Қазақстанның кей өңірлерінде тұрғындар өзен суын ішуге мәжбүр
2017 ж. 26 қараша
2547
2
ҚР Парламент Мәжілісінде елді мекендердi сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері тыңдалды. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой елiмiздегi барлық сумен жабдықтау объектілерін тексерудi жиiлету керек деген пiкiр айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Адам денсаулығын сақтауда судың рөлі жоғары екендігі сөзсіз, оны жеткіліксіз пайдалану немесе сапасыз суды пайдалану кезінде аурулардың даму қаупі туындайды. Елбасы бастамашылық еткен бағдарламаларды жүзеге асыру барысында мемлекет тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жақсара түсті. Жұмыс істемейтін су құбырларының үлес салмағы 2 еседен аса: 2011 жылы 99-дан 2016 жылы 43-ке дейін қысқарды, А вирусты гепатитi 23 есеге, жіті ішек инфекциясы 2 есеге дейін төмендедi», - деді вице-министр.
Дегенмен, Алексей Цой позитивті нәтижелерге қарамастан, адам денсаулығына теріс әсер ететін бірқатар проблема бар екенiн айтып өтті. Оның мәлiметiнше, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының 68 елді мекенінің тұрғындары (тұрғындардың 0,2%) бұлақтар мен шағын өзендерден тазартылмаған суды ауыз су ретінде пайдалануға мәжбүр.
«Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарының жеке елді мекендерінде су дайындау құрылыстары қайта құруды және күрделі жөндеу жүргізуді талап етеді. Нәтижесінде оларда суды тазарту тиімділігі өте төмен, ауыз су сапасы талап етілетін параметрлерге жетпейді», - деп атап өтті вице-министр.
Бұл ретте, ластанған суды пайдалану жіті инфекциялық ауруларының туындауына себепкер болуы мүмкін, сонымен қатар, адамның негізгі өмірлік қызмет функцияларына да әсерін тигізуі мүмкін. Су сапасының халық денсаулығына әсерi Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында көрiнiп отыр. Бұл жерлерде бүйректе тас жиналу жиiлеген.
«Ауылды елді мекендерде әкімдіктер жанында сумен жабдықтау объектілеріне қызмет көрсетуге арналған және барлық деңгейлерде өндірістік зертханалық бақылауды жүзеге асыратын ұйымдарды құру жөніндегі Министрліктің ұсыныстары «Ақ бұлақ» бағдарламасына енгізілген. Бірақ, сумен жабдықтау объектілерін балансқа қабылдау және кейін оларға қызмет көрсету мәселесі іс жүзінде барлық аймақта өзекті болып отыр», - дедi вице-министр.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 120-дан астам су құбыры және 600-ден астам орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көзі ведомство жағынан жабыдықталмаған, 130-дан астам су құбыры өндірістік бақылаумен қамтылмаған. Баланс ұстаушылардың және қызмет көрсету ұйымдарының болмауы сумен жабдықтау объектілерінің санитарлық-техникалық жағдайына әсер етеді. Бұдан басқа, апаттарды жою бойынша жедел шараларды қабылдамау, жүйелерді жуу және дезинфекциялау бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізбеу ауыз суды екінші рет ластауға, сонымен қатар, тұрғындардың ауруға шалдығуына әкеледі. Бұнымен қоса, осындай жағдайда иесіз объектіге тексеру жүргізуге мүмкіндік жоқ.
«Кез келген уақытта қауырт эпидемиологиялық жағдайдың туындауын ескере отырып, жергілікті атқарушы органдарға сумен жабдықтау объектілерін талаптарға сәйкес келтіру және иесіз сумен жабдықтау объектілерін балансқа тапсыру, оларға қызмет көрсету үшін ұйымдарды анықтау, сонымен қоса барлық сумен жабдықтау көздері мен жүйелерін өндірістік бақылаумен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту қажет», - дейдi Цой.
Алексей Цой қызмет көрсетілетін халық саны 2 мыңға дейінгi елді мекендерде орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері бақылаудан алынғанын айтты. Сонымен қатар, соңғы жылдары орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне тексеру жиілігі жылына 1 ретке дейін қысқартылған. Бұл тұрғыда алдын алу шараларын іске асыру, талдау жүргізу және су сапасының халық денсаулығына әсерiн анықтау қиын.
«Денсаулық сақтау министрлігі өз кезегінде аймақтарға, аудандық деңгейдегі объектілерді қоса алғанда, өндірістік бақылауды ұйымдастырып, жүргізуге көмегін көрсетуге дайын. Осыған байланысты, бақылауды күшейту мақсатында депутаттарды, мүдделі мемлекеттік органдарды және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын Денсаулық сақтау министрлігінің барлық сумен жабдықтау объектілерін тексеру жиілігін қарастыру туралы ұсынысын қолдауды сұраймын», - деп түйiндедi вице-министр.