"Оралмандарды ұрғаны бар" Мамашев Үкімет бөлген қаржыны қайда жұмсап отыр?
2017 ж. 22 маусым
3203
1
Бұған не себеп дейсіз ғой? Биыл 22-25 маусым аралығында Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтеді. Енді соның ұйымдастырылуына қатысты түрлі дау шығып, тіпті Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың оралмандарға қатысты алты жыл бұрын айтқан "ұрғаным бар" деген сөзі елдің есіне қайта түсіп жатыр.
Сөйтіп, аталған қызметте 2004 жылдан бері отырған оны орнынан кетіру туралы мәселе көтеріле бастады, деп хабарлайды Caravan.kz. Мысалы, Dalanews.kz интернет-газетіндегі "Оралмандарды ұрғаны бар" Талғат Мамашев қауымдастықты қалай басқарып отыр?" атты мақалада "Жасыратыны жоқ, біздің ғана пікіріміз емес, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына Талғат Мамашев келгеннен бері қауымдастықтың да, құрылтайдың да жылдан жылға күші де, сенімі де кетіп бара жатқаны көп айтылады. Бұл да болса «Оралмандарды ұрғаны бар» Талғат Мамашевтың қазақ ұлтына деген махаббатының ашық көрінісі болса керек...
Талғат Мамашев басқарған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы үкіметтен бөлінген қаржыны қызметкерлеріне айлық ретінде беріп ғана отырған мекемеге ұқсайды" делініпті.
Материал авторы Тұрдыбек Құрметхан ары қарай былай деп жазады:
"Енді Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығынан күтер үмітіміз жоқ. Шетелден ұзын алған, кең тұсау алып келетін құрылтайға қатысушы қандастарымыздың да шеттегі қазақ мәселесін толыққанды жеткізе аларына да сеніміміз жоқ. Тек үкіметтен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан осы құрылтайда Дүние жүзі қазақтарының Қауымдастығының күшін қалпына келтіруді ғана сұраймыз. Ол үшін келесі ұсыныстарымызды жеткізгіміз келеді:
- Қауымдастықтың мақсаты мен міндетін қайта қарап, өкілеттік құрылымын бекіту. Дүние жүзі қазақтарына ие бола алатындай күш-қуат беру; Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының мемлекеттік статусын белгілеп, қоғамдық ұйым деңгейінен мемлекеттік мекемеге көтеріп, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің құзырына беру. Сыртқы істер министрінің бір құрылымы бола отырып, шеттегі әр қазақтың мәселесін басты назарға алуды тапсыру;
- «Оралманды ұрғаны бар» Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевты жұмыс тобымен бірге қызметінен босатып, орнына қазақ мүддесін басты орынға қойған ұлтшыл азаматтарды әкелу.
- Қазіргі заман талабына сай қауымдастық жұмысының ащықтығына мән беру. Атап айтқанда, қазіргі кездегі Дүние жүзі қазақтары Қауымдастығының ел білмейтін http://qazaq-alemi.kz деген ресми сайтының жұмысын жандандырып, әр елдегі қазаққа ел ішіндегі маңызды жаңалықтардан хабардар етіп, шеттегі қазақтардың жағдайын ел ішіне жеткізіп отыруды назарға алу.
Бұдан ары мемлекет қаржысын аты бар заты жоқ, қоғамдық ұйымға шаша бермей, нақты жұмыстар жасайтын, әр қазақтың иесі бола алар мемлекеттік мекемеге айналдырар кез келді. Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығын «Әр қазақ менің жалғызым» деп бар қазаққа сүйіне де, күйіне алатын адамның басқарғаны қажеттілік".
Ал кезінде Қытайдан оралған белгілі филолог ғалым Дүкен Мәсімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына қатыспайтынын мәлімдеді. Сөйтіп, неліктен бұлай шешкені туралы жазған.