Шахановқа қарсы шығу – қазаққа қарсы шығу
2017 ж. 15 қазан
5989
30
Интернеттен “Правда о лжи господина Никто” деген Мұхтар ағамды күстаналаған мақала оқыдым. Мұндайда «Іріген ауыздан – шіріген сөз шығады», - дейді қазақ мақалы...
...Мүңкіген, сасыған, бықырған, шірігі қолқаңды қапқан иіске шыдаудың өзі қиын. Шатты-бұтты шатпақты оқығанда, осындай күйге түстім... Жоға, ашу-ызаға булыққам жоқ, намысымды да қайшыламадым. Қырықтың қырқасынан астым: талайдың үргенін де, керуеннің көшкенін де көрдік. Тек, әлгі жан шыдатпас шірік иіс жүрегімді лоқсыта берді... Әп-сәтте көзім ілінген екен: шелектеп құйған жаңбырдың астында үсті-басы кір-қожалақ, аузы-мұрны сатпақ-сатпақ, шүңірейген көздерін былшық басқан салпаңқұлақ-сабалақ мөлиіп, жуынды сіміріп-қорқылдаған шошқаға қадалып тұр екен...
...Шариғатта Жаратқан Иеміздің бұйрығынан бас тартқан бұрынғы періштенің Адам Атаға бас имеген сәтінен бастап, жер бетінде «көре алмаушылық» деген қызыл иттің пайда болу мен Ібілістің жұмақтан қуылуы, сірә, адамзат тарихындағы нағыз ақиқаттың өзі болса керек. Тіпті, «көре алмаушылықтың» иман келтірген таза тақуалардың бойына жұқпай, кіл Хақтың қаһарына ұшыраған шайтанның құйыршықтарына қонуы да, турасын айтсақ, қатты қатігездік секілді көрінгенімен, әділдіктің ақ туының желбіреуіне көбірек ұқсайды...
Талас жоқ, талабы кем, таланты тапшы жандардың мықтының шыңына қанша мықшыңдағанымен, дарындының асуына қанша құлшынғанымен ғұмырында шыға алмасын сезінуі – қандай аянышты бейшаралық көрініс десеңші!..
...Қазақта мықты Мұхтар көп емес. Көзі тірі, көкірегі ояу, намысы қуатты, рухы күштісі – Шаханов! Қазақтың қамын қорғаған да, ожданын қозғаған да – әзірге жалғыз Мұхтар Шаханов! Айғырдың тезегіндей үйілген ұлтымыздың өзге зиялылары не ұялып отыр, не «қиналып» отыр...
Мұқаңды қазақтың қаптаған хас дұшпандары талағысы-ақ келеді...
Мейлі, қытайың, орысың, американың (яғни, жөйтің), тіпті, «өзімсіген» өзбегің болсын – қазақтың кесіп түсер өткір семсері – Шахановтың омыртқасын опырып тастауды аңсайды... Қазақтың суын ішіп, нанын тауысқан орыс пен жөйттің, кәріс пен хохолдың Шахановқа қарсы шығуы – қазақ тіліне қарсы шығуы; Шахановты жек көруі – қазақты жек көруі. Мәселенің мәнісі де, өмірдің шыңғырған шындығы да осы! Ендеше, Өзін ұнатпайтын, ұлтын жаратпайтын кергіген келімсекпен де; қазағын қолдамайтын, ділін қорғамайтын қандас-еріншекпен де Шаханов ортақ шатырдың астында тұра алмайды. Қазағын құрметтеп, табиғи болмысын түсінуге тырыспаған тырысқақтарменен бір мүдде қуып, бірегей тірлік кешу мүмкін бе?!.
«...Түсінбеген кінәлі емес десек те, Қылмыспен тең – түсінуге тырыспау» Турасын айтатын, тастөбеден түсіп, тәлтірекке түсіретін Мұқаң осылай ашыныпты... Адамды алыстатып, қоғамды қағыстыратын басты пәлекет те дәп осы – түсінісуден қалу, ұғынысуға ұмтылмау, түсінісуге тырыспау емес пе! «Адам – түсініскенше, жылқы – кісініскенше» дейтін даналықтан асырып кім айта алыпты?!.
* * *
...Амал нешік, Абай бабасындай «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!..» деген Мұқтар көкемді де түсінбейтіндердің тобыры ұлғайып барады. Тырнақ астынан кір іздеп, өткен-кеткенді қаузап, Мұқаңды ұлы мүддеден – ұлттық мүддеден адастырғысы келген көркөкіректердің тізбегі түгесілер емес. Сұрқия дұшпан ашық алаңға шықпайды, тасадан тас атады. Сүйек тастап, қимас қандасыңды қанжығаңа жармастырады. Мәңгүртіңді дуалап, мутантыңды айдақтайды...
Шахановтың намысқа ширыққан, ызаға булыққан, қарсыласын кірш-кірш шайнаған алып «азуынан» қазағының (мәңгүрт болсын, мутант болсын, бәрібір!) қаны сорғалап, «өр кеуделі арыстың өзегі бірге өртенсін» деп, «Ешкім емес Мырзаның өтірігі туралы шындық» айтақ болып есекдәмеленеді, дімкәс-ділмәрлар...
Қазақтың бата да шашқан, қате де басқан биік бәйтерегі Дінмұхамед Қонаевқа – ұлтымыздың шыңмен таласқан шынары Мұхтар Шахановты қарсы қойғысы келіп, арамтер болады...
Айталық, Қонаев пен Шахановты қатар қонған толағайлы таулар десек – етегінде езілген тобыр доңыздың нәжісі қос алыпты қалайша бір-бірімен қалай қағыстыра алады?!. Қандыбалақ кеңестің, қызыл коммунизмнің, қылмыскер Кремльдің кешегі топалаң заманда Алматыда жалғыз қазақ мектебі мен жалғыз қазақ балабақшасын қалдырып, қалғанын қиратып-талқандағанын көріп отырып – көлгірсиді, біліп тұрып – білгішсінеді...
Харам қаламмен арам асқа қарнын қампайтқан қасиетсіздің әрбір сөзіне дәлел тауып, әрбір сандырағына жауап іздеуден гөрі, кесірдің «кендірін» қиып жіберу – анағұрлым жеңіл һәм сауапты іс болар еді...
Шерлі Шәкәрім қажы: «Жүрекпен сенбей, иман жоқ!» депті... Кәпір мен кәпірдің көжелесінен қай мүмін иман дәметсін!!!
* * *
...Сұлтан Алпарслан 27 мың әскерімен Византия топырақтарына ілгерілеп келе жатқанда, барлауға жіберген әскерлерінің біреуі алдына келіп, айрықша үреймен: «300 мың адамдық дұшпан әскері бізге жақындап келеді» – депті. Сонда сабырынан жаңылмаған айбатты Алпарслан сұлтан: «БІЗ ДЕ ОЛАРҒА ЖАҚЫНДАП КЕЛЕМІЗ!» – деген екен...
Сол айтқандай, балаққа жабысып, аяқта шатасқан дұшпандар біліп қойсын: Мұхтар Шаханов – депутаттық мандатсыз, министрлік портфелсіз, әкімдік лауазымынсыз-ақ, қалың қазағының ықыласымен, киелі халқының қалауымен, ержүрек елінің қоштауымен қай-қай қарсыласының да белін бүктеп, қабырғасын қақыратып жіберетін болады...
...Шаханов та сендерге жақындап келеді!..
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz