Бұл бүкілхалықтық таңдаудың жарқын нәтижесі
Кеше мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдап, жаңа нұсқамен танысты.
– Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, – Елбасы.
Бір қуантарлығы, биліктің халық талабымен санасып, алғашқы нұсқаны өзгерткені болды. Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған ең даулы мәселе – қазақтың төл дауысты – ә, ө, ү дыбыстарының қос әріпті болып келуі болатын. Жаңа нұсқада бұл талап толық шешімін тауып, енді олар бір әріппен, әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылып, апокрифпен белгіленеді. Қорытындысында, халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы дайын болды.
“Көпшіліктің пікірімен санасып, қорытынды жасағандарыңыз дұрыс болды. Латын графикасына әбден қалыптасқан екі диаграф қана бар. Қалған қазақтың төл дыбыстарының бәрі апостолмен береміз. Соған тоқтаймыз. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Осы ұстаным бізді алға жетелейді”, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен қалың жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударып, барша қазақстандықтарға алғыс айтты.
«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталы латын әліпбиінің алғашқы нұсқасындағы даулы мәселелерге белсенді үн қосып, жүйелі түрде мақалалар жариялаған болатын. Әсіресе,
Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ ҚАЗАҚ ҮШІН ЖАҢАРУЫ КЕРЕК» деген, елден ерекше қолдау тапқан терең талдау мен қазақтың төл дауысты дыбыстарының қос әріппен белгіленуіне -диграфтарға қарсы шығып, оларды белгілеудегі ұтымды ұсыныстары жаңа жобада жақсы көрініс тапқанын көріп отырмыз.
Сөзіміз құрғақ болмас үшін ұсынған нұсқаны келтіре кетейік:
"Мысалы, «Ә» әрпін А’, «Ө» әрпін О‘, «Ү» әрпін U‘, «Ғ» әрпін G’, «Ң» әрпін N’, «І і» әрпін І і, «Ш» әрпін S’, «Ж» әрпін Z’ деп, апокрифпен белгілеуге болмай ма? Бұл апокрифтер, ноқат дейміз бе, латын жазбасында, компьютер пернетақтасында да, кез келген смартфонда да бар таңба" - деп жазады Қазыбек Иса Qazaquni.kz порталында 2017 жылғы 12 қыркүйекте жарияланған аталмыш мақаласында.
Осы ұсынған нұсқадағы 11 әріптің 9 әріпі жаңа нұсқада қабылданыпты. Біз соған қатты қуанып отырмыз.
Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы – бүкілхалықтық таңдаудың жарқын нәтижесі.
Енді Рухани жаңғыруымыздың темірқазығы болып отырған латын қарпін өмірге енгізуде де халықтың қарқынды қайраты керек.
Алтай САҒИДОЛЛА
Qazaquni.kz
http://www.qazaquni.kz/2017/09/12/74592.html