ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хиджаб киюге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Министр Ермекбаев хиджаб киюге қатысты пікір білдірді
2017 ж. 04 тамыз
4385
9
Оның айтуынша, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі кейбір заңнамалық актілерге бірқатар түзету енгізуді қарастырып жатыр.
«Бастама азаматтық қоғамнан шығып отыр. Оның ішінде қоғамдық орындарда бетті тұмшалайтын және кім екенін анықтауға кедергі келтіретін киімге тыйым салу туралы ұсыныс бар. Бұл бүгінде кең етек жайған халықаралық тәжірибе. Ол қоғамдық қауіпсіздікті, этиканы, ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтауға негізделген», - деді Нұрлан Ермекбаев.
Бұл нормаға енгізілгелі отырған түзетулер қоғаммен және сарапшылармен талқылануда.
Министр мектептерде хиджаб киюге қатысты мәселе білім және ғылым министрлігінің құзыретіндегі шаруа екенін атап өтті.
«Білім және ғылым министрлігінің киім үлгісін сақтауға қатысты бұйрығы бар. Ол Әділет министрлігінде тіркелген толыққанды заңнамалық акт. Заңды күші бар, сондықтан мектептерде, кейбір өзге де білім ошақтарында шариғат талаптары, әр түрлі діни нанымдар мен конфессия талаптары емес, зайырлы заңдар, нормативтік-құқықтық актілер жұмыс істейді», - деді Нұрлан Ермекбаев.