Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы
2017 ж. 25 маусым
3203
7

Құрметті отандастар!
Баршаңызды қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!
Бұл мейрам күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды Рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Ежелден исламға тән құндылықтар – бейбітсүйгіштік, жанашырлық пен бауырмалдықтың терең мән-мағынасы осы шуақты күндерде айқын сезіледі.
Ораза айтта шын жүректен ақ тілек айтылып, әр адам адами қарым-қатынастың жылылығы мен айналасындағылардың қамқорлығын сезіну үшін қайырымдылық шаралары жасалады. Ізгі ниет пен игі істер қоғамда өзара түсіністіктің орнауына, халқымыздың татулығы мен ауызбіршілігін нығайтуға септігін тигізеді. Бұл – еліміздің одан әрі тұрақты және сенімді дамуының басты кепілі.
Бірлік пен татулық жүрегімізде әрдайым бейбітшілік пен жасампаздықтың жылуын ұялатсын!
Осы мерекеге орай барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Ораза айт қабыл болсын!