Белгілі жазушы: Барлық оқу орындарында оқыту тілі – мемлекеттік тіл болуға тиіс
2017 ж. 07 тамыз
3052
4
Ана тілін ұмытқан және сонысын мақтаныш көретін қазақтың үлкен бөлігі тұтас бір халыққа айналып кетті.
[caption id="" align="alignnone" width="1000"] Көрнекі сурет: Sputnik Қазақстан[/caption]
Қазіргі қазақ ұлтшылдығы қазақтың жоғалуға бет алған ұлттық құндылықтарын жаңғыртуды, қайта түлетуді мақсат ететін, оларды жалпыадамзаттық құндылықтармен байыта отырып, арамыздағы барша ұлт өкілдерін қазақ мүддесінің орындалуына атсалысатындай дәрежеде маңына топтастыра алатын қасиетке ие болуға тиіс. Бүгінгі ұлтшылдық үлкен құбылысқа айналмаса да, белгілі дәрежеде ұлт қамын жеушілік, яғни ұлтшылдық сезім көп азаматтың бойында бар ғой деп ойлаймын.
Совет өкіметі кезінде ұлтшылдықтың нашар қасиет ретінде бағаланғаны мәлім. Алайда сол шақтағы қазақ ұлтшылдығы, уақытында біздің ойшылдарымыз айтып кеткендей, озық ұлттар деңгейіне жетуді көздейтін тіленші ұлтшылдық қана еді. Бүгінгі таңда ұлтшылдықтың советтік дәуірдегі теріс бағадан арылып, ұлтты сүю, ұлт мүддесін қорғау, ұлттың дамуына қызмет ету ретінде түсінілетін мазмұнмен байытылғаны аныққа шықты. Бірақ ол әлі де тіленшілік дәрежеде келе жатқан сияқты. Өйткені билік буындарындағы чиновниктерді іс-әрекеттерінде ұлтшылдық сезім билейді деп айта алмаймыз, олар тіпті ұлтшыл атанудан қорқады. Ұлт мәселесінің дұрыс шешімін табуын, негізінен, қоғам белсенділері ғана көтеруде. Бірақ үкімет тарапынан тиісті қолдау көрсетілмегендіктен, ұлт мүддесін көздейтін ұсыныстардың көпшілігі баяғы тіленшілік деңгейде қалып қойды ма деймін.
Қазіргі қазақ ұлтшылдығының қызметі, біріншіден, билік пен қоғамның өзара түсінісіп, шын мәніндегі бірлікте әрекет етуіне қол жеткізуге бағытталғаны жөн болар еді. Бұл ретте президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қалың халықтың көңілінен шыққан «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа алған дұрыс.
Орайы келгенде айта кетейін, «модернизация» деген сөзді мен «жаңару» деп аударғанды дұрыс көремін. Өйткені «жаңғыру» сөзі, менің ойымша, ұмыт боп бара жатқан әлдененің қайта түлеуі (возрождение, ренессанс) ұғымын береді, ал алға қойылып отырған мәселе сананы жаңа сапаға көтеру жайында болғандықтан, бұл жерде «жаңару» (обновление, модернизация) сөзін қолданған дәлірек болар еді. Ал, жалпы, президенттің аталған бағдарламалық мақаласы мен ассамблеядағы сөзінде қазақ ұлтшылдығы қызметінің мазмұнын ашатындай жайттар қолмен қойғандай жіктеліп, жіліктеліп, алдымызға өте түсінікті түрде тартылды. Мәселе соларды шығармашылықпен, терең түсіне әрі жан-жақты дамыта отырып басшылыққа алуда ғой деп ойлаймын. Айталық, президент қай-қайсымыздың да «ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанымызды» қалайтынын айтты. Билік пен қоғам өзара түсінісіп, қазіргі қазақ ұлтшылдығының қызметін өркениетке сай өрістетем десе, осыған назар аударуы керек. «Екі ереженің» алғашқысы – содан бері көп сөз болған ұлттық код, ал екіншісі «ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту» керектігі жайында болатын. Екеуінің де ұлт мүддесін қорғау, ұлт мүддесіне сай қызмет ету үшін өте маңызды ереже екені анық. Осы ретте, ұлттың дамуына кедергі болатын кертартпа тұстар мен олардан арылу жолдарының бірі жайындағы пікірімді білдіре кетейін. Менің ұғымымда, өткеннің кертартпа тұстары советтік заманда қанға сіңірілген ұғымдар тұтқынынан шыға алмауымызда жатыр. Айталық, большевизмнің солақай билігі салдарынан қазақ халқы үш дүркін ашаршылықты бастан кешіп, айтып жеткізгісіз ұлттық апатқа ұшырады. Ал билеуші партия мен Кеңес өкіметі қазақ халқына жасаған қылмыстарын реформаторлық әдемі ұрандармен бүркемелеп, қалың жұртты соған сендірді. Сырттан келіп босап қалған кеңістікке, көшпенділер сүйегі үстіне қоныстанғандар шындықты білген жоқ. Дүрілдетіп, социализм көрігін қыздырумен жүрді де, жанама түрде болса да, қазақтың ұлттық мүдделерінің шектелуіне әсер етті. Өз елінде ұлттық азшылық деңгейіне түсірілген қазақ халқын орыстандыру үдерісі патшалық тұсындағыдан да қарыштап, екпіндей қанат жайды. Әрі оның идеологиялық тұрғыдан қамсыздандырылып, сәтті жүргізілгені соншалық – ана тілін ұмытқан және сонысын мақтаныш көретін қазақтың үлкен бөлігі тұтас бір халыққа айналып кетті. Тіпті тәуелсіздік дәуірінде де олардың көбі ана тіліне қайырыла қоймады, ең бастысы, олар әдемі ұран жамылған орыстандыру саясатының құрбаны болғандарын әлі күнге дейін мойындаған емес. Қайта соларын, ана тілін тәрк етіп, тілі түгіл, ділі де тонын айналдырып, орыстанып кеткендерін мақтаныш тұтады. Қазіргі түрі қазақ, тілі мен ділі орыс болып кеткендердің өз тегіне деген кісі шошырлық көзқарасын көргенде еске түседі: самодержавие қамытынан құтылып, жаңа империя туын көтерген шағымызда төңкеріс көсемі, нөмірі бірінші большевик Ленин орыстанған өзге тұқымдының орыстан өткен шовинист екенін ескертіп, ұлттар теңдігін күйттеушілерді сақтандырған еді. Тәуелсіздік дәуірінде ұлттық мүдделердің толығымен қорғалмай, ұлт мәселесінің іс жүзінде жаңаша қордалануына, ең түсініктісі болып табылатын тіл тағдырының өзінің ойдағыдай шешіліп болмауына солардың қарсы әрекеттері себеп болып келеді. Президент белгілеп берген сананы жаңарту жұмыстарының тұғырында осы бір келеңсіз құбылысқа душар болған қандастарымызды туған ұясына қайтаруды көздейтін, елімізде қоян-қолтық өмір сүріп жатқан барша ұлт өкілдерінің халқымызбен бірлігін нығайта түсетін кешенді шаралар жүргізу сұранып тұр ғой деп ойлаймын. Менің ойымша, барша жұртты қазақ төңірегіне тығыз топтастырып, қазақ мүддесін жалпыұлттық мүдде ретінде қорғауға жұмылдыратын, тиісінше ел бірлігін арттыра түсетін шарт – халықты тарихпен тәрбиелеуде, қазақтың кеңес тұсында жабық болған қаралы тарихы арқылы тәрбиелеуде жатыр. Осы орайда, көпфункциялы мультимедиалық портал ашу және «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасау жөнінде президенттің берген нақты тапсырмасының қазақ ұлтшылдығы үшін маңыздылығына, сондықтан оның ойдағыдай орындалуына назар аудару керек. Президент айтқандай, терең ойластырылып, ғылыми негізде жасалуы тиіс интерактивті карта мемлекет құрушы қазақ халқының тәуелсіз ел тұғыры ретіндегі айрықша рөлін айшықтайтын болады. Бұл ерекше электронды карта ежелгі қазақ жерінде бірін-бірі алмастырған мемлекеттер түрлерінің тарих сахнасына ХV ғасырда тұңғыш рет этностық атымен қазақ мемлекеттігі ретінде шығу белестерін көрнекі бейнелеп, Қазақ елінің ХІХ ғасырда тәуелсіздігінен айырылып, одан жер-суының отарланып, қилы демографиялық күйзелістерге ұшырау кезеңдерін жүйелі де танымды, әсерлі етіп көрсетіп бере алады. Осы карта арқылы әуелде патшалықтың әміршіл билігінің, сосын Кеңес өкіметі кезіндегі билеуші партияның қилы тәсілмен жүргізген саясаты осында тоғыстырған сан түрлі ұлт өкілдерінің тәуелсіздік дәуіріндегі ұйысу процесін толық және өте түсінікті әрі әсерлі етіп әңгімелеуге болады. Президент ассамблеяда Совет өкіметі жасаған саяси қуғын-сүргіндер жайын, мыңдаған жазықсыз жандар қатарында Алашорда қайраткерлерінің де атылып кеткенін, енді ондай жағдай ешқашан қайталанбайтындай етіп ұмытпау үшін арнайы еске алу күні ретінде 31 мамырдың белгіленгенін айтты. Яғни азаматтарды тарихтың қасіретті беттерімен де бауырластыра отырып тәрбиелеудің маңыздылығына зор мән бергеніне күмән жоқ. Аталған интерактивті тарихи картаның тұсауы келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай кесілуге тиіс. Тек оның мазмұнында жоғарыда айтқан белестер лайықты орын алып тұруына атсалысу керек. Осы орайда, тақырыпты шамалы кеңейтіп, кеңестік стандартпен қалыпталған күйі қалған ескі сананы жаңартудың бір жолын еске салуды жөн көреміз, ол – сталинизм құрбандарына жаппай тағзым етуді дәстүрге айналдыру мәселесі. Бұл, әсіресе, большевизм ұрындырған қазақтың ұлттық апатын есте ұстауға байланысты. 1917-1933 жылдары үш дүркін орын алған жасанды ашаршылықтар кезінде тікелей – 4 жарым миллион, жоғалтқан ықтимал табиғи өсімді қосқанда – 10 миллиондай жаннан айырылдық. Аштан қырылғандар көмілген жер-жердегі қорымдарды анықтап, басын қарайту, елді мекендерде ескерткіштер қою, өлкетану мұражайларында арнайы бұрыштар, бөлімдер ашу, еврейлердің қоңыр індет құрбандарына арналған «Яд ва Шем» («Жад және Есім») музейі іспетті арнайы зерттеу орталығы, танымды экспозициялары бар көрнекі ғылыми орда жасақтау арқылы осы қаралы кезеңдер шындығын жұртшылыққа әсерлі жеткізу жайын ойланған жөн. Мешіттер мен шіркеулердің 31 мамыр қарсаңындағы жұмада жамиғаттарына ашаршылық құрбандары жайында арнайы уағыз айтуын дәстүрге айналдыруы қажет. Бұларды жүзеге асыру арқылы қазіргі қазақ ұлтшылдығы қалың көпшіліктің тарихи әділеттілікті айқын түсінуіне және халқымыздың бірлігін арттыра түсуіне өлшеусіз зор үлес қоса алады. ТІЛ ТАҒДЫРЫ ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫН АЛАҢДАТУЫ ТИІС
Біздің тәуелсіз республикамызды әлемдік қауымдастық ұлттық мемлекет деп санайды. Яғни әлем мойындаған тәуелсіз ұлттық мемлекетіміз бар. Бірақ өзіміздің ұлттық мүдделерімізге толық жауап бермейді деп санап, көп нәрсеге көңіліміз толмайтыны рас, сондықтан да оны, тәуелсіз ұлттық мемлекетімізді атына сай жақсылап жасақтап шығуымыз керек. Яғни мәселе – соған шын мәніндегі ұлттық мазмұн беруде. Демек, қазіргі қазақ ұлтшылдығының алда тұрған аса зор міндеті, шынында да, ұлттық мемлекет құру болуға тиіс. Ұлттық мемлекеттің көзге ұратын бірінші белгісі – мемлекеттік тіл екені мәлім, рас, бізде ол бар, тек қағаз жүзінде ғана. Мемлекеттік мәртебесіне қарамастан, қазақ тілінің қолданыс аясы тар әрі оны тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан астам уақыт болғанмен, тиісті дәрежеде кеңейте алмай келеміз. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілді білуге қажеттілік, мұқтаждық туғызудың шешуші рөл атқаратынына күні бүгінге дейін мән бермей отырмыз. Егер мемлекеттік тілді өз мәртебесінің деңгейіне көтеру, яғни қоғамдық-саяси функциясын күрт арттырып, қолданыс аясын мейлінше кеңейту мәселесін бұдан әрі де жүзеге асырмай сөзбұйдаға сала беретін болсақ, осы күндері жұртшылықты тәп-тәуір сергіткен жаңа науқан – қолданыстағы реформаланған кирилл графикасын латын графикасына ауыстыру шарасы оң нәтиже бермейді. Шындап келгенде, ұлттық мемлекетте барлық оқу орындарында оқыту тілі – мемлекеттік тіл болуға тиіс. Қаршадайынан үш тілге баулынған балада, академик Рабиға Сыздықова апайымыз атап айтқандай, ана тілі деген ұғым болмайды, ал мұндай жағдайдың қазақ ұлтшылдығын алаңдатпауы мүмкін емес. Тарихты шолтитып оқытудың да ұлттық мемлекет мүддесіне сәйкес келмейтінін айтып жату артық. Ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан қазақ халқының ұлттық болмысында қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиет бар. Халқымыздың сол қасиетін бейнелейтін формула бойынша күллі материалдық байлықтан адами құндылық биік қойылып, әділеттілік, адалдық, шыншылдық пен ахлақ (мораль) дәулет атаулыдан әлдеқайда артығырақ бағаланатын. Бірақ құбылмалы саясат билеген әр заманның ыңғайынан түрлі кемшіліктер туып, үлкен дертке айналды. Құндылықтардың өзгеруі, билік буындарына жеке басының байлығын жасап алғандар ғана барады деген ұғымның пайда болуы психиканы аздырды. Бұрын «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп арды, ұятты, ахлақты барша игіліктен жоғары қоятын қазақтың өмір сүру ережесі қатты өзгеріске ұшырады. Соның салдарынан бүгінгі қоғамның барлық саласын сыбайластық пен сыбайлас жемқорлық жайлады. Коррупция жықпылдарымен еркін шарлауға машықтанғандар үшін әділдік пен ар-ұяттың іс-әрекетке бақылаушы яки тежегіш бола алмайтыны аныққа айналды. Осы құбылыспен күресу үшін адамгершілік ұстынымызды нығайту шараларын ұлтшылдық қасиет ойлантуға тиіс. Тәуелсіз даму жолына түскен шақта жаһандану үдерісіне мойынсұндық. Ал ол тұрмысқа, ел басқару жүйесіне, шаруашылық, кәсіпорын, білім беру мен тәрбиелеу орындары біткеннің бәріне батыстың шоу-бизнес деп аталатын даңғазасы мол өнерінен бастап, жаңа технологиясын ұсынған бұқаралық мәдениет еді. Техникалық жағынан да, интеллект жағынан да коммунистік стандарттан енді ғана азат болған біздің еліміздегі жағдайдан батыс әлдеқайда жоғары деңгейде тұрғандықтан, жаһандану үдерісі біздің тарапымыздан ешқандай тосқауыл көрген жоқ. Кедергі кездеспегендіктен де жастар санасын тез жаулады. Соның салдарынан қазақтың тілін, ділін, ұлттық мәдениетін алып жүргендер қатары анық сиреді. Ұл-қыздарымыз, әсіресе ұлттың болашағын анықтайтыны табиғатына жазылған бойжеткендеріміз батысқа көзсіз еліктеп, тіпті қазақша сөйлеуді азайтты. Демек, жастар санасы үшін күресуді ұлтшылдық міндеттердің міндеті деп білуге тиіс. Әсіресе ұлттық мемлекет құруға талпынған іс-әрекетімізге озық сана жетекшілік етуі қажет. Яғни қазақтың ұлттық мемлекетінің болашағы күні ертең-ақ жастар қолына өтетінін еш ұмытпай, ұрпақ тәрбиесін ұлттық құндылықтар негізінде жүйелі түрде қайта құру жөн болмақ. ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ ӨЗГЕЛЕРДІ ӨЗ МАҢЫНА ТОПТАСТЫРУЫ ШАРТ
Ұлт мүддесі қоғамдық-саяси жұмыстарды дәстүрлі дінін қадірлей білу, әлеуметтік әділеттілікке лайықты көңіл бөлу орайына қарай құрып, елдегі кедейшілікті, жұмыссыздықты жоюға ұмтылуда жатса керек. Меніңше, ресми билікте жүргендер, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардағы белсенді ұлтшыл азаматтар күллі қоғами және саяси жұмыстарын қазақтың осы уақытқа дейін шектеліп келе жатқан құқықтарын қалпына келтіру жағына бағыттау керек. Айталық, билік айтып жүргендей, Қазақ елінде игерілмей жатқан жер көп. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақты жерден айыру патша өкіметі тұсында басталған, Кеңес өкіметі оны түзей қоймады. Өткендегі қиғаштықтарды қазіргі демократиялық өкімет түзетуге тиіс деп ойлаймыз. Егер осы тәуелсіз ел өкіметі халықты жерге орналастырудың өркениетке сай жаңа үлгілерін жасап, жаңаша ұйысқан кооперативтерді жеткілікті несиемен қамтамасыз етсе, аз жылда жұмыссыздықты жойып, ауыл шаруашылығын жаңаша жандандырар еді. Сонда сырттан құйылуы ықтимал инвестицияға еміну доғарылып, қолдан жасалған олигархтардың залалды іс-әрекеттеріне тоқтам салынар еді. Ең бастысы, қазақ халқы өз жеріне өзі қожа болар еді, арасында отырған діні, тілі, ділі бөлек диаспораларды өз маңына ұйыстырып, ортақ мүддеге жұмылдыру арқылы қазақтың шын мәніндегі ұлттық мемлекетін жаңа тұрпатта құрып шығар еді.
Бейбіт Қойшыбаев, Жас Алаш