Руза Бейсенбайтегі: Өмірімнің ақырына дейін қазақ тілін насихаттаймын
2017 ж. 16 қараша
3489
28
Белгілі ұлтшыл-патриот өз балаларының неге қазақша сөйлемейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, марқұм күйеуінің қазақылығы болмаған, ал 35 жасында жалғыз қалып, отбасындағы бар бейнетті өзі көтергендіктен, қыздарына қазақы тәрбие беруге уақыты болмапты.
Павлодарлық Руза Бейсенбайтегі өзінің Фейсбуктегі парақшасында осыны айтып, ағынан жарылды, деп хабарлайды Caravan.kz.
Оның үлкен қызымен араласпай жүргеніне 7-8 жыл өткен. Одан кейінгі екі қызына қазақы тәрбие беруге барынша тырысқан. Бірақ олар да көзден тайса болды, орысша сөйлейді екен.
«Әсіресе, соңғы жұмыс орным – жеке кәсіпкерлікке дейін зауытта күндіз орысша, кешке, түнде қазақшаға барлық күндізгі жұмысымды аударып, кабинетімде 4 тақта қойып, ұйықтайтын кездерім де жиі болатын. Орыс басшым: «Руза, мы же не перешли на стандарт казахского языка» дегеніне қарамай, қол қойғызатынмын... Ақсуға күнде барып-келіп істейтінмін (6:30-да шығып, 8-де келіп...). Сонда қыздарымды жіберіп алдым ба, білмеймін. Жаппай дерлік орысша ТВ. Оны үйге кірген бетте өшіртем. Ғалымдар геннің рөлі бар деп те айтады. Әкелері тірі кезінде сен ұлтшылсың деп кінәлайтын. Өзі өз тілін жаман білетін, сөйлегісі де келмеді... Жастайымнан шықтым тұрмысқа, өзім "орыс" болғанда. Бір жағынан, барлық посткеңестік республикалар өз тілін тұғырына қондырғанда, Қазақстан билігі бізді әлі күнге орыс тілінің көлеңкесінде ұстап отыр... Қоғам, олардың қоршаған ортасы, баршамыз осы көлеңкеде өмір сүріп жатқандықтан, қыздарым да сонда. Өкінішке қарай, өзімдегі рух, ұлтшылдық оларға жетпей қалған секілді. Не әкелерінің гені басып кетті ме... Кейде «мен сияқты тілі үшін арпалыспайтын басқа аналардың балалары қазақша сөйлеп жүр ғой, менікі неге солай» деп жылаймын» дейді Р.Бейсенбайтегі.
Десе де, қоғам белсендісі кейінгі екі қызынан үлкен үміт күтетінін айтқан.
«Өзім 28 жасымда ояндым. Мүмкін, бұлар да оянар, мен секілді ұлтшыл болар. Үмітсіз өмір сүру мына арпалысқан өмірімде тіпті ауыр. Тек айтарым, қыздарым сондай екен деп үндемей тағы отыра алмаймын, өмірімнің ақырына дейін шамам келгенше насихаттап, талап етіп етем тілімді. Менің қыздарыма өмір жолында кездесетін адамдар, әсіресе, өзі сияқты жастар насихат жасаса, ол да сеп болар ма еді ұлтшылдықтың оянуына. Міне, достарым, даттасаң да, кінәләсаң да, тілі деп өмір сүретін Рузаның өз өмірі осындай» дейді жазба авторы.