ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА
2017 ж. 05 шілде
4361
0
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы, кинодраматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубайдың 70 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік тұлға» деген шығармашылық кеш өтті. Шара аясында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің тікелей қолдауымен қаламгердің түрік тілінде басылған «Ақ боз үй» романы мен Әбіш Кекілбайдың «Аңыздың ақыры» романының ағылшынша аударылған кітабының тұсаукесері болды.
Смағұл Елубай қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың жетпісінші жылдары келген тегеурінді толқынның өкілі саналады. Алғашқы әңгіме-хикаяттарымен-ақ елді елең еткізіп, оқырмандарын тауып үлгерді. Әсіресе, жазушының кең тынысты «Ақ боз үй» романын ерекшелеп айтуға болады. Өз уақытында қазақ әдебиетінің қомақты табысы болып танылған шығармада халқымыздың тарихында таңба болып қалған ашаршылықты жеріне жеткізіп суреттейді. Сөйтіп, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік идеологияға қаймықпай қарсы шығып, ұзақ жылдар жабық болған тақырыпқа түрен салды. Жұртымыз басынан кешкен ауыр оқиғаның ақиқатын ашып берді. Оның себебі де жоқ емес. Әрбір қаламгер өз тағдырынан алысқа ұзамайды. Смағұл ағамыздың аталары аумалы-төкпелі шақта қиыр асып, Түркіменстанға ауып барған. Суреткер сол жерде өмірге келген. 1961 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Талантты тұлғаның отандық кино өнері саласындағы еңбегі де ерен. Көптеген ұлттық образға бай фильмдердің сценарийін жазды. Кеш барысында жоғарыда айтылған екі кітаптың тұсауын Мырзатай Жолдасбеков, Әнес Сарай, Төлен Әбдік секілді көрнекті тұлғалар кесіп, жазушының азаматтық болмысы мен көркемдік туындылары әлемі жайында салмақты ой өрбітті. Одан кейін сөз алған ғалымдар Ғарифолла Есім мен Тұрсын Сыдықов Елубайдың әдеби әлемінен сыр тартып, парасатты пікірлерін білдірді. Тұсауы кесілген туындыларды Ұлттық академиялық кітапхана төрайымы Үмітхан Мұңалбаева қабылдап алып, шара туралы шағын сөз сөйледі. Шара соңында кеш иесінің өзі бүгінгі әдеби үрдістер мен аударма туралы салиқалы ой қозғады. – Кітапты өзге тілге аудару оңай емес. Ең алдымен, аударманың сапасы дұрыс болу керек. Осы жұмыс барысында үш нәрсеге көзім жетті. Бірінші – әдебиетті таңдау, екінші – оны аудару, үшінші – сол аударылған кітапты оқыту. Соның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бізде кітапты насихаттау процесі мүлде жоқ. Мәселен, мемлекеттік бағдарламада кітаптың аудармасы мен шығаруға ғана қаржы бөлінеді. Демек, оған насихаттау да кіру керек. Бізде оны ешкім елемейді. Оған да ақша қажет. Былай қарағанда, кітапты насихаттауға қаржы бөлу деген – түсініксіз нәрсе. Ал өркениет салтанат құрған елде ол – баяғыдан қалыптасқан үрдіс. Ешкімнің уақытын ешкім тегін пайдаланбайды. Шетелде сыншының сол кітапты оқуы үшін ақша төленеді. Мен соны көріп ойландым, – деді Смағұл Елубай. Әдеби кешті ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлықтың иегері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса жүргізді. «Аңыздың ақырын» жазу үшін абыздың ақыры Әбіш Кекілбай болу керек», «Қазақ әдебиетінде қайсарлықпен «Ақ боз үйін» көтерген ақтаңгер қаламгер Смағұл Елубай ұлттық мүддемізде де өз үнін білдіріп келе жатқан өзгеше тұлғамыз» – деп кестелеп, кешті әдемі жүргізген Қазыбек Исаға оқырман қауым ризалығын білдірді. Азамат Есенжол qazaquni.kz Видео сілтемесі: https://www.facebook.com/100003391285854/videos/pcb.1225767544212943/1225754350880929/?type=3&theater