Шағым көп, шара қайда?
2017 ж. 11 шілде
2389
2
Тұтынушылардан ең көп арыз-шағым түсетін мемлекеттік органдардың көшін Ұлттық банк бастап тұр екен. Халықтан соңғы кезде ғана келіп түскен 23 мың арыздың жартысынан көбі осы ұйымға жолданыпты. Жұрт Данияр Ақышев басқаратын мекемеден валютамен алынған несиелік қарыздары бойынша екінші деңгейлі банктерден араша сұрайды. Премьер-министр үкіметтің кезекті отырысында сала басшыларын бұл мәселеде халық жағына шығуға шақырды.
– Айтылған барлық мәселелерді жинақтап, талдау керек. Одан кейін барып тиісті шешім қабылдаймыз. Ұлттық экономика министрлігіне, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғауда берік ұстанымда болуды міндеттеймін. Халықтың құқықтары туралы ақпарат аз деп айтылып жатыр. Осыны алдымен ескеру керек, – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.
Халықтың 19 пайызының Ұлттық экономика, 11 пайызының денсаулық сақтау саласына, 10 пайызының орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне көңілі толмайды екен. Бұл Үкімет отырысында айтылған ресми мәлімет. Тұтынушылардың тұрғын үй коммуналдық қызметіне де шағымы өте көп. Мемлекеттік қызметтің тарамданған өзге де көптеген салаларына деген халықтың өкпесі қара қазандай. Олардың бәрін тізбелей берсек шексіз кете береді. Бұл шағымдардың бәрі бүгін ғана пайда болып көктен түсе қалған жоқ. Бұрыннан сан рет айтылып келе жатқан, шешімін таппай әбден сүрленген сұрақтар.
Көп жағдайда халық өз құқықтарынан бейхабар. Мәселен, бұдан былай бір қызмет түрі бойынша қарызы үшін, коммуналдық шаруашылық тұтынушыны басқа қызметтен ажыратуына құқығы жоқ екенін білмейді. Сондай-ақ, енді бас тартқан тауар немесе қызметтің ақшасын қайтарғанда бұрынғыша оның 30 пайыз құнын ұстап қала алмайтыны да есте болғаны жөн. Бұл әуе, темір жол билеттеріне де қатысты. Үкімет жақын арада ғаламтор арқылы суретке сеніп сауда жасайтындардың да құқығын қорғамақшы. Ол үшін интернет-дүкендердің жауапкершілігі айқындалатын болады деген ұстамда биліктегілер. Өте дұрыс, тек соның орындалу жағы қалай болар екен?..
Көпшілікті мына бір нәрсе таңғалдырады, сан саладағы көрсетілетін қызметтер бойынша бекітілген белгілі бір ережелер бар болғанмен олар керісінше орындалады. Заман талабына сай заңға өзгерістер енгізіліп тұратыны да рас. Мақұл, қарапайым халық жаңа ережені білмеді, естімеді делік. Өйткені олардың бәрі бірдей заңгер емес. Заңгерлердің өзі басқа саладағы ережелерді біле бермейді. Білген күнде де жаңағы ереже қызмет көрсететіндердің пайдасына қарай қабылданып, еріксіз дау тудырады. Ал, жаңағы қызмет көрсететін сала басшылары неге осыған бақылау жасап, тексермейді. «Қарапайым халықты алдауды, тонауды қойыңдар» деп қарамағындыларға неге айтпайды, неге сол үшін оларды жазаламайды? Әлде, басшылардың да олармен ым-жымдары бір ме? Біздіңше солай сияқты. Олай болса сол басшы неге алдымен жауапқа тартылмайды? Әйтпесе көпе-көрнеу жіберіліп жатқан кемшіліктерді дер кезінде түзетуге болады ғой. Өз міндетін дұрыс атқара алмаса ол басшы көзге шыққан сүйелдей болмай, босқа орын ұстамай өз еркімен қызметінен кетпей ме? Жоқ, біздегі жетесіз басшылар желкелеп қуғанша, апарып түрмеге тыққанша тырп етпей отырып алады. Жемқорлықпен сотталып жексұрын болғанша, көше сыпырған әлдеқайда абыройлы, ар-намыс деген болу керек қой адамда. Осындай дау-дамайдың соңы сотқа дейін жетіп жатады. Сотта мыңдаған азаматтық істер қаралып, судьялардың жұмысын көбейтіп жібереді. Ал, шын мәнінде соны сотқа жеткізбей шешуге болатын еді ғой.
Тұтынушылар дегеніміз – өзіміздің қарапайым тұрғындар, дәлірек айтсақ - сіз бен біз. Тіршіліктің өзі толықтай түрлі тұтынудан тұратындықтан оны тұрақты назарда ұстаған жөн, бұл бағытта тынымсыз жұмыс істеу қажет. Әрбір азамат атқарған жұмысы арқылы өзгелерге лайықты қызмет көрсетуге міндетті. Бір қоғамда қауымдасып өмір сүрудің өзі содан тұрмай ма?! Олай болса тұтынуды білген әрбір адам өзгеге де лайықты қызмет көрсете білуі қажет. Министрден бастап, қатардағы қарапайым жұмысшыға дейін осы қағиданы үнемі есте ұстағаны жөн. Бұл – кез-келген қоғамдағы бұлжымас заңдылық. Ашығын айтсақ, біздегі мемлекеттік болсын, жекеменшік сала болсын қызмет көрсетулер ешқандай сын көтермейді. Реті елсе сапасыз қызметі үшін бағаны көтеріп, қайткен күнде өз қалтасын қалыңдатып қалуға тырысады. Қызметтің сапасы сол бағаға сай келе ме, келмей ме ол жағы мүлдем ойландырмайды. Оны тексеріп, қадағалап отыруға тиісті жергілікті басқарушы органдар да бұл туралы бас қатырғысы келмейді. Тұрғындар арыз-шағымдарын тікелей жергілікті билік өкілдері мен министрліктерге ғана айтып қоймай, телеарналар мен баспасөз арқылы жанайқайға басып жатады. Бір жерде жол жоқ болса, енді бір тұрғындар ауызсудың жоқтығын айтып шағымданады. Ауыр науқастар дәрі-дәрмектің тым қымбаттығын, қолжетімсіздігіне налиды. Жергілікті биліктен күдер үзген соң олар ақырында тура Елбасының өзіне арыздануға мәжбүр. Өйткені, салалық министрліктер мен түрлі деңгейдегі әкімдіктерге арызданудан пайда жоқ. Нәтиже жоқтың қасы, нөл десек те болады. Неге? Міне, мәселенің мәнісі де осында болып отыр. Ондаған жылдар күш салсақ та осы бір түйінді тарқата алмай келеміз.
Нәтиже болмаса биік мінберлерден жалынды сөздерді жаудырғаннан не пайда? Кеңседе отырып алып тапсырма бергенмен, қол астындағы шенеуніктері сол жүктелген жұмыстың төрттен бірін де атқармайды.Бұл нені көрсетеді? Атқарушы биліктің кәсіби деңгейінің төмендігі мен жауапкершіліктен жұрдай екендігін көрсетеді. Жай ғана жауапкершілік емес, халық алдындағы, Отан алдындағы міндетіне салғырт-салақ қараудың айқын көрінісі. Оған мысал іздеп әуре болудың да қажеті жоқ. Тұрмысымыздағы кез-келген саланы алып қарасақ та көз жеткізе аламыз. Бір ғана 14 білім министрі ауысқанмен ғылым мен білім саласының жұмысын дұрыс жолға қоя алмағанымызды айтсақ та жетіп жатыр. Қаншама премьер-министрлер ауысты, одан келген айтарлықтай жеңілдік пен жақсылықты жұрт сезіне алған жоқ. Алғашқыда айқайлап, ысқырығы жер жарардай болып келгенмен, көп уақыт өтпей арыны басылып, баяғы бүлкілге басады. Үкімет пен әкімдік отырысындағы әп-әдемі әңгіме мен қырып-жоятын жап-жақсы жоспар кеңседен шығысымен ұмытылады. Қаншама құнды бағдарламалар қабылданды. Соның бірде-біреуі толықтай орындалып көрмепті. Мысалы, кәсіпкерлікті дамыту үшін қыруар қаржы жұмсап көптеген зауыт-фабрикаларды аштық. Солардың жартысына жуығы жұмыс істемей тұр. Бұл туралы Үкіметтің отырысында да сөз болған. Бірақ қорытынды жасалып, нақты нәтиже шыққан жоқ. Құрылыс сапасын жақсартамыз дедік, үйлер қисайып, құлап жатыр. Ортадағы делдал немесе еншілес мекемелерді азайтып үнемге көшеміз дедік, ол да аяқсыз қалды. Бұғаусыз кеткен бағаны тізгіндеп бақылауға аламын деген бұрынғы ұлттық экономика министрі Бишімбаев жемқорлыққа ұрынып, бағадан бұрын өз бұғауланды. Ақшаны қалтамызға салып берсеңдер көктемде су тасқынынан болатын зардапты жоқ қыламыз деп алақанына түкірген төтеншеліктер де түк бітіре алмады. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға бет бұрып, миллиардтаған қаржы бөлініп жатқаны белгілі. Қаржылық қолдаудан кенде емеспіз. Сөйте тұра тым болмаса шегірткенің көзін құртуға шамамыз келмей жатыр. Қазір кейбір ауылдарда еккен егісі шегірткеге жем болып, жанайқайға басуда. Айта берсек, «Неге?» деген сұрақ жетерлік, жауап жоқ.
Жауап – қатаң бақылау мен әрбір тапсырылған істің нақты орындалуын талап етуде жатыр. Бізде сол жетіспейді. Мәселе ушыққанда Елбасы араласып, өзінің тікелей шешуіне тура келеді. Бір ғана мысал, Бақытжан Сағынтаев осы лауазымға енді келген кезінде Ақтау теңіз айлағында үлкен дау-дамай болғанын білеміз. Жергілікті кәсіпкерлердің кесірінен шетелден келген тауарлар түсірілмей, апталап, айлап жатып қалған-ды. Бас уәзір өзі бір емес екі барып мәселені шешіп келді. Сонда барлық жұмысты Елбасы мен Премьер-министр атқаруы керек пе? Қалған министрлер, түрлі деңгейдегі әкімдер қол қусырып отыра бере ме? Қолынан түк келмейтін бастықсымақтарды енді қайтып басшы орынға жоламайтындай қуып, осыған қатысты қатаң талабы бар заңды неге қабылдамаймыз? Әлде, күніміз соларға ғана қарап қалып па, олардан басқа басшы болатын адам құрып қалып па? Егер сол толып жатқан басшылар дұрыс жұмыс істесе үсті-үстіне төпелеп түсіп жатқан арыз-шағымдар да азаяр еді, мемлекеттік қаржы да ұрланбас еді. «Шағымдарға байланысты қолданған шара қайда?» – деп сіздерден ешкім сұрамас та еді. Премьер-министрден бастап, бүкіл билік тармағы мәселенің осы жағына жіті көңіл бөлсе деген оқырмандарымыздың тілегін ұсынып отырмыз. Бұндай тілек, ұсынысты бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Бұл жолы да айдалаға айтылды ма деген күдігіміз басым...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz