«САҒАДИЕВ халықтан қашса, босатсын орынды!»- әділетсіз грантқа ашулы ата-аналар жанайқайы
2017 ж. 12 тамыз
10254
57
Астанада жүзге тарта ата-ана Білім министрлігіне басып кірмек болды. Бұндай наразылыққа ҰБТ-дан жоғары бал алған балаларының оқу грантынан қағылуы себеп. Ашуға мінген әке-шеше сөзі мен ісі кері шыққан министр Ерлан Сағадиевті көргілері келді. Бірақ бас мұғалім бұл жолы да халықпен тілдесуге шығудан бас тартты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Айгүл Жұмабаева ҰБТ тапсыруға оқуының соңғы бірнеше жылын арнапты. Кейін мемлекеттің тегін оқуына түсемін деп, ата-анасының талай ақшасын да дайындық курстарына жұмсаған. Шешуші емтиханда 95 пайыз білім деңгейін көрсеткен оның, кеше талай жылғы арманы желге ұшты.
«Экономикадан 72 баллмен грантқа түсіп отыр, мен 131 баллмен түспей қалдым. Соған қатты таң қалып отырмын. Мен негізінен Сүлейман Демирел университетіне түскім келген еді. Онда оқу 1 миллион 200 мыңдай. Енді оған түсе алмаймын, қалаған мамандығыммен мүлдем ешқайда бармайтын шығармын», – дейді талапкер Айгүл Жұмабаева.
Талапкердің түңілердей жөні бар. Себебі оның мамандығына бөлінген 300-ден астам гранттың соңғысын бақытты біреу 72 баллмен иеленіпті. Себебі ол «Алтын белгі» иегері. Ал ҰБТ алдында, министрлік грант бөлуде «алтын белгі» бұрынғыдай құнды болмайды, кім қанша ұпай алады сол грантты иеленеді деп уәде еткен болатын.
«Алтын белгі» тек қана мектепте беріледі. Ал грантқа келгенде әрбір бала өзі қаншаға тапсырады сол баллға ғана грант береміз», – дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
«Түнімен жылап шықтым. Менің әке-шешемде жылына 1 миллион теңге төлейтін ақшасы жоқ. Әділетсіздік барып тұрған», – деп ашынды талапкердің бірі.
125 балл алып, құр қалған бұл баланың миллиондарды қайдан табатынын тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов білмейді. Ал гранттарды үлестіргендердің бел ортасында осы азамат болған. Сөз таппаған басшы қашып қана құтылды.
«Халықтан қашып жауап бермейтін болса, босатсын орынды!» – деп айқайға басты ата-ананың бірі.
Тестілеу орталығы директорының орнына ашынған халық алдында министрліктің заңгері ақталуға тырысты. Яғни “Алтын белгі” иегерлеріне берілетін жеңілдікті алып тастайтын заңды уақытылы қабылдамай алмаған.
“Білім” туралы заң жобасын біз барлық мемлекеттік органдармен талқыладық. Ақпан, наурызда заң жобасын тиянақтап, сәуірде үкіметтің қаулысына сәйкес Мәжіліске енгіздік. Заңды қыркүйекке дейін қабылдаймыз деп ойладық. Алайда қабылданбады, әлі күнге мәжілісте жатыр. Бар проблема осында, түсінісіз бе?» – деп түсіндірді ҚР БҒМ заң департаментінің қызметкері Ғалымжан Жұмашов.
Яғни, заң қабылданбағандықтан гранттар ескіше, бірінші кезекте «Алтын белгі» иегерлеріне берілді. Ал бұл төсбелгілер болса, биыл тест қортындылары бойынша емес, жаңаша, оқыған мектептерінде қорғалды. Алтыны бар біреудің тесттің шекті межесі 70-тен әрең асып, грантқа түсіп, ерек белгісіз біреудің 131 баллмен далада қалуы да сондықтан. Министрлік ҰБТ-ны шала реформалап, жүрісінен жаңылғанын ата-аналар түсінсе де, қабылдағысы жоқ. Сондықтан министрдің өзін көргіміз келеді деп, ғимаратқа топырлай бас қойды.
Ал дәл осы кезде Алматы қаласында да балалары грантсыз қалған ата-аналар университет алдына топталды. Олар да гранттардың қандай қисынмен бөлінгенін білгілері келеді.
«30 пайыздық ауылдық квота бөлінді, сіз грантқа түсіп тұрсыз деп баланы үміттендірген. Қағазында квота деп жазылып тұр. Ал бала 106 баллмен түсе алмай қалған. Екі ортада бала кешеден бері тамақ ішпей жатыр, депрессия», – дейді талапкердің анасы Гаухар Елубаева.
Тұтас министрлер үйін таң атпай шулатқан шеру ата-аналардан жазбаша өтініш қабылдағаннан кейін ғана тынышталды. Бірақ бұл тыныштық уақытша ғана дейді ата-аналар. Олар бүгін кабинетінен шықпай қойған Білім министрін кеңсесін мәселе шешілгенше аңдуға дайын.