Премьер-министрден сөгіс алған Бозымбаев бензин әлі де қымбаттайтынын айтты
2017 ж. 11 қазан
2502
1
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жанармай нарығындағы жағдай қашан тұрақталатынын айтты. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлайды.
"Бензин бағасының өсуіне әсер еткен себептер бар. Біріншіден, қыркүйек айында ресейлік бензиннің үлесі біздің нарығымызда 30 пайызға ғана болған. Ал қазан айында Ресей бензинінің үлесі біздің ішкі нарығымызда 40 пайызға жетті. Ал Ресейде бензин бағасы жоғары", — деді Бозымбаев үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.
"Елімізде АИ-92 бензині осы айда 160 мың тонна шығарылады. Ал бензин тұтыну мөлшері қандай болады деген сұраққа жауап берейін. Ол 180-275 мың тонна болуы мүмкін. Сондықтан біз осы айда 100 мыңнан астам АИ-92 бензинді Ресей Федерациясынан импорттайтын боламыз. Сондықтан баға әлі де өсуі мүмкін. 155, 157, 165, болуы мүмкін. Бірақ ол бір айға ғана созылуы ықимал", — деді министр.
Өйткені, айтуынша, осы айдың соңына дейін Павлодар мұнай өңдеу зауыты көп жылға созылған модернизацияны аяқтайды.
"Тиісті қондырғылар іске қосылатын болады. Қараша айында ішкі нарықтағы ресейлік бензиннің үлесі 40 пайыздан 20 пайызға түседі. Сол кезде бағаны тұрақтандыратын әдістеріміз болады. Ал желтоқсанда ресейлік бензиннің үлесі 15 пайыз ғана қалады. Өзіміздің зауыттарда шығарылатын бензиннің бағасына әсер ететін жағдай жасауға мүмкіндік бар. Сондықтан қараша, желтоқсан айынан баға тұрақты болуы керек", — дейді Бозымбаев.
Ал қаңтар айынан бастап еліміздегі үш зауыт ішкі нарықты жанармаймен толық қамтамасыз ететін болады.
"Қаңтар айынан бастап бәрі дұрыс болса, Атырау және Павлодар зауыттары жаңғыртуды бірітеді. Сол кезде бензиннің 100 пайызын еліміздегі үш зауыт қамтамасыз ететін болады. Басқа мемлекеттен тәуелділіктен арыламыз", — деді министр.