КӨШТІ ҚАБЫЛДАУҒА ЖЕТІ ОБЛЫС ДАЙЫН!
2017 ж. 06 шілде
5071
4
Шеттен көшіп келіп, шаруашылықпен айналысам деген ағайынға солтүстік аймақты негіз етіп оралмандарды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған жеті облыстағы ауылдардың есігі айқара ашық, заң аясында барлық жағдай жасалады. Қысқасы, ауылға барғысы келетін ағайындар, алаңдаудың қажеті жоқ!
Енді осы сөзіміз дәлелді болу үшін бұл әңгімені сәл арыдан қозғауға тура келіп тұр.
Осыдан бір ай шамасы бұрын, нақтылап айтам, мамыр айының 17-сі күні «Нұр Отан» партиясының республикалық Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов азаматтарды қабылдағанда, ел қатары біз де кіріп, Тұңғыш Президенттің көші-қон қорын құру, ҚХР-нан келген қандастарымыздан тұрақты тіркеуге тұрарда талап етілетін соттылығының бар-жоғын дәлелдейтін анықтаманы күшінен қалдыру сынды бірнеше мәселені ортаға қойғамыз. Соның бірі – көшіп келушілерді Үкімет айқындаған өңірлерге бағыттап қоныстандырудағы мәселе болатын. «Мысалы, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарына көшіп келген ағайындарға жергілікті атқарушы билік "бос жер жоқ" десе, оған түсіністікпен қарауға болады. Өйткені, ол өңірлерде халық онсыз да тығыз орналасқан. Ал, шеттен келген бір туысымыз сол жеті облыстағы бір ауданның әкіміне барып шаруашылық құратын Жер телімін сұраса, оған ол әкім "ауылда бос жер жоқ" десе, бітті, онда сол туыс бәрін бүлдіреді! «Оралмандарды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған жеті облысыңда да бос жер жоқ екен!» деген суыт хабарды WeChat деген өсекші сол күні-ақ жұртқа жаятыны мұнда тұрған әңгіме» дегенбіз Асекеңе.
Содан бері де бір жарым айдың көлемінде уақыт өтті. Арада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы ашылып, өздеріңіз ет құлақтарыңызбен естідіңіздер, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық. Ешкімге шектеу жоқ!» – деді. Сондай-ақ, елге келгеннен соң құжат түгендеу үшін әрі-бері сабылу болмауы үшін соттылық туралы анықтаманы шешуді, шеттегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «ОТАНДАСТАР» деген қор құруды Үкіметке шегелеп тұрып тапсырды.
Елбасының бұл тапсырмасын Үкімет көпке созбай, жедел орындайды деген ойдамыз! Әсіресе, соттылық туралы анықтама мәселесін ең алдымен шешіп тастау керек!
Енді әуелгі сөзімізге оралсақ, бүгін менің қолыма Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінен ақжолтай хат келіп түсті.
Манағы қабылдаудан шыға салысымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Исабекұлы Солтүстік өңірлерде босалқы ауыл шаруашылығы жерлеріне талдау жүргізу үшін аталған Комитет жанынан жедел жұмыс тобын құрып, ол топты Солтүстік Қазақстан облысына аттандырыпты.
Жұмыс тобы сапар барысында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А.С. Сапаровпен отырыс өткізіп, көшіп келушілер мен қоныс аударушыларға ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу мәселесін талқылапты.
Сондай-ақ, бұл өңірге көш керуенін бұрғандарға үй сатып алу, жергілікті жерде жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін анықтауға тапсырма беріпті. Жұмыс тобы одан ары СҚО Уәлиханов ауданының 5 ауылдық округінде жұртшылықпен кездесіп, нақты тексеру-зерттеу жүргізеді.
Нәтжесінде, Уәлиханов ауданының 5 ауылдық округінде көшіп келушілер мен қоныс аударушылардың қажеттілігі үшін 234 мың 157 гектар босалқы жер бар екені анықталыпты. Оның 508 гектары егістік, 397 гектары тыңайма, 234 мың 824 гектары жайылымға арналған жер екен.
Ал, осы 234 мың 824 гектар жайылымға арналған жердің 33 мың 896 гектарын 2018-2022жылдарға қарай көшіп келушілер мен қоныс аударушылардың қажеттілігі үшін резервке (қорға) қойыпты.
«Барлық мұқтаж тұлғаларға жаңа жұмыс орындары, балаларға арналған балабақша және мектепте орындар қарастырылған.
Жүргізілген жұмыстың қорытындылары бойынша, жұмыс тобы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі Солтүстік Қазақстан облысына көшуге ниет білдірген тұлғалардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті деген шешімге келді» делінген Комитет хатында. Демек, басқа ауылдарда да жер мәселесі осылай деп топшылай беруге болады.
Сонау ит арқасы қияннан Отаным бар деп көшіп келген ағайын бір телім жердің пұшпағын ұстай алмаса, арттағы елге не бетімен қарайды!? Ұятты былай қойғанда, жерсіз шаруашылықты қалай шалқытады, жанды қайтып бағады?!!
Ардақты ағайын, енді көздеріңіз жеткен шығар, көштің басын бүгіннен бастап Үкімет айқындаған жеті облысқа жедел бұруларыңызға болады.
Міне, министр болсаң, Мырзахметовтей бол!!!
Ауыт Мұқибек
Qazaquni.kz
http://www.qazaquni.kz/2017/06/22/71221.html