ жаңа орталықтың орналасқан жері Жетісу және Алмалы аудандарының тұрғындарына да ыңғайлы болмақ. Жалпы есепте, Медеу, Жетісу, Алмалы аудандарында 515 000-нан астам адам тұрады. Аталмыш бөлімше солардың барлығына қызмет көрсетуге дайын.
ТҮҚЖБ-нің көмегімен жаңа баспана алу мақсатында депозит ашқан 63 жастағы зейнеткер Айжан Төленғұтова өзінің кезекті ай сайынғы салымын дәл осы бөлімшеге келіп құйды.
– Ұлым үйленуді жоспарлап жүргендіктен, оған сыйлық жасағым келді. Сөйтіп, 2005 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» алғашқы есепшотымды ашып, бірден кезекке тұрдым. 5 жыл көлемінде ай сайын 18 000 теңгеден салым жасап, 2010 жылы екі бөлмелі пәтер алдым. Қазір, несие бойынша ай сайынғы төлемім 31 000 теңгені құрайды. Оны әлі 5,5 жылдай төлеп отыруым керек. Алайда тағы бір пәтер алсам деген оймен 2016 жылы екінші рет есепшот аштым. Қазір, міне, сол депозитке салым төлеуге келіп отырмын. Жалпы, мен ТҮҚЖБ-ге үлкен сеніммен қараймын, – дейді банк салымшысы Айжан Төленғұтова.
Мирас Бейсембаев осы жылы Алматы қаласында әлеуметтік тұрғын үй бағдарламалары белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Мәселен, осыдан бір күн бұрын Алматы әкімдігі мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Алматы Жастары» бағдарламасының қорытындысын шығарды. Бағдарлама аясында қала әкімдігі 1 млрд теңге қаржы бөлген. Бұл 35 жасқа дейінгі 100-ден астам жас алматылықтардың несие алуына мүмкіндік берді. Олардың барлығы ТҮҚЖБ-ден жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайтын несие алып, жаңа пәтер иелері атанды.
Ағымдағы жылдың 11 айында елдегі ипотекалық нарық көлемінің 75%-ын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» берген. Оған қоса, ТҮҚЖБ Екінші деңгейлі банктер ішінде кредит қоржыны бойынша сапасы ең жоғары банк болып отыр. Ал банктің NPL (90 күннен артық өтелмеген несиелер) деңгейі 0,33%-ды құрайды.
Бүгінде, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 1 022 521 депозит бар. Жыл басынан бері 309 629 жаңа есепшот ашылған. Және 37 363 қазақстандық қолжетімді несие алып, өзінің тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндігіне ие болды.
Оған қоса, қалалық бағдарлама аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Алматы филиалы салымшыларға 1 шаршы метрі 120 000 теңгені құрайтын 614 пәтерді сатып алу үшін несие берген. Ал «Нұрлы Жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында жергілікті әкімдік желісі бойынша 650 пәтері бар 17 тұрғын үй, «Бәйтерек девелопмент» желісі бойынша 1 134 пәтері бар 18 тұрғын үй салынып жатыр. Бұл үйлер 2018 жылдың алғашқы маусымында қолданысқа берілмек.
qazaquni.kz