«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА
2017 ж. 26 тамыз
3427
3
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы баяндалды.
Қазақстан Президенті жаһандық бәсекелестіктің артуы жағдайында экономиканы ауқымды түрде цифрландырудың өзектілігін атап өтті. «Бүгінде бұл мәселе алдыңғы орынға шықты. Бүкіл әлем осы бағытқа қарай жылжуда. Біз де қалмауға тиіспіз. Бұл – аса күрделі міндет. Барлық ведомстволар, министрліктер және өңірлер үйлесімді жұмыс жүргізуі керек», – деді Елбасы.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Мемлекет басшысына жаңа бағдарламада көзделген төрт басым бағыт жөнінде айтты. «Біз қазір бағдарлама жобасын барлық мүдделі тараппен бірге талқыладық. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы негізгі 4 жұмыс бағыты қарастырылады. Олар: инфрақұрылымды дамыту, адам капиталын жақсарту, экономика салаларын цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру», – деді Дәурен Абаев. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа бірқатар нақты тапсырмалар берді.
qazaquni.kz