"Время" газеті ҚАЗАҚ ТІЛІ мен ҚАЗАҚ мектептеріне қарсы шықты
2017 ж. 26 шілде
3638
10
Ана тіліміз жайлы сөз қозғалғанда елең етпейтін жан қалмайтындығы белгілі. Өйткені Елбасымыздың өзі «Қазақ елінің болашағы қазақ тілінде» дегенде бекер айтпаған болар. Ол шындығында да солай. Ендеше болашағымыз жайлы, ертеңгі күніміз хақында ой қозғағанда қай-қайсымыз да алаңдап отырамыз. Мемлекеттік мәртебе алғанымен, әлі де сол биіктен көріне алмай жүрген тіліміздің бүгінгі хал-жағдайы «мен қазақпын» деген жанды бей-жай қалдырмайтындығы тағы да шындық. Оның жетістігіне сүйінеміз, кемшілігіне күйінеміз.
Жақында Аятжан Ахметжанның «Баласын орыс сыныптарына беретіндерге жаным ашиды» деген сараптамалық мақаласын оқып, мерейіміз өсіп, бір қуанып қалдық. Енді ше. Автордың нақты дәлел-дәйектерімен тиянақтаған тұжырымы қазіргі таңда қазақ мектептеріндегі білім сапасы орыс мектептеріне қарағанда әлдеқайда жоғары екендігін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп береді. Қазақ мектебінің түлектері бірыңғай ұлттық тестілеуде де орыс мектебіндегі құрдастарынан оқ бойы алда келеді екен. Олар халықаралық олимпиадада да жоғары жетістіктерге жетіп жүрген көрінеді. Жалпы бүгінгі таңда қазақ мектебінің түлектерінің білім сапасы өте жоғары деңгейде, ал орыс сыныптарының болашағы тым бұлыңғыр. Міне сондықтан да, қай-қайсы ата-ана да бүлдіршіндерді қай мектепке беретіндігінен келгенде қатты ойланғандары дұрыс. Орыс сыныптарының бұрынғы беделі жоқ, қазіргісі қазақ сыныптарынан әлдеқайда төмен. Мақаланы оқығанда мұнымен келіспеске болмайды.
Қазақ тіліне қатысты қай мақала да қызу пікірталасқа ұласатындығы белгілі жайт. Өйткені бізде орыс тілінің пәрмені әлі де күшті. Ол тілде жазып, сөйлейтіндер мұндайда бірден өре түрегелетіндігін көріп те біліп те жүрміз. Бұл жолы да солай болды. «Время» газетінің өткендегі санында Төлеген Байтукенов деген тілші Аятжанның айтқандарын түгелімен жоққа шығаруға тырысады. Оның келтірген дәлелдерінің бәрімен бірдей келісе қою қиын. Мәселен, қазақ мектептерінің түлектерінің тестілеуде жоғары көрсеткішке жетулері оларға берілетін сұрақтардың тым жеңілдігінде көрінеді. Мәселен, онда «Шұбат қандай сүттен дайындалады?» деген сұрақ бар екен. Сондай-ақ Баян Есентаева мен Ермек Тұрсынов жайлы сұрақтар да дәл осындай тестіге енген. Төлегеннің бұл дәлелдері тым қисынсыз әрі шындықтан гөрі өтірікке жақындау. Айталық, шұбат жайлы малдың жайын жақсы білетін дәл қазақ баласынан сұралмағанда, тіпті сол шұбаттың не екендігін білмейтін орыс сыныбының түлегінен сұрала ма? Ал Баян Есентаева мен Ермек Тұрсыновқа келер болсақ, бұлардың екеуі де қазақ тілінен мүлдем мақұрым, мақалаларын тек орыс тілінде жазатын «мықтылар». Демек, бұлар орыс тілді аудиторияға жақын адамдар. Егер дәл осындай сұрақтар болса, онда олардың қазақ мектептерінің түлектеріне қойылуы мүлдем түсініксіз. Мұны аз десеңіз, автордың пайымдауынша қазақ мектептерінің мұғалімдері тым ұстамсыз, қит етсе балаға қол көтеретін көрінеді. Оның үстіне биттеп кету де осы мектептерден табылады. Қысқасы, қазақ сыныптарының орыс сыныптарынан артық болмақ түгілі, оның деңгейіне жетуге ертерек.
Жарайды, пікірталасында қыза-қыза келе не демейді. Алайда автордың келтірген бір фактісіне тоқталмай өтуге болмас. Төлегеннің айтуынша, қазақ мектептері халықаралық тестілеуде орыс мектептерінен ең кемі бір жарым жыл арта қалатындығы белгілі болыпты. Бұл рас болса, құрғақ мақтампаздыққа бой ұра бермей, осынау дабыл қағарлық жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, кемшілікті түзеуге жедел кірісу қажет шығар. «Жауырды жаба тоқуға болмас». Өз ішімізде жақсы болғанмен, онымызды халықаралық дәрежеде дәлелдей алмай жатсақ, жаман аты кімге келеді? Әрине, өзімізге.
Төлегеннің бұл айтқандарына онша сеніңкіремей, өзге де ақпараттық көздерге зер салдық. Сөйтсек автордың пікірінің де жаны бар көрінеді. Бұған camoniter.kz сайтында келтірілген біраз жайттар куә. Онда PISA-2015 халықаралық зерттеу шеңберінде өткізілген табиғаттану-ғылыми пәндер бойынша тестілеудің қорытындысы туралы Ұлттық есеп келтірілген. Ол Білім және ғылым министрлігі мен «Ақпараттық-сараптамалық орталық» АҚ басшылығымен дайындалған. Авторлары С.Ирсалиев, А.Култуманова, Е.Сабырұлы мен М.Аманғазы делінген. Осынау есепте келтірілген фактілер кім-кімге де ой саларлық. Егер рас болса, онда бүкіл қазақ мектептерінің бағдарламасын қайта қарау керек, ал өтірік болса, онда мұны оны әзірлеген ғалымдардың ар-ұятына қалдырдық. Дегенмен, бұл есептен қорытынды жасамасақ, кемшілігімізді жасырып, қымтап қойып отырғанымыз демеске лаж жоқ. Енді сол аталмыш есептің түйінді тұсына зар салып көрелік. Сөзімізді бұрмалады демес үшін, тұпнұсқада қалай жазылса, сол күйінде беруді жөн көрдік.
«Показатель успешности выполнения естественнонаучной части международного теста PISA-2015 казахстанскими 15-летними обучающимися составил 456 баллов. Высокие показатели компетенций данного направления демонстрируют участники Сингапура (556), Японии (538) и Эстонии (534).
В PISA-2015 Казахстан представили 3 562 15-летних участника с казахским и 2 218 с русским языками обучения. Казахстанские участники, обучающиеся на русском языке, показали более успешное выполнение теста PISA в сравнении со сверстниками с казахским языком обучения. Разница в показателях в разрезе языков обучения составляет 50 баллов. Согласно пересмотренной методике ОЭСР, разница в 30 баллов по международной шкале PISA равна одному году обучения. Таким образом, разрыв функциональных компетенций участников организаций образования с казахским и русским языками составляет более чем полтора года обучения».
Ал енді бұған Білім және ғылым министрлігі не дер екен? Жауап күтеміз.
Жайберген Болатов
Abai.kz