Қазыбек Иса. АҚИҚАТ ҚАНА АЙТЫЛУЫ ТИІС
2017 ж. 04 қыркүйек
8971
26
Қасиетті Құрбан айттың екінші күні Астанадан шу шықты... Құрбан айтты мерекелеуге тиіс астаналық жастар көшеге шығып, Абу-Даби Плазадағы «үнділер қорғанын» алуға ұмтылды... Себеп: қазақ күзет фирмасының қызметкері Полатовты үнді жұмысшылары жабылып сабаған. Жанжал осыдан шыққан...
Екі жұмысшы арасындағы ұшқын жалынға айнала жаздады. Астананың төрт көшесін төрт көзі түгел, бес қаруы сай жасақтар қоршап тұрды. Ақыры, әдеттегідей, қазақ жастарын қамаумен қақтығыс зорға басылды... Қан төгілген жоқ әйтеуір, құдайға шүкір. Қол сынды-жең ішінде, бас жарылды-бөрік ішінде... Арнайы комиссия іске кірісіп, қамаудағы қазақ жігіттерінің басым бөлігі босатылды.
Ендігі міндет – кінәліні анықтап, жауапқа тарту болмақ. Жалпы, сол үнді жұмысшыларының өзге елдің Астанасында емін-еркін аунап-қунап жатуы, қаласа, қала аралап, ішімдік ішіп, көңіл көтеруі заң аясына сия ма? Ал оның қазақ күзетшісіне қол жұмсауы –шектен шыққандық! «Жаман үйді қонағы билейді» дегенің өзі емес пе бұл? Өзбекстанда шетелдік жұмысшы осылай етпек түгілі ойына да кірмейді? Ал бізде ойына келгенін істейді? НЕГЕ? Шекесінен шылқып отырған шетелдіктердің ойынша, пұлы да, тілі де жетіспейтін қазақстандықтарға қол жұмсауға да болады екен ғой... Ал өзге елдерде біреудің бетіне бақырайып қарап қалсаң да, ұшақта келе жатқанда ұйықтап кетіп, басың иығына тақап кетсе де, сотталып кете беруің мүмкін...
Өзге елден жұмысшы күшін әкелу нарық заманындағы барлық елге тән көрініс болса да, оның Қазақ еліндегі салдары қандай? Қазақстанның заңдарының өзге елдермен салыстырғанда әлсіздігін, әсіресе, өз жұмысшыларының мүддесін қорғауда кемшіліктері көп екенін неге ойламаймыз? Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асқанда, біз ертеректегі инвестиция тарту үшін шетелдіктердің еркіне көнген инвестиция туралы заңдарымыздағы сырттан жұмыс күшін тарту баптарын енді олардың еркіне қалдырмай, өз азаматтарымыздың мүддесін қорғауды күшейту үшін қайта қарайтын кез келді деп ойлаймын. Өйткені, «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген Қазақ үшін ең бастысы – Ел намысы! Бұны ұлтымыз барлық уақытта көрсетіп келеді!
«Заң қанша күшті болғанмен, шенеуніктер нашар болса, пайдасы болмайды» деген бір данышпанның айтқанын ескерсек, өзі онсыз да әлсіз заңымызды шетел тілінде сөйлейтін нашар шенеуніктеріміз одан әрі құлдыратса, сабағы ащы бола береді...
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың ақпарат министріне тән дер кезінде мәлімдеме жасауы, Астана әкімі Әсет Исекешевтің оқиға орнына келіп, жағдайды түсіндіруге тырысуы, елді тыныштыққа шақыруы құптарлық қадам. Тек қала әкіміне қазақ жастарының қадалып алып, қанағаттана қоярлықтай жауап ала алмауы – көп нәрсені аңғартады. Қиналғанда қазақша тілі шығып кеткен Астана әкімі енді осы бағытынан таймаса болды – ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ шешуші сәтте бәрі ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ шешіледі!
«Қиналған Жамбыл жер осы» дегендей, тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың қабырғасы қайыса отырып, шешілмеген мәселелерді шегелеп көрсетіп, рухты мақала жазғаны белгілі ғалымның азаматтық ажарын айқын аңғартты.
«Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев заңдылықтың сақталуын, кінәлілердің анықталып, жауапқа тартылуын, қазақ жастарының жазықсыз жазаланбауын талап етіп, Бас прокурор Ж.Асановқа шұғыл ресми хат жазғанын да айта кетуіміз керек.
Біздің қазақтілді саясаттанушыларымыз, қоғам қайраткерлері, өз пікірлерін айқын білдіріп, заңдылықты талап етіп шығуы көңіл демдеп, дәтке қуат берді.
Белгілі заңгер-блогер Айгүл Орынбектің оқиға орнына түн ортасында жетіп барып, шындықты анықтап, елді сабырға шақырып, хабар беруі жұртты тыныштандыруға үлес қосты.
Елді ызаландырғаны – 41 қазақ жігіті қамалады да, жанжалға себепкер болған бір де бір үнді ұсталмады деген хабар. Бұның да жауабы бүгін берілді. Ішкі істер министрлігі жанжалға себепкер болған, Полатовқа дене жарақатын салған күдіктілер анықталғанын, тиісті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Енді сол шектен шыққан шетелдіктердің тиісті жазасын алуы, ең кемі естері бар да елдерін табуы тиіс! Ал әлі де қамауда отырған қазақ жігіттерінің жазықсыз қосақ арасында кетпеуін қоғам болып бақылап отыруымыз керек! Бауырының қолын сындырып жатса, қол қусырып қарап тұрмайтын шығар олар...
Жалпы, бұл оқиғадан шығатын қорытынды - Қазақпен енді ешкім ойнай алмайды!
Ішкі істер министрлігі қанша ескертіп жатса да, әлеуметтік желіде асыра сілтеулер де болмай қалған жоқ. "Самауыр суалыпты" деген сөздің ақыры "Самарқанды су алыпты" дегенге айналғанындай, сан түрлі дақпыртқа да жол берілді. Енді «өртенген үйден бас үйітіп алуды» ғана ойламай, осындай олқылықтардың қайталанбауы үшін биліктен тиісті заңдарды талап етіп, қатаң қадағалауымыз керек.
Медальдың да екі жағы бар. Анықтауымызша, Абу-Даби Плаза қонақүйін салуда қазақстандық жүздеген фирма жұмыс істеп, мыңдаған қазақ отбасын асырап отыр екен. «Бір қарын майды шірітетін бір құмалақты» сылып алып, лақтырып тастап, ертеңгі тірлігімізді де естен шығармайық. Әлеуметтік желінің желі әлеуметтік ахуал болмайды!
Жұрт жағдайы, ұлт мүддесі десе, ұйқысы бұзылатын шекесі тар шенеунік ешнәрсе естігісі келмейді. Самарқау саясаткер үндемей қоя салсаң қуанады. Ал керісінше, асыра сілтеуге құмар ағайындарымыз кейде, тіпті «аттанға сүрен қосып» шыға келеді...
Тек шындық, анық ақиқат қана айтылуы тиіс!
Ендеше, самарқауды қуандырмайық, Самарқанды су алдырмайық!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz