Назарбаев: Біз Үшінші дүниежүзілік соғысты бастан кешіп жатырмыз
2017 ж. 14 қараша
3438
22
Қазақстан басшысы террористік белсенділік нашар дамыған елдерден қуатты мемлекеттерге ауысып жатқанын атап өтті. Бұл туралы Sputniknews.kz хабарлады.
ҚР президенті халықаралық терроризм шекара талғамайтынын және жер шарының кез келген түкпірі жойқын соққылардың нысанына айналуы мүмкін екенін атап өтті.
"Үшінші мыңжылдық басталғалы бері теракт саны, қаза тапқандар саны сияқты, 10 есеге өсті. 2016 жылы әлемнің 104 елінде теракті болды. Бұл әлемнің жартысынан астамы, яғни географиясы мен ауқымы жағынан біз шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғысты бастан кешіп жатырмыз. Террорлық актілерге қарсы соғыста жүрміз», — деді Назарбаев.
Президент терроризм дамушы елдерден дамыған елдерге ауысып жатқанын айтты.
Жаһандық терроризм индексінің мәліметінше, 2015 жыл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері үшін ең ауыр жыл болды. 731 шабуыл жасалды, ЭЫДҰ-ға мүше 34 елдің 21-інде лаңкестік әрекет болды.
"Ислам атын жамылған ағымдар көптеген елдің аумағына еніп, өз ықпалын тарату аймағын кеңейтуде. Қарама-қайшылыққа қарамастан, әлемдік өңірлік державалар Таяу Шығыста ДАИШ-қа қарсы күресте іс-қимылды үйлестіре білді. Алайда күйреген содырлар өз ошақтарын басқа аумақтарда жандандыра бастайтынын да ұмытпау керек. Бұл бүкіл Еуразия үшін күрделі сын-қатер», — деп түйіндеді Назарбаев.
Astana Club – халықаралық пікірталас алаңы. Мұнда жетекші сарапшылар мен саясаттанушылар, бұрынғы және қазіргі мемлекет басшылары кездесіп, Еуразия өңіріне ықпал ететін маңызды әлемдік проблемаларды талқылайды.