КӘСІП – КҮШТІНІКІ, БИЗНЕС – БІЛЕКТІНІКІ МЕ?
2017 ж. 15 қыркүйек
3997
5
БІЗДІҢ ТҮБІМІЗГЕ ТОЙЫМСЫЗДЫҚ ЖЕТЕДІ
Кез-келген қоғамдық жүйеде, жалпы адамзат өмірінде еңбек шешуші рөл атқаратыны ежелден белгілі. Содан да болар бұрындар – «Әлемнің әміршісі - Еңбек!» деген ұран болатын. Капиталистік жүйенің жетегіне түскен соң, бүгінгі күні – «Әлемнің әміршісі – ақша» дегенге ауыстық. Оны «Бизнес!» деп ауыз толтырып әспеттеп айтатын болдық. Кәсіппен шұғылданып, еңбек еткеннің еш айыбы жоқ. Елбасымыздың кәсіпкерлікті қолдаған, шағын және орта бизнесті дамыту туралы тапсырмалары баршаға мәлім. Кәсіпкерлер құқығын қорғап, олардың арасында әділ бәсеке болу қажеттігін де баса айтып келеді. Өкінішке орай, мемлект басшысының осы бір құнды тапсырмасы барлық жерде бірдей орындала бермейді. Кейбір орын алған келеңсіз көріністерге қарап, біздегі кәсіп – күштінікі, бизнес – білектінікі ме деген ой туады... Алдын ала айтайық, осы мақаланы жазуға Алматы қаласы Алатау ауданы «Ұлжан» ықшамауданында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын «Қарлығаш» жеке кәсіпорнының жетекшісі Қарлығаш Назарбекованың редакцияға өз қолымен тапсырған арыз-хаты түрткі болды. Кейбір мекемелер сияқты емес, редакция әрбір оқырманның хатына жеткілікті көңіл бөліп, мұң-мұқтажына мұқият назар аударады. Бұл о бастан қалыптасқан қағида. Сонымен хат иесі не дейді? Оның ұзын-ырғасы мынаған саяды. «Қарлығаш» кәсіпорны жеті жылдан бері «Ұлжан-1,2» ықшамаудандарынан тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысқан екен. Осы уақытта тұрғындар тарапынан ешқандай ескерту болмаған, керісінше алғыстарын алып келіпті. 2014 жылдың басында Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы (Басшысы – Әсет Масабаев) өткізген тендерде Алатау ауданы бойынша бұл қызметті көрсетуге «Кұттыбеков», (№4 учаскені) «Құйқабаев» (№5) «Сапаров» жеке кәсіпорны № 6, 15 учаскелерді ұтып алады. «Құттыбеков» №4 учаскені (Ұлжан-1,2 ықшамаудандары) бұрыннан тендер өткізілмеген кезден бері істеп келген «Қарлығаш» жеке кәсіпорнына келісім-шарт бойынша жалға береді. Жұмыс әдеттегідей жақсы жүріп жатқанда кенеттен 2016 жылы «Айтқожанова» деген кәсіпорын пайда болып, «Ұлжан» ықшамаудандарындағы тұрмыстық қалдықтарды шығаруға келіп килігеді. Оған тендерді ұтып алған бас мердігер «Құттыбеков» рұқсат береді. Ал, «Қарлығаш» кәсіпорнымен жасалған келісім-шарт күшін жоймаған. Келісімді бұзу үшін «Қарлығаш» тарапынан келісім-шарттарын орындамау негіз болуы қажет. Бірақ ондай ауызша да жазбаша да ескертулер мүлдем болмаған. Бір келісімді бұзбай жатып оның үстінен «Айтқожановамен» екінші келісім-шарт жасаған. Демек бұл жерде заң бұзылып тұр, оны кейін сот дәлелдеп берді. Бұл дау 2016 жылдың соңына дейін жалғасып, бірнеше сотта қаралады да «Қарлығаш» кәсіпорны жеңіп шығады. Сөйтіп сот шешімі бойынша 2017 жылдың соңына дейін осы қызметті «Қарлығаш» кәсіпорны атқаруға міндеттеледі. Бұл алдында болып өткен соттардан соң 2016 жылы 28-желтоқсанда қалалық соттың азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот коллегиясы отырысының соңғы шешімі. (Сот отырысының төрайымы Г. Әйтімова, судьялар – А. Әбілмәжінова, Р. Әділбекова.) Тоғыз ай бойғы соттан сотқа жүгіру сергелдеңі осымен аяқталғандай болған. Енді ғана дұрыстап толық жұмыс істеуге қайта мүмкіндік алған «Қарлығаш» кәсіпорны жұмысшылары дау-дамай осымен бітті деп ойлаған. Сөйтсе бұл бұрынғыдан да еселеп соғар кезекті дауыл алдындағы сәл ғана дамылдау болып шықты. Үстіміздегі жылдың маусым айы басынан алдында айтылған, қомақты тендер ұтып алған «Сапаров» деген кәсіпорын «Ұлжанға» артынып-тартынып жетіп келеді. Олар бұдан былай «Қарлығаш» кәсіпорны жұмыс істемейді деп, тұрмыстық қалдықтарды өз бетінше шығара бастайды. Тұрғындардың бұрынғы «Қарлығашпен» келісім-шарты мен сот шешімі бола тұрса да оның үстінен тағы да осындай құжат жасауға кіріседі. Демек, былтырғы «Айтқожановамен» болған оқиға тағы қайталанды деген сөз. Бұған қарсы болған тұрғындар екі рет жиын өткізіп, әуре-сарсаңды тоқтатуды талап етті. Былтыр жыл бойы екі кәсіпорынның таласынан шарашаған тұрғындар бұдан арғы бітпес дауға шыдамайтындарын, жоғары жаққа шағымданатындықтарын жеткізді. Шілде айының орта тұсында өткен екінші жиынға қалалық мәслихаттың депутаты Зиятдин Қасанов, Алатау ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты. Ресми адамдарға ауыл тұрғындары өз қарсылықтарын тағы да ашық білдірді. «Сапаров» кәсіпорны іске кіріспей жатып «Алсеко» атты мекемеден қоқыс шығаруға бұрынғыдан қомақты қаржы төлеу керектігі жөнінде түбіртіктер келіп жатқанын, онда бір үйде нақты қанша адам тұратынына емес, қанша адам тіркеуде тұрғанына қарай ақша аударуды талап етіп жатқанын Сейсебек Егесінов, Майгүл Иманқұлова, Шәкизада Жұматова секілді зейнеткерлер ашына айтты. Оның үстіне шеттен келген компания кірсе «Қарлығаш» кәсіпорнында істеп жүрген ондаған жергілікті адамдар жұмыссыз қалатынына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындардың өзіне ғана мәлім жеке деректерді «Сапаров» кәсіпорны мен «Алсеко» мекемесі қайдан алып жүр деген сұрақтар да қойылды. Лауазымдылар бұл мәселені анықтаймыз деп уәде бергенмен осы күнге дейін ештеңе өзгерген жоқ. «Сапаров» жеке кәсіпорнының жетекші міндетін атқарып жүрген Алма Медеубаева бұл іс-қимылын Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының келісімімен жасалғанын алға тартады. Басқарма жетекшісінің орынбасары А.Құрманғалиев қол қойған хатта «Құттыбеков» кәсіпорнының басшысы «Ұлжан» ықшамаудандарына қызмет көрсетуден бас тартуына байланысты осы жұмысты «Сапаров» жеке кәсіпорнына бердік деп түсіндіреді. (18-08-2017 жылғы № 1-09. ЖТ-4-979 хат). Сонда сот шешімі дұрыс па, әлде табиғи ресурстар басқармасының билігі дұрыс па? Жергілікті тұрғындар осыған түсінбей дал. Осы жерде тағы да тендер дегенге қайта оралуға тура келеді. Жалпы тендер төңірегінде еліміз бойынша дау-дамайдың көп болып жатқаны белгілі. Оның барлық салада, әсіресе құрылыс пен мемлекеттік сатып алу жүйесінде өрескел бұзылып, үнемі әділ өте бермейтіні де көпшілікке жақсы таныс. Мемлекет тарапынан бөлінген қомақты қаржының ұрлануы да осы тендер табалдырығынан басталып, талай іс сотта қаралғаны да жасырын емес. Біз айтып отырған мәселеде мемлекеттің ақшасы емес, тұрғындардың қаражаты туралы сөз болып отыр. Егер осы жұмысқа, осы мақсатқа мемлекет тарапынан қосымша қаржы бөлініп жатса, оның қайда кетіп жатқандығы жайында мәселе көтерілсе ол өз алдына жеке әңгіме болмақшы. Айтайын дегеніміз, тұрғындар өздері ақша төлеген соң, соған лайық қызметті талап ету мен қандай кәсіпорынды таңдау өз еріктерінде болуы керек емес пе? Неге қайдағы бір күмәнді тендерді әкеліп тұрғындарға телу керек? Конкурссыз күніміз қараң дегеннің өзінде, неге әрбір нысанға жеке тендер өткізілмейді? Конкурсқа қатысқан әрбір кәсіпорынның адалдығы, жұрт алдындағы беделі, техникалық және басқа да мүмкіндіктері неге жіті қаралмайды? Бірнеше нысанды бір бас мердігердің қолына ұстата салғандары қалай? Мұндай «жеңілдіктер» өз кезегінде тендерді ұтып алған бас мердігердің қосалқы мердігерлерді жалдап үстінен пайда көруіне жол ашатыны анық. Яғни, жеке-дара монаполистке айналады. Дәлірек айтсақ тендерді «ұтып» алып басқаға жалға беру сол жұмысты өзі толықтай атқаруға мүмкіндігі жоқ деген сөз. Олай болса «Құттыбеков» атты бас мердігер болған кәсіпорын тендерді қалай ұтып алып жүр? Өткізілген тендер нәтижесіне қарасақ «Сапаров» жеке кәсіпорнының басқа да нысандары баршылық. Әлде ол да сол нысандардың бір бөлігін басқа бір қосалқы мердігерге жалға беріп, өзгенің жұмысына жармасып жүр ме? Өзгелерді жұмысынан айыру, бәрі бір өзіме ғана болсын деген пиғыл – тойымсыздықты білдіреді. Бұл да құқық қорғау орындары үшін түпкілікті тексеруге тұрарлық жұмыс, өйткені дәп осы жерден жемқорлық басталуы әбден мүмкін. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиырынан басталды» демекші, Қарлығаш Назарбекованың айтуынша бұл дау Алатау ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Мәнізоровтың кезінде басталған екен. Жоқ жерден пайда болған «Айтқожанова» атты жеке кәсіпорын қазір басқа қызметке ауысып кеткен аудан әкімінің сол кездегі орынбасары Б.Кәрібозовтың туысының компаниясы екенін айтады арызданушы. Алатау аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері «Қарлығаш» кәсіпорнының техникасын «тұсаулап», жұмысшыларын бірнеше сағатқа қамауға да алған көрінеді. Оған соттың ешқандай шешімі болмаса да қысым неге көрсетілді, кім тапсырма берді? Ол жағы белгісіз. Алатау аудандық әкімдігі тарапынан бұл мәселені шешуге ешқандай қимыл болмаған соң жергілікті кәсіпорын жетекшісі Қарлығаш Назарбекова бастаған «Ұлжан» ықшамауданы тұрғындарының өкілдері Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов мырзаның қабылдауында болып, орын алып отырған жағдайды баяндап берді. Қала қызметінің түрлі сала басшылары бірге қатысқан қабылдауда Мәкежанов мырза қарауындағы қызметкерлерге осы мәселені жіті тексеріп, халықпен кездесу өткізіп, тез арада екі-үш күн ішінде шешуді тапсырды. Керек болса құқықтық органдарға қажетті құжаттарды тапсырып, істі заңдық тұрғыдан нақты зерттеуге тапсырма берді. Екі-үш күн емес одан бері де жарты айдың жүзі болды. Бірақ, арнайы тапсырма алған әкімдік қызметкерлері оны орындауға тіпті де асығар емес. Ал, халық тұрмыстық қалдықтар шығаратын екі кәсіпорынның текетіресінен жалығып, екі жылдық дау-дамайдан әбден шаршады. Былайша айтқанда қызметі үшін төлейтін еңбекпен тапқан ақшаларына өз бастарына өздері пәле тауып алғандай күй кешуде. Әрине, қала әкімі орынбасарының тапсырмасы түбінде бір орындалатыны анық. Құқық қорғау орындары да іске кірісіп, дұрыс шешімін табар. Тағы да айлап соттан сотқа жүгіру де ешқайда қашпайды. Бұл елімізде орын алып отырған бірінші жағдай емес. Алдында айтқанымыздай тендер мен мемлекеттік сатып алу саласы қашан да кескілескен күреске толы екені де түсінікті. Егер тұрмыстық қалдықтарды тегін шығарыңдар десек, осы компаниялардың бәрі ат-тондарын ала қашар еді. Демек, барлық пәле тағы да ақшаға байланысты болып отыр деуге толық негіз бар. Бізді осы мәселенің құқықтық, қаржылық жағынан бұрын, адами моральдық жағы көбірек толғандырады. 1.Елбасының шетелдік немесе жергілікті инвесторлар болсын алдымен жергілікті халықты жұмыспен қамту керек деген тапсырмасына біз неге атүсті қараймыз? 2. Аудан әкімдігі қарапайым ғана шаруашылық дауды өз кезінде ың-шыңсыз, у-шуды сыртқа шығармай шеше алмағаны ма? 3. Тендер дегенге табынып, тұрғындарды, қарапайым халықты өз таңдауына деген құқығынан айыру дұрыс па? 4. Тендер өткізетін, қызметті реттейтін орындар неге адамдардың тағдырын шешетін жағдайларда кемшіліктер жібереді? Жауапсыз мамандардың жіберген қатесін үнемі сот арқылы түзетіп отыру керек пе? Сұрақ көп. Біз атаған сұрақтардың әзірге басы ашық тұр. Оның қандай шешім табары да белгісіз. Бұған қала әкімі Бауыржан Байбек мырза не дейді екен?.. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz