Асқар ҚАРАБАСТАУ: Қазақша білмейтін шенеуніктердің жүрегі ҚАЗАҚ деп соқпайды
2017 ж. 11 шілде
2803
9
Кейбір қазақ жігіттері мен қыздарының және шенеуніктердің қазақша білмейміз деп орысша шүлдірлейтініне ызам келеді.
Өйткені бұл адамдарда ұлтқа деген сезім өшкен, жүрегі қазақ деп соқпайды, өз Отанын сүймейді, намысы, жігері жоқ. Осы орайда мына жайларды айта кеткім келеді.
1970 – 1972-жылдары Мәскеуде әскери борышымды өтегенмін. Сонда рота командирі қазақ жігіттерін Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әлия мен Мәншүк туралы айтып жігерлендіретін еді. Қазақ батырларын баршаға үлгі ететін. Сонда бір желпініп қаламыз, көкірегімізді мақтаныш кернейтін еді.
Бірде күреске қатысып жүргенде қолым сынып лазаретке түскенім бар. Бір күні «завтрак» ішіп отырғанда Яша Янц деген эстон жігіт маған қазақ тілінде: «Шайыңа қант салып ішсейші», – деп таңқалдырған. Денем шымырлай орнымнан тұрған бетте оны қапсыра құшақтай алдым.
Яшаның балалық шағы Қызылордада өткен екен. Кейін Эстонияға қоныс аударып, Таллиннен әскер қатарына шақырылыпты. Қазақ тілін ұмытпаған. Екеуміз әбден сөйлестік. Басқа солдаттар бізден қай тілде әңгіме болып жатыр деп сұрап қояды. Яша: «По-казахски говорим», – деді. Содан оларға қазақ елі жөнінде мақтай жөнелді. Көкпар, қазақша күрес, асық ойнау туралы, қазы-қарта, ет, қымыз-қымыран жайында тамсана отырып айтып берді. Өзге ұлт баласының қазақша сөйлегеніне мақтанып, көңілім бір өсіп қалып еді сонда.
Сондай-ақ 1978-жылы көкек айында Грузияның Батуми қаласында болғаным бар. Қаланың әмбебап дүкенін аралап жүр едім, бір кавказдық жігіт қазақ тілінде: «Шымкенттік емессің бе?» – деп сұрады. Танысып, әңгімелестік. Бұл жігіттің ұлты – грек, кезінде Кентау қаласында тұрған екен. Батумиге қоныс аударғанына 15 жыл болыпты. «Қазақ тілін де, Кентауды да ұмытуға қақым жоқ. Қайта Қазақстанды сағынып жүрмін. Қазаққа ешқандай ұлт жетпейді», – деп ағынан жарылды. Сонда да төбем көкке жеткендей болып қалған едім.
Бүгінгі күндері де арамызда қазақ тілін жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдері бар. Солардың біреуі жөнінде айта кетейін.
Жұмыста едім, электр жарығы өшіп қалды. «Газель» көлігін автотұраққа қоятын Роман Белый деген азамат бар. Соған «светті» жалғап беруін өтіндім. Ол менен қысқаш сұрады. Өзі қазақшаға ағып тұр. «Байырқұмдықпын. Жас кезімнен қазақтармен етене араласып кеткенмін», – дейді. Әзілдеп: «Қоңыраттың ішіндегі Байлар-Жандармын», – деп қояды. Риза болдым.
...Міне, өмір жолымда мен қазақ тілін, қазақты құрметтейтін осындай талай адамды кезіктірген жанмын. «Сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, өзім де оларға лайықты құрмет көрсетуге тырыстым. Оларды әрқашанда үлгі етіп айтып жүремін. Ал өзіміздің кейбір қазақ жігіттері мен қыздарының, басшылық қызметте отырғандардың орысша шүлдірлегенін, өз ана тілін менсінбейтінін көргенде күйіп кетемін.
Мұндайды тоқтату керек! Тоқтататын кез жетті. Қазақ азаматтарын өз ана тілін қадірлеуге, қазақша сөйлеуге шақырамын.
Асқар ҚАРАБАСТАУ,
zamana.kz