Этика журналистерге ғана емес, баршамызға қажет
2017 ж. 29 қыркүйек
2853
4
Толассыз ақпараттар ағымына тап болған мына зымыран заманда бұқаралық ақпарат құралдары жылдан-жылға үлкен маңызға ие болып келеді. Маңызы артуымен қатар оған үлкен міндеттер мен жауапкершілік те жүктеліп отыр. Бүгінгі күні БАҚ туралы заң жобасының қызу талқылануы да соны көрсетсе керек.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің фейсбук парақшасында жариялаған бейнежолдауында ақпарат және коммуникациялар саласында талқыланып жатқан заң жобасындағы «Журналистік этика» негіздерін түсіндіру нормасының қажеттілігін айтып берді.
«Ол нормада көзделгені – объективтілік, заңдылық, шынайылық, азаматтардың жеке өмірін, ар-намысын, абыройын құрметтеу. Атап айту керек, осы норманы орындамағаны үшін жаза жоқ. Соған қарамастан, кейбір БАҚ өкілдері бұл норманы заңға енгізудің қажеті жоқ деп жүр. Біз мұнымен келіспейміз», – дейді министр. Дәурен Абаев аталған норманы енгізудің маңыздылығын нақты мысалмен нықтауға тырысты. «Өткен жылы Алматыда болған терактіні еске алайық. Өздеріңіз білесіздер, санаулы уақыт ішінде әлеуметтік желіде қаншама жалған ақпарат тарап кетті. Біздің кейбір сайттарымыз сенсация қуып, сол ақпаратты тексермей жариялап жіберді. Сөйтіп ел ішінде үрей туғызды. Бұл жағдай құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірді. Әрбір ақпаратты тексеру үшін қаншама уақыт, қаншама күш жұмсалды. Осының барлығы кейбір әріптестеріміздің өз жұмысына кәсіби тұрғыдан қарамауынан туындады. Сондықтан да, журналистік этика қағидаттарын күшейту аса қажет деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде бұл, ең алдымен, журналистердің беделін арттыруға жасалған қадам», – деп түйді Дәурен Абаев.
Сонымен қатар Дәурен Абаев мемлекеттік органдардың журналистердің сұрауына жауап беру мерзіміне қатысты пікір білдірді. «Көп талқыланып жатқан норманың тағы біреуі мемлекеттік органдардың журналистердің сұрауына жауап беру мерзіміне қатысты. Әрине, біз бұған қарсы болғандарды түсінеміз. Өйткені мемлекеттік органдардың журналистер сұрауына жауап беру уақытын 15 күнге өзгерту ұсынылып отыр. Журналистер бұндай қадам жұмысты қиындатады дейді. Енді осы өзгерту не үшін жасалғанын түсіндіріп өтейін. Мәліметтерге қарап отырсақ, кейінгі жылдары ақпарат құралдары жолдайтын сауалдар бірнеше есе көбейді. Ал жауапқа берілген уақыт аз. Осыған байланысты мемлекеттік органдар көбінесе формалды түрде жауап беруге мәжбүр. Мұны мойындауымыз керек. Сондықтан журналистерге сапалы ақпарат ұсыну үшін біз уақытты 15 күнге дейін ұзартуды ұсынып отырмыз. Бұл әлемдік тәжірибеге сай», - деді министр өзінің Фейсбук парақшасында. Бұған қоса Д. Абаев резонанс тудырған мәселелерге қатысты берілетін жауаптар жайына тоқталды. «Осы жерде бір мәселені айтайын, 15 күн дегенде оның резонанс тудырған мәселелерге қатысы жоқ. Шұғыл жағдайда мемлекеттік органдар бұрынғыша жылдам жауап береді. Оны ешкім алып тастаған жоқ, яғни ол ішкі регламенттерде нақты көрсетілген. Ең бастысы, біз ресми хабарламаға жауап беру мерзімін 3 күннен 2 күнге азайттық. Яғни мемлекеттік орган мәлімдеме жасағанда журналист осыған қатысты сауал жолдаса, оның жауабы екі күннен кешіктірмей берілуі тиіс», – деді ведомство басшысы.
БАҚ басшысын бұл жерде қолдамасқа амалымыз жоқ. Заң жобасындағы ең даулы тұстарға нақты түсінік бергені – біліктілігі деп қарауымыз қажет. Кейбір министрлер қазақша екі ауыз сөздің басын біріктіре алмай, өзі дайындап әкелген жобаны түсіндіре алмай депутаттардың алдында ақтер-көктер болып тұрғанын да жиі көріп жүрміз. Уақытын бөліп жаңа жобаға байланысты бұқараға түсінік беру ондайлардың түсіне де кіріп шықпайды. Өйткені өзі әкелген жобаны сол министрлердің өздері жете білмейтінге ұқсайды. Тым болмаса қол астындағылар дайындап берген жобаны бір қайтара мұқият оқып шығып келмей ме мәжілісмендердің алдына. Сонда депутаттар қойған қарапайым сұраққа сүрініп, бүкіл ел алдында масқара болмас еді ғой. Бұл жағынан бұқаралық ақпарат құралдары саласына осындай басшы тап болғанына қуанып, қолдауымыз керек шығар. Кейбір министрлер сияқты мәжілісмендер алдында не айтарын білмей міңгірлеп тұрса біздің де бетіміз қызаратыны анық.
Енді министр айтқан «журналистік этика» туралы. Этиканың қазақшасы әдеп ұғымына өте жақын екенін ұмытпайық. Рас, журналистік этика өте маңызды мәселе. Оны журналистика факультетінде оқытуындай-ақ оқытады. Бірақ өкінішке орай, сол бір баяғыдан қалыптасқан қағида үнемі сақтала бермейді. Одан кейін министр айтқан ақпаратты нақтыламай ұсыну әдептен бұрын біліксіздікті білдірсе керек. Турасын айтсақ ол – заң бұзушылық. Былайша айтқанда, жалған ақпарат тарату – біреуге жөнсіз жала жапқанмен бірдей. Сондықтан заңды қатайту керек. Министрді қолдамасқа амалымыз жоқ дегеніміз де осыған саяды.
Енді осы мәселенің екінші жағына үңіліп көрелік. Журналистік қызмет қоғамның барлық салсымен өте тығыз байланысты. Қарапайым еңбек адамынан бастап министр, әкім тіпті Елбасының алдына да баруға тура келеді. Журналистика ақпаратты жинап алып, қалай болса солай тарата салу ғана емес. Көтеріп отырған тақырыпты терең талдап, саяси, тарихи, моральдық тағы басқа қырына жете үңіліп, өзіндік пікір білдіру. Осы жерде бұл пікірдің қоғам санасына тікелей әсер ететінін әсте естен шығаруға болмайды. Журналистік жауапкершілік деген осы жерде білінеді. Алдымен ақпаратты соған жауапты адамнан алса ол нақты, сенімді болып шығады. Бірақ осы жерде журналист үшін қиямет-қайым басталады. Жаңа заң жобасы талқыланып жатқан кезде бізде өз тарапымыздан түсіндіре кетейік.
Ақпарат алуды машақатын айта берсек таусылмайтын жыр мен зарға айналып кетеді. Журналист көрсе жауын көргендей болып жағадан алып, телекамераға жармасатындар туралы айтпай-ақ қоялық. Ол бұзақылық, заң бұзушылық екені белгілі. Осы орайда бір-екі мысал ғана келтірсек жеткілікті болар. Бірде Алматы қаласы бойынша Сәулет және құрылысты бақылау басқармасына баруға тура келгені бар. Алдын ала телефонмен хабарласып жетіп барсақ, бөлімдегі қызметкерлер тіксіне қарсы алды. Жоқ, біз олардан төрге отырғызып, сый-сияпат жаса деп, немесе жекеменшік үйімді салып бер деп талап еткен жоқпыз. Бар болғаны қаладағы құрылыс мәселесіне қатысты ақпарат алу ғана. «Біз ақпарат бергенде жазған мақаланы алдымен өзімізге көрсетесіздер. Біз оны Астанаға жіберіп, жоғары жақ рұқсат берсе басасыздар.» деп қарап отыр бізбен сөйлескен маман. Сонда қалай болғаны, бұл мекеме соншалықты құпия орган болғаны ма? Бәлкім халықтан жасыратын істері бар шығар? Сол сияқты Алматы қалалық Ішкі істер басқармасына қарасты Әкімшілік полиция басшыларының бірімен кездесуге белгіленген уақытта келіп екі сағат есік көзінде тұрып кіре алмай кеткеніміз де бар. Жаңағы басшының жұмысы басынан асып жатыр десек те қызмет уақытын өз мақсатында тиімді пайдалана білмеушілігі көрініп тұр. Бұл да этикаға жата ма? Жоқ, этика жалғыз журналистерге ғана емес, баршамызға керек.
Қазір бір жерден ақпарат ала қою керек болса, алдымен басшының атына мөр басылған құжат сұрайды. Ол қағаздарды жинап жібергенше ақпарат ұшқырлығын жоғалтады. Ондай кеш жеткен хабар кімге керек? Сондықтан жаңа заң жобасында мәселенің осы жағы мұқият ескерілуі қажет. Мемлекеттік немесе жеке мекеме басшыларын ақпаратты ешқандай кедергісіз беруді тікелей міндеттеу қажет. Сонда ғана екі жақты «этика» сақталатын болады.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz