Алаш арысы Жаһанша Досмұхамедовтың мұражайы ашылды (ФОТО)
2017 ж. 19 қыркүйек
7018
1
БҚО-ның Сырым ауданы Жымпиты ауылында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы мен осы үкіметтің көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың туғанының 130 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Бұл "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Айтулы даталардың Жымпиты жерінде аталып өтуі әрине тегін емес. 1918 – 1919 жылдары дәл осы Жымпитыда Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімшеге Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер Жаһанша Досмұхамедов төрағалық еткені белгілі.
Сырым ауданының орталығындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы Өлеңті орта мектебіне Алашорда үкіметінің қайраткерлерінің жәдігерлері қойылған жаңадан музей ашылды. Айта кету керек, биылғы жылы мектептің алдындағы алаңда Жаһанша Досмұхамедовтың бюсті орнатылды.
Музей 9 бөлімнен тұрады. Оның ішінде ауданның тарихы мен Өлеңті ауылының тарихына ерекше көңіл бөлінген. Батыр Сырым Датұлы мен қайраткер Жаһанша Досмұхамедов сияқты тұлғалар үшін арнайы бөлімдер ұйымдастырылған. Музейді салтанатты ашу құрметі жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбайға ұсынылды.
Жымпитыдағы Алаш мұражайы да жаңғырту жұмыстарынан кейін келушілерге қайта таныстырылды. Мұражай 1918 – 1919 жылдары Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше болған тарихи ғимаратта орналасқан. Ғимарат мемлекеттік қорғауға алынған.
С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, Алаш мұражайының 4 бірдей залы да жаңғыртудан өткен әрі жәдігермен толықтырылған. Негізгі зал Алашорда үкіметінің қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтың жұмыс бөлмесіне арналған. Бұл бөлмені жазушы Хамза Есенжанов өзінің «Ақ жайық» романында жақсы суреттейді. Мұражай бөлмесі жазушының сол суреттемесі бойынша жасақталған. Мұражайдың төменгі қабаты ХХ ғасырдың басындағы тұрмыстық бөлме мен сол кезеңнің ақсүйектерінің бөлмесіне арналған.
Мұражай туралы жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай:
– Мына үй – тарих болған үй. Мен дәл осы тұрғанда көптен бойыма сіңбеген, сезінбеген тебіреністе тұрмын. Өйткені, 1917 жылы 11-12 мамыр күні жасыл туға жазылып, қазақтың рухани өмірі мәңгілік азат болды деп, «Азаттық жасасын!» деп жасыл ту тігіп, арыстардың анттасқан жері – осы жер. Осы тарихи үйдің жандануы, жаңғыруы түгел тарихшыларға, ауыл адамдарына, бүкіл қазаққа ұлы рухтың белгісін орнатты деп ойлаймын.
Жымпитыдағы Алашорданың үйі – қазақтың тәуелсіздігінің бас ғимараты. Семейдегі, Торғайдағы үйлер, өкінішке орай тарихи тұрғыдан жойылып кетті. Алдағы уақытта, кейінгі ұрпақ қазақтың бостандығы қайдан басталды делінгенде, қазақ Азаттығының қағбасы деп осы үйді іздеп келетініне мен сенімдімін, - деп пікірін білдірді.
Сонымен қатар, «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары!» атты республикалық ғылыми - тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына қатысушыларды құттықтап Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев пен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі.
Конференция отырысы панельдік режимде өтті. Отырысқа алаштанушы Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының докторы, доцент Дәметкен Сүлейменова, археолог Амантай Исин, тарих ғылымының кандидаты, профессор Болат Жұмағұлов, ҚР мемлекеттік тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, Астрахань мемлекеттік университетінің Ресей тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Андрей Сызранов, белгілі алаштанушы, қоғам қайраткері Құсмілия Нұрқасым сонымен қатар Алаш қайраткерлері Ж. Досмұхамедовтың, Бижан Жанқадамовтың, Бақтығали Бисеновтың, Медет Тілеповтың ұрпақтары қатысты.
Түстен кейін конференция қатысушылары секциялық отырыстарға бөлінді.
Кешкілік Сырым аудандық мәдениет үйінің сахнасында Жымпиты және Бұлан халық театрының әртістері «Жанша» қойылымын қойды.
Алаштың 100 жылдығына орай іс-шаралар БҚО ішкі саясат басқармасының қолдауымен Сырым ауданының әкімдігі мен Айболат Құрымбаев жетекшілік ететін «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді.