Майлыбаев пен Галихиндердің ісін жалғап отырғандар әлі де бар - Әзімбай Ғали
2017 ж. 01 шілде
4469
8
Ертең ақпараттық соғыс бола қалса, бізді кім қорғайды? Қазақтілді БАҚ бұған төтеп беруге қауқарлы ма? Саясаттанушы Әзімбай Ғали соны айтқысы келген сияқты. Бұл туралы 365info.kz порталы жазды.
«Хабарда» екі қазақ орысшаласып отыр. «Хабар» тәуелсіздік жылдары қазақты орыстандыру құралына айналды. Өкінішке орай, «Хабардың» орысшасы Ресей телеканалдарының Қазақстандағы дублеріне ұқсайды.
«Қазақстан» теледидары да көңілден шықпайды. Олардың әрекеттерінің бәрі қазақ теледидарының сүйкімін кетіріп – дискредитациялау.
«Қазақстан» теледидарында бас менеджер қызметіне қазақша еркін сөйлемейтін адамды қою, толық мемлекеттік тілдегі арна бола тұра кейбір шараларды орысша-қазақша жүргізу — соның белгісі.
Мәселен, қылмыс жасаған адамдарды теледидарда сарапшы ретінде жарнамалау белең алды (екі реттен «Хабар» мен «Қазақстан» теледидарынан, барлығы төрт рет). Оныншы мамыр күні Ресейдің қызыл-қоңыр таспасын «Хабардан» кешкі уақытта көрсетіп насихаттады. Айта берсе, мұндай мысалдар өте көп.
Көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан осы саясаттың салдары халыққа тиіп отыр. Мысалы, қазақша білмейтін алты адамды министр-әкім етіп қойдық. Үш тұғырлы тіл бағдарламасын кері қайырмай, жаппай қазақ мектебін орыстандырып, білімін төмендетіп, ұлт мектебін құртып жатырмыз.
Президентіміздің қазақ жандылығында мін жоқ,
бірақ үзеңгілестерінің бәрі орысшылдық бағытты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді және бағытынан қайтатын түрі жоқ.
Мұның алдын алу үшін өз тарапымнан төмендегідей шараларды ұсынамын:
1) Қазақ бүгінгі таңы 71 пайыз, ал орыс 19 пайыздан кем. ҚР Іс қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүгізу , мемлекеттік тілде іс құжаттарын жүргізетін аудандар тізімін демографиялық құрамға сәйкес көбейту;
2) Үш тұғырлы бағдарламаны мектептен алып тастау;
3) Мемлекеттік тілге шорқақ, немесе қазақ тілінде сөйлемейтін қазақ шенеуніктерді ротациялау, орнына қазақшасы бар орыс, украин, неміс тектестерді қою;
4) Мемлекеттік тілге шорқақ, тіл саясатында жіберілген кемшіліктер мен қателіктерді есепке алып, Майлыбаев пен Галихиндердің ісін жалғап отырғандарды қызметтен алу.
PS: Қазақ ұлты ыдырап барады: орыстілді, орысжанды қазақ қауым өсіп келеді.
Бұл ұлттың ішіндегі ұлт – орыстілді субэтнос.
Яғни, бара келе, орыс тілді қазақ жұрты пісіп жетіледі, бұл орысшыл элитаның һәм «Хабар» секілді арналардың астыртын еңбегінің нәтижесі. Бара келе, оларды мойындауға тура келеді.
Ұлттың ыдырауының көкесін сол кезде көретін боламыз.