Атамқұловтың қай сөзіне сенеміз?!
2017 ж. 17 қараша
3215
2
Торғай, сенен көрдім ерлік бұлағын,
Сол бұлағың болды ұлғайып ұлы ағын.
Жер түбінде кісінесе бір жылқы,
Құлындары қайшылайды құлағын.
Қадыр Мырза Әлі
Қазақтың қадыры – Қадыр ағамыздың осы бір өлең шумағынан санасының саңылауы бар зиялы оқырмандардың көрнекті ақынның негізгі айтпақ ойын бірден аңғарары анық. Қазақтың Ұлы Даласынан ежелден еншісі ешқашан бөлінбеген Торғай жері – еліміз үшін Түркістан мен Ұлытау сынды қасиетті де киелі мекен болып саналады. Осы қасиетті мекенде қазақтың һас батырларының бірі емес бірегейі саналатын Шақшақ Жәнібек бабамыз бен Алаш асылдары – Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов аталарымыз дүниеге келген. Мұндай атақ-даңқтары жер бетіне жайылған жандар, санамалай бастасаң бұл өңірде жетіп артылады. Жер көлемі жағынан Еуропаның кез келген мемлекетіне пара-пар Торғай жері (Жангелді ауданы деп аталады – авт.) соңғы кездері кең байтақ жерімізге сұқ көздерін қадаған Ресейліктердің тікелей нысанына айналды.
Олар бұл ниеттерін ешкімнен де жасырмай, (Роскосмостың өкілдері – авт.) Торғай жеріне өлердей жерік екендерін ашықтан-ашық айтып жүр. Бұл сөзіме бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде беріліп жатқан және әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген ақпараттар айқын дәлел бола алады. Бағы жанбаған Торғай жерін Ресейліктер сынақ алаңына (полигон) айналдырайын деп жатыр екен – деген сөз құлағыма жетісімен жайлы үйімде жай тауып жата алмай, бір ғасырдан астам тарихы бар ұлт басылымдарының атасы саналатын «Қазақ» газетіне «Торғайдағы толқу» атты мақала (№ 32, 18 тамыз) жаздым. Бұл менің туған жерім – Торғайыма, ондағы тыныштығымызды ешкімге бұзғызбаймыз – деп бозторғайлардай шырылдаған жерлестеріме қосқан үнім еді. Ат жалын тартып мінген кез келген қазақ азаматына атамекенінің тағдыры таразы басына тартылып жатқанда, бозторғайдай шырылдап оның тағдырына араласпаса үлкен сын емес пе?! Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Бақыт құсы бағына қонған 1970-1987, 1991-1997 жылдары Торғай өңірі қалай көркейіп еді?! Осы уақыттары оның бағында жүріп есейгенімді, қанатымның қатайғанын қалай ұмытайын?! Тағдыр тәлкегіне бір емес, бірнеше рет ұрынған Торғай халқының әр кезеңде көрген «қызығы мен шыжығы» аз болмаған. Бірақ «көппен көрген ұлы той» деп жергілікті жұрт бастарына түскен қиындықтармен өз беттерінше күресіп келеді. Кіндіктерінен күрмеліп байланған атажұртын қимағандықтан тағдырларының кермек дәмін мол тартса да, табандылықтарынан таймауда. Бір сәт статистикаға көз жүгіртсек, Тәуелсіздік алған жылдары Торғай халқының (аудан бойынша – авт.) саны 34600 адам болғанын көреміз. Тарихты одан әрі парақтай түссек, Торғай жұртының саны өткен 1932 жылдың басындағы 47000 адамнан, қолдан жасалған аштықтан қырылғаны бар, бас сауғалап жан-жаққа босып кеткендерін қосып есептегенде 10 мыңға жетпейтін торғайлық қалғанын көреміз. Мұны бүкіл қазақ жұрты, қазақ елі басынан өткерген нәубеттің кесірі деп қабылдасақ, қазіргі Торғай халқының саны 11 мыңға жетер-жетпес болып қалғанын немен түсіндіреміз?!
Бұл Торғай жұртының нәубет жылдарындағыдай беттерінің ауған жағына бас сауғалап кетті деген сөз емес. Мен мұны оқырмандарға Елбасымыздың Тәуелсіздігімізді алған елең-алаң өлара тұстары айтқан: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, оның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс-қимыл жүйесін жасауы қажет». (Н. Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қоғамның бірлігінде») деген сөзімен түсіндірер едім. Бұл торғайлықтардың Елбасымыздың айтқан сөзіне сеніп, сенім артты деген сөз. Сол тұстары Ресейдің қаба сақал Солженицын деген жазушысы ақпарат беттеріне «Ресейді қалай гүлдендіреміз?» атты көлдей мақала жазып, Қазақстанның – Солтүстік 5 облысы ежелден Ресейдің жері еді деп көлгірсіді. Оған жынды адамдай желпініп сөйлейтін саясаткерсымақ Жириновский деген әпербақан қосылып, теледидардан қолын оңды-солды сермеп: «Қазақтарға қала салып керегі не? (Астананы айтып отыр – авт.) Олар көшіп-қонуға еттері үйренген көшпенді халық, киіз үйлерін арқалап, бастарының ауған жағына бара берсін. Бізге тиесілі жерімізді босатып берсе болғаны» деп лепірді. Көбік ауыз көпірме Жириновскийдің сол сөздерін тыңдаған көрермендер естерінен шығармаған болар. Олардың негізсіз айтқан сөздеріне имандай сенген бұрынғы КСРО-ның бас хатшысы (Халық арасында меңді Михаил деген аты қалған – авт.) Горбачев сол тұстары биік мінберден: «Қазақтандағы Ресейге тиесілі 5 облысымызды не істейміз?» деп міңгірледі. Өздеріне бағынышты болған республикалардың тарихын терең білмеген (Білсе алып Одақты орға құлатпас еді ғой – авт.) жетесіз басшы не демейді?! Ондай әумесермен айтысып кім бәйге алған?! Солтүстік облыстарымыздың тағдыры осылай негізсіз таразы басына тартылғанда Елбасымыз, амалсыздан шекарамызды шегендеу мақсатында ұлы Абай елі – Семей облысы мен Алаштың ардағы, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың елі – Торғай облыстарын жабуға мәжбүр болды. Сол себептен бұрынғы Торғай облысының тұрғындарының басым көпшілігі Қостанай облысына қоныс аударды. Бұл әрекеттерінен олар ұтпаса, ұтылмады. Ұлы Даламыздың ұлағатты ұл-қыздары атанып ұлтымыздың, қазақ жерінің атын шығарды. Бірақ, өздерін бұрынғыдай қазақтардың, «үлкен ағаларындай» сезінетін орыстар, оларсыз күндерімізді көре алмайтындай, одырайып ақыл айтуларын, болашағымызға жол көрсетулерін қояр емес. Біздерді «жарылқамақ» ниетте Торғай төңірегінен сынақ алаңын (полигон) ашып, «көп дүниеге» көзімізді ашуға талпыныс жасауда. Талпыныс – дегенім жұқалап айтқаным болар, бар шаруалары Торғай жеріне тіреліп қалғандай, тас кенеше жабысып, қадалған жерімізден қан алмай тынбаймыз – деген қалып танытуда. Олардың бұл ниеттерін барынша қолдап, солардың сойылын соғып жүрген Қорғаныс және аэроғарыш министрі – Бейбіт Атамқұлов мырзаның істеп жатқан ісәрекетін түсіне алмай, шақшадай басым шарадай болды. Бұл сөзімді оның бүкіл еліміздің алдында ашықтан-ашық Ресейдің мүддесін қорғап шыр-пыр болып жүргенін куәгер керек етпейтін көзіммен көргеннен кейін айтып отырмын.
Ағымдағы жылдың 6 қазанында Жангелді ауданының орталығы Торғай селосында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан алдағы уақытта Ресейдің «Союз-2» зымыранын ғарышқа ұшыруына байланысты, оның қоршаған ортаға қандай әсері болатыны жайлы қоғамдық талқылау болып өтті. Сол қоғамдық талқылауға облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамедов, ғарышкер Айдын Айымбетов, республикалық және облыстық қоршаған ортаны қорғау (экология) комитетінің басқа да мекемелердің қызметкерлері қатынасып, зымыранның зиянды еместігіне түсінік берді. «Өтірікшінің куәгері қасында» дегендей Атамқұовтың ертіп келген адамдары, оның аузынан шыққан сөздеріне бастарын шұлғумен болыпты. Аспаннан зымырандардың қалдықтары жауатын Ақкөл аумағынан сынамалар алынып, лабораториялық тексерістен өткенін растапты. Олай болатын болса, олар осы мақаланың соңында айтылатын оқыс оқиғаны немен түсіндіреді?! Жергілікті тұрғындардың: «Соңғы кездері тұрғындардың арасында түрлі белгісіз аурудың белең алып, бара жатқанын» айтып, қандай көмек болар екен? деген сұрағына, қатар орналасқан екі ауылға (Ақкөл, Южный) екі «жедел жәрдем» автокөлігін береміз» деп алдаусыратыпты».
Айта кетейік, Атамқұлов мырза сол жиынға үлкен дайындықпен келіпті. Жиын барысында бір емес бірнеше рет сөз алып, ұшырылуы жоспарланып отырған зымырандардан жергілікті халыққа тиер еш залалы болмайтынын қайта-қайта айтып, «ағынан» жарылыпты. Сол зымырандарды Қазақстанның бос жатқан жерлеріне неге жібермейсіздер, сонда неге құлатпайсыздар?» деген жергілікті жұрттың сұрағына: «Ғарышқа ұшырылатын зымырандардың кеңістікте өз траекториясы, өз жолы болады. Оны өзгертуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, аспан асты қаншама кең болса да, онда бос орын жоқ» деп жауап қайырыпты. Қайырлы болсын! Ол қызды-қыздымен «Роскосмостың» өкілі ретінде жауап бергені несі?! Қызды-қыздыдан шығады, осы мәселе алғаш қозғалғанда, Торғай жұрты Үкімет басшысына, оның мүшесі Атамқұлов мырзаға ашынып ашық хат жазған болатын. Сонда екіншісі бүкіл еліміздің алдында телеарналардан: «Бұл мәселе бойынша Торғай жұртына өзім барып түсінік беремін» деп уәде берген еді. Бірақ «сан-сапалақ» жұмыстан қолы босамай, Торғайлықтарға тек 6 қазан күні төбесін көрсетті.
Ол бір сөзінде: «Біздер басында ғарышқа ұшырылатын зымырандардың қалдықтарын Қостанайдың төңірегіне құлайтындай етіп жоспарлаған едік, бірақ ол маңда елді-мекендердің бір-біріне тығыз орналасқанын ескеріп, ол райымыздан тез қайттық» деп қалды. Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі – деген. Кезінде қараңғылықтан қалың ұйқыға кеткен қазақты, жерлес Ахмет, Міржақып аталарымыз бірі маса болып ызыңдап, екіншісі «Оян, қазақ» деп оята алмаса, ол заман қазір артта қалған. Қазіргі қазақтың «Ойлан қазақ» деп рухани жаңғыру жайлы ой ойлап жүргенінен Атамқұлов мырзаның хабары болмағаны ма?!
Сонда, сол жиынға қатынасып отырған Рахым Рыскелдин ағамыз: «Сол себептен Торғайды құрбандыққа шалып отырмыз» десейші депті. Сол кезде Атамқұлов мырза: «Сіздер қанша жерден бұл іске қарсы болсаңыздар да, бұл мәселе бойынша 2014 жылы екі ел басшылары келісіп қойған шаруа. Бұрынғы облыс әкімі Садуақасов пен аудан әкімі А. Кенжеғариндердің: «Ресейдің зымырандарын Торғай жеріне құлатуына жергілікті халық қарсы емес» деген қолдары қойылған қағаз да бар екенін алға тартыпты. Әйтеуір қандай деңгейдегі басшы болмасын, қара халықты қалқан қылып алдарына тартуларын әдеттеріне айналдырып алды ғой! Бұл мәселеге әкімдердің қандай қатысы бар?! «Жер туралы заңымызда» әкімдердің оған билігі жүрмейтіні анық жазылған ғой. Одан министр мырзаның хабары болмағаны ма?! Жұрт оның аузынан шыққан сөзін «Суға кеткен тал қармайдыға жатқызыпты. Сонда да, осы мәселе жөнінде ауданның бұрынғы әкімі аттас інім Кенжеғаринмен телефон арқылы сөйлескенімде: «Асеке, болған істің қай басшы аражігін ашып айтсын?! Мен «Роскосмосқа» жер бөлу жөнінде ешқандай қағазға қол қойған жоқпын. Оған құқым да жоқ. Оны айтып жүрген адамның білімі жетпегені ме?!» деген болатын. Мен Торғайда болған осы қоғамдық талқылаудың бел ортасында болған, жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Нұридден Молдабеков ақсақалмен тілдескенімде, ол кісі маған: «Қалқам, Асқаржан, мұндай маңызды мәселені шешу кезінде қызу пікір-талас болатыны белгілі. Менің байқағаным, осы жиынды басқарып отырған облыс әкімі А. Мұхамедов қызбалыққа салынбай, үлкен сабырлылық танытқаны болды. Оның жергілікті халықтың мұң-мұқтажын жүрегімен терең түсініп отырғанын көкірегімнің көзімен көрдім. Қазақта: «Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді» деген сөз бар екенін білесің, соның кебі келді» деген еді. Жиын барысында Атамқұлов мырза: «Сіздердің аудандарыңызға қарасты Ақкөл мен Қарасу ауылдарының маңындағы Шөптікөл елді-мекеніне тиесілі 76 мың гектер жерге зымыран қалдықтары құлайды. Ол қалдықтарды жинап алуға Ресей тарапынан жылына 152 млн. теңге бөлінеді. Оны үш жылға көбейтсеңіз 456 млн теңге болады. Екі елдің басшыларының келісім шарты осындай» дегенде Кәкімжан Карбозов дейтін ақсақал: «Онда екі елдің басшылары келісіп шешкен шаруаға» біз араласпайық, қайта оған қолдау көрсетейік» деп сылқ ете түсіпті.
Үнемі әкім-қаралардың қасында жүретін ақсақалдың бұл сөзін, жиынға қатынасушылар «осы кісі бірденені біліп, жөн сөз айтып отырдыға» жорып, бастарын шұлғыпты. Одан арғысы, айтпаса да белгілі ғой. Облыс әкімінің: «Осы қоғамдық талқылаудан кейін комиссия мүшелері нақты шешім қабылдап, олардың шешімдері орталықтағы құзырлы органдарға жіберіліп, тиісті сараптама жасалады» деген сөзі жайына қалып, жоғарғы жаққа: «Қоғамдық талқылау сәтті өтіп, жергілікті жұрттың басым бөлігінің қолдауына ие болды» деген баянхат жолданса керек. Осы ғарышқа ұшырылып жатқан зымырандардың зиянды жағын жыр қылып, айтуға болады. Бірақ, ол жайында сөз бола қалса, тілімізді тістеп шыға келетінімізді түсінбеймін. Өткен 80 жылдардың басында Торғай өңірінің Аққұм, Айырқұм атты ауылдарында ақбөкен деп атайтын киіктердің топ-топ болып, мыңдап қырылып қалғанын куәгер керек етпейтін көзімізбен көрдік. Сол кезде аудан басшылары: «Бұл радиациядан болған» деп қанша жерден дабыл қақса да, Москвадан, Алматыдан арнайы шақыртылған профессорлар олардың сөздерін бос болжамға балап, киіктердің қырылуына «пастеролиоз» ауруы себепкер болды деп диагноз қойған болатын. Сол диагноз қырық жылға жуық уақыт өтсе де бір өзгермей келеді.
Түйенің танығаны жапырақ – дегендей, Атамқұлов мырза да ғарышқа ұшыратын зымырандарды экологиялық таза өнімге балап, оларға шаң жуытпауда. Ол Торғайда болған қоғамдық талқылаудан кейін, 31 телеарнаның жүргізушілеріне осындай сұхбат берген болатын. Осы телеарнаның операторлары сол кездері Ақкөл ауылына (Ахмет Байтұрсынов атамыздың туған ауылы – авт.) арнайы барып, көрген жанның жаны түршігетін түсірілім түсіріп, оны көзі қарақты көрермендерге көрсеткен болатын. Сол көрсетілімді көрген жандардың төбе шаштары тік тұрған-ақ шығар! Бір ауыл тұрғынының сойып жатқан сиырының ішінен екі басты бұзау шығыпты. Бұл табиғи ауытқудың алғашқы белгісі ма деп қаласың. Адамның аузы барып айта бермейтін жаман ауруды айтпағанда, соңғы кезде өмірге келіп жатқан кейбір балалардың «Дауна синдромымен» дүние есігін ашатынын немен түсіндіреміз?! Қай ата-ана: «Баламыз, кемтар болып туды» деп кімнен «сүйінші» сұрасын?! Осы табиғи ауытқулар жайлы айтар сөзім, соңғы уақытта аузыма сыймайтын болды. Біреулердің айтқанын өтірікке жатқызайын десең, көзбен көрген құбыжық көріністерім сенбесіме қоймай, оңаша ойдың отауына жетелейді. Өтірік дегеннен шығады. Өтіріктің үш түрі болады» деген екен американдық Марк Твен атты сыншы-жазушы. Оның айтқан үш өтірігінің (ложь, наглая ложь и статистика) біздің қоғамда қайсысы басым деген сұрақ мені жиі мазалайды. Егер ақиқат пен өтірікті таразы басына салып, қатар таразылайтын болсақ арсыз өтірік жағы басымдау ма – деп қаламын. Олай деуіме жоғарыда келтірген деректерім мен Атамқұлов мырзаның 31 телеарнаға: «Ғарышқа ұшырылатын зымырандар таза экологиялық өнімдерден жасалған» деп, «ағынан жарылып» берген сұхбаты итермелейді. Жақында телеарналардың бірінен: «Жақында Байқоңыр айлағынан жаңа құрылыс кешенінің құрылысы қолға алынды. Одан алдағы уақытта ғарышқа қауіпсіз зымырандар ұшырылатын болады. Кешеннің құрылысы 2024 жылы аяқталады» деген хабарлама берілді. Бұл не деген сәйкессіздік?! Жалпы, «Қазғарыштың» ақпаратына көз жүгіртіп, түрлі азаматтық қозғалыстардың мүшелерінің айтқандарына құлақ түрсек, көп дүниеге көзімізді жеткіземіз. Сондай қозғалыстардың бірі «Антигептил» азаматтық қозғалысының мүшесі – Мақсат Илиясұлының айтуынша аспанға ұшырылатын зымырындарға қатысты көптеген зерттеулер жасалып, түрлі ақпараттар сүзгіден өткізіліпті. Осы саланың мамандарының пайымдауынша үш сатыдан тұратын зымырандардың бірінші сатысына гептил құйылмай, қанша жерден таза керосин құйсаңда ол орбитаға көтеріле алмайтын көрінеді. Сонда «өзеннен өтіп алғанша қызымды беремін» деп торғайлық ақсақалдардың алдында ант-су ішкен Атамқұлов мырзаның қай сөзіне сенеміз?!
Асқарбек БЕКТЕМІСОВ, журналист-жазушы
Abai.kz