Әлиханның Семейдегі ескерткіші - "Ақ жол" бастамасының нәтижесі
2017 ж. 22 қыркүйек
6056
22
Бүгін Алаштың астанасы болған Семей қаласында ұлт көсемі Əлихан Бөкейханның еңселі ескерткіші ашылды. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Ескерткішті ашуға облыс әкімдігінің басшылығы мен Семей қаласы әкімдігінің өкілдері, зиялы қауым мен ғалымдар, республикалық «Ақ жол» партиясының мүшелері жиналды.
Ескерткіштің биіктігі 5 м, авторы – Бақытбек Мұхамеджанов. Онда Әлиханның еркін бейнесі қалыптастырылған, сол қолы қалтасында, оң қолының ұшымен асық иіріп тұрған көркем образы жасалған. Артқы жағында үстел қойылып, онда кітаптар мен киімдер орналастырылған. Ескерткішті жасауда авторлар белгілі алаштанушылардың еңбектеріне сүйенген және сәтті шыққан деп айтуға болады. Орналасқан жері Ленин көшесі Жеңіс саябағының жанында. Бұл – бәріміз айтып жүрген рухани жаңғыруымыздың бір көрінісі. Бұл – қоғамдық сананың ашықтығы, билік тарапынан тарихқа берілген әділ баға. Бұл – ел азаматтарының көп жылғы арман-тілегінің орындалғаны, - деп жазады e-history.kz.
Салтанатты шараға Астанадан арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев алаш көсемінің Алаш қаласының төрінен орын алуы Шығыс жұртының ғана емес, бүкіл еліміздің қуанышы екендігін атап өтті. Еске сала кетейік, 2012 жылы Парламент тарихында Алаш арыстарын алғаш атап, депутаттық сауал жасаған "Ақ жол" партиясы 2015 жылы тағы да Үкіметке осы мəселеге байланысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Оны партия төрағасы Азат Перуашев жариялаған еді. Онда Алашорданың астанасы болған Семейді Алаш қаласы деп атау, сол қалада Алаш Үкіметінің басшысы Əлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш орнату жөнінде ұсыныстар айтылған еді. Міне, көп тілегі қабыл болып, бүгін Алашорданың астанасы болған қасиетті Семей шаһарында Алаш көсемі Әлиханның еңселі ескерткіші ашылды. qazaquni.kz http://www.qazaquni.kz/2012/11/26/13905.html http://www.qazaquni.kz/2015/10/10/41219.html