Көлгінов БҚО ауылына 20 жыл бойы күткен мәдениет үйін салдырды
2017 ж. 05 желтоқсан
3364
3
ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Теректі ауданы Подстепный ауылында жаңа Мəдениет үйі ашылды. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы zhaikpress.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, Подстепный Орал қаласынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан. 10 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда 20 жылдан бері мəдениет ошағы салынбаған.
- «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында əлеуметтік нысандар жөнделуде. Елбасымыз айтқандай, рухани жаңғыруда мəдени құндылықтардың маңызы зор. Міне, подстепныйлықтар ұзақ уақыт күткен мəдени нысан да ашылды. Биыл облыс бойынша көптеген игі іс қолға алынды. Теректі ауданы орталығындағы Тəуелсіздік көшесінің 3,5 км жолы асфальтталды. Аудандық аурухана да күрделі жөндеуден өтуде. Биыл облыста 20-дан астам ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылса, соның ішінде, Теректідегі 5 елді мекенге таза ауыз су жеткізілді. Келесі жылы Подстепныйдағы ауылішілік жолдар асфальтталып, жанына жүргінші жолы салынады, - деді Мəдениет үйінің ашылуында облыс əкімі Алтай Көлгінов.
Екі қабатты Мəдениет үйінің құрылысын жүргізген «Альтаир» ЖШС-ның директоры Сергей Потиченко биыл қолға алынған бұл жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланғанымен, облыс бюджетінен қаржы бөлінуіне байланысты ерте аяқтағандарын айтты. Құрылысқа жергілікті бюджеттен 319 млн 628 мың теңге қаржы жұмсалған. Нысанды салуға 50 адам еңбек еткен. Көрермен залында 300 адамға лайықталған 60 театр креслосы бар. Теректі аудандық мəдениет жəне демалыс орталығының директоры Мəулен Жұбатовтың айтуынша, мұнда ашылған бес үйірме балаларды өнерге баулиды.