Алаш ұстанымы үшін құрбан болған ұстазға мектеп аты берілді
2017 ж. 09 қыркүйек
4496
3
Биылғы алғашқы қоңырау Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданы «Малтабар» орта мектебінің ұстаздары, оқушылары мен ата-аналары үшін ерекше күн болды. Білім мерекесі Алаш ұстанымы үшін 1937 жылы құрбан болған ұстаз Перуаш Кәрімұлының есімін орта мектепке берілуіне арналған салтанатты жиынға ұласты.
Тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымызды түгендеп, көнемізді жаңғыртып, Алаш арыстарының ардақты есімдерін Арқаның төскейіне алтын әріппен жазатын күнге де жеттік. Кеңестік солақай саясаттың құрбаны болған азаматтардың ерлігі мен еңбегін лайықты бағалап, олардың аттарын ел есінде қалдыру жөнінде қазір көптеген жұмыстар атқарыла бастады. Қызыл қырғын кесірінен бір ғана осы Ерейментау ауданынан еліне елеулі жүздеген жазықсыз жандар жапа шекті. Солардың бірі ұлағатты ұстаз, Алаш идеясын таратушы Перуаш Кәрімұлы болатын. Оның ұстаздық және қоғамдық қызметін жерлестері жақсы біледі. Сондықтан да ауылдағы орта мектепке Перуаш Кәрімұлының есімін беру туралы шешімді жергілікті тұрғындар бірауыздан қуана қолдаған-ды.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының басшысы, Перуаш Кәрімұлының немересі – Азат Перуашев, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов, Перуаш Кәрімұлының немересі Дос Тұрлыбекұлы, Ерейментау аудандық маслихат депутаты Нұртас Маңдаев секілді елге танымал азаматтар мен алыс-жақыннан келген қонақтар, ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиынды ресми түрде ашу құзыры Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғымановқа берілді. Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының басшысы Азат Перуашев өз атынан ауыл тұрғындарына, ақсақалдарға жылы лебізін білдіріп, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі. Жаңа оқу жылы толымды табыс пен жаңа жетістіктер әкелсін деп оқу жылының басталуымен құттықтады. Ауылдың құрметті ақсақалы Амантай Имағамбетов бүгінгі қос мерекемен құттықтап, оқушылар мен ұстаздарға ақ батасын берді. Аудандық өнерпаз Алдияр Алдасүгіровтың орындауында тұсаукесер ретінде «Бөгенбай батыр» ән-термесі орындалып, мектеп көркемөнерпаздар үйірмесінің концертіне жалғасты.
Жаңа оқу жылында алғашқы қоңырау соғу құрметі 11-сынып оқушысы Жұмабаев Айдос пен 1-сынып оқушысы Базарбай Мөлдірге берілді. Олар баршаға айнала қоңырау үнін естіртіп, жаңа оқу жылының басталғанын ұғындырды. Алғашқы қадамдары құтты болсын деген ниетпен 1-сынып оқушыларын Перуаш Кәрімұлы атындағы мектеп табалдырығын алғаш аттатып жетектеп кіргізу құзыры Азат Перуашев пен Ермек Нұғымановқа ұсынылды. Аналар мен әжелер қуаныштарын білдіріп шашу шашты. Мектеп оқушылары және құрметті қонақтар мен ата-аналар «Мен – өз елімнің патриотымын» атты алғашқы сынып сағатына қатысты. Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының басшысы, Азат Перуашев 1-сынып оқушыларына арнайы сыйлықтар тапсырды.
Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ
Ерейментау ауданы
Ақмола облысы
qazaquni.kz
- «Ақ жол» партиясының басшысы
- Перуаш Кәрімұлының немересі – Азат Перуашев
- Перуаш Кәрімұлы
- Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов
- Ақ жол партиясы
- Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов
- Азат Перуашев
- Перуаш Кәрімұлының немересі Дос Тұрлыбекұлы
- Ерейментау аудандық маслихат депутаты Нұртас Маңдаев
- «Малтабар» орта мектебі