Қазақ күресін бизнеске айналдыруды доғару қажет - Серік Түкиев
2017 ж. 28 шілде
10339
24
Бүгін Астанада Дүниежүзі "Қазақ күресі" федерациясының ұйымдастыруымен арнайы брифинг өтті. Шараға UWW белбеулі күрес бойынша Дүниежүзілік комитеттің президенті Гинтес Вилейт пен "Қазақ күресі" ДФ вице-президенті Серік Түкиев қатысты, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі.
Бұл басқосуды өткізуге соңғы кездері қазақ күресі айналасындағы түрлі дау-дамайлар себеп. Атап айтқанда, бүгінгі таңда елімізде ресми Дүниежүзі "Қазақ күресі" федерациясы мен бейресми Халықаралық "Қазақ күресі" федерациясы жұмыс істеп келеді.
Елімізде он алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Дүниежүзі "Қазақ күресі" федерациясы осыған дейін қаншама спорт шеберін баптап, бірнеше әлем чемпиондарын шығарды. Олардың қатарында Айбек Нұғымаров, Бейбіт Ыстыбаев, Мұхит Тұрсынов секілді есімі елге белгілі, атақты "БАРЫСТАР" да бар. Алайда, соңғы уақытта ресми федерацияның жұмысына тосқауылдар қойылуда.
[caption id="" align="alignleft" width="179"] Қ. Бозымбаев[/caption]Вице-президент Серік Адамұлының айтуынша, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тарапынан қазіргі уақытта федерацияға үлкен қысым көрсетілуде.
- Бұл лауазымды тұлғаларды араластыру арқылы, Арман Шораев бастаған Халықаралық "Қазақ күресі" федерациясы біздің 16 жылдық жұмысымызды жоққа шығарып, бізден барлығын тартып алмақшы. Олар өздері заңсыз әрекет жасау арқылы елімізге үлкен зиян келтіріп отыр. Бұл федерация UWW мүшесі емес, алайда бізді сол мүшеліктен шығарып тастап, өздері кіруге ниетті, - деді С. Түкиев.
Даудың барлығы Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының "Бірлескен күрес әлемінің" Президенті Ненад Лаловичке ресми хат жазып, ол хатта Дүниежүзі "Қазақ күресі" федерациясын мүшеліктен шығарып, оның орынына Қанат Бозымбаев басқаратын Халықаралық "Қазақ күресі" федерациясын қабылдауды сұрайды. Сонымен қатар, 2017 жылдың тамыз айында Астанада өтуі тиіс қазақ күресінен әлем чемпионаты министрліктің бағдарламасында (күнтізбесінде) жоқ екенін жазды.
Алайда, Серік Адамұлы брифинг барысында Астанада өтуі тиіс әлем біріншілігі спорт комитетінің күнтізбесіне кіргенін дәлелдейтін нақты құжаттарды көрсетті. Аталмыш құжатқа Спорт ісі комитетінің төрағасы Е. Қанағатов қол қойған.
Демек, бір министрдің сұрауы бойынша бір министр күнтізбеге өзгеріс енгіздірген болып отыр. Әңгіме де осымен бітсе игі еді.
Алайда UWW белбеулі күрес бойынша Дүниежүзілік комитеттің президенті Гинтес Вилейттің айтуынша, осының нәтижесінде ағымдағы жылы Астанада қазақ күресінен әлем біріншілігі өтпейді. Бұл әлем біріншілігі енді Еуропа елдерінің бірінде өтеді. Аталған біріншілікті өткізуге қазірдің өзінде Франция, Сербия, Голландия секілді алпауыт мемлекеттер қызығушылық танытып отыр.
- Бұл жарысқа кемінде 300 спортшы келеді. Бұл сіздердің бюджетке түсетін ақша. Енді одан қағылдыңыздар. Менің таң қалатыным, қалай антидопингтік одаққа мүше емес федерация (Бозымбаевтың федерациясы - ред) бізге мүше бола алады? Және спорт министрі осыған қалай жол берді? Мен бұл мәселені басшылыққа жеткіземін, - деді Гинтес.
Атап өту керек, осындай ішкі текетірес салдарынан Қазақстанға санкция салынып, біздің спортшылар Азия чемпионаты, Олимпиада ойындары секілді әлемдік жарыстарға бара алмай қалуы мүмкін.
- Спорт министрінің өзі Бозымбаев басқаратын федерацияның вице-президенті болып табылады. Ол қоғамдық ұйым. Мемлекеттік қызметкер ретінде ол заң бойынша қоғамдық ұйым жұмысына араласа алмайды. Бұл жерде, біріншіден, ол заңды өрескел бұзып отыр. Екіншіден, мен ойлаймын, Арыстанбек Мұхамедиұлы біреулердің айтағына көніп, ойланбай осы құжатқа қол қоя салуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бұлар біздің федерацияның он алты жылдық жұмысын жоққа шығарып, бәрін тартып алмақшы. Олар UWW секілді әлемдік ұйымдарға мүше емес. Олардың әлем чемпионатын ұйымдастыруға құқығы жоқ. Олардың әрбір ісі заңсыз, - деді Серік Адамұлы.
Тағы бір атап өтетін жайт, Ислам Әбішев басқаратын Дүниежүзі "Қазақ күресі" федерациясы Қазақстандағы жалғыз халықаралық орган болып табылады. Бұл туралы UWW-ның бас хатшысы Мишель Дюссон өзінің ресми хатында айтқан.
- Армандар (Шораев) қазақ күресін ММА секілді бизнеске айналдырмақшы. Ия, "Қазақстан Барысын" өткізді. Тамаша жоба екені сөзсіз. Алайда, тұтас қазақ күресін сол секілді бизнес көзіне айналдыру бұл спортқа обал. Егер олардың айтқаны орындалса, онда қазақ күресінің болашағы құриды. Біздің палуандар әлемдік ресми жарыстарға қатыса алмайды. "Спорт шебері" ресми атақтар оларға берілмейді. Олар тек тойларда күресіп жүреді, - дейді С. Түкиев.
Қалай болғанда да, бұл істің заң аясында шешімін табуына тілектеспіз. Қазақ күресі - еліміздің брендіне айналып отырған шақта, осындай ішкі текетірестер кесірінен спортшыларға зиян келмесе екен дейміз.
Ерсін Едігеұлы, "Қазақ үні"Ескерту! "Қазақ үні" ұлттық порталы сөз бостандығы салтанат құру үшін тек бір жақтың ғана ұстанымымен шектелмейді. Редакция екінші тараптың да пікірін жариялауға әзір!
http://www.qazaquni.kz/2017/07/31/72774.html