Айдос Сарым: Қазақтар Баян Есентаеваның өмірі секілді ұсақ-түйекті талқыламағанда қайтеді?
2017 ж. 21 маусым
4527
11
Саясаттанушы Айдос Сарым әлеуметтік желідегі қауымның Баян Есентаеваның басындағы жағдайды талқылауға әуес боп тұруының құпиясын ашты.
Бұл арадағы барлық гәп саясатта жатқан көрінеді. Бұл туралы саясаттанушы kaz.365info.kz сайтына берген сұқбатында айтты. Оның айтуынша,
мұнай дәуірі аяқталып барады деген бос даурықпа сөз емес.
Талқылайтын мәселе көп, бірақ біз Баянды ғана айта береміз
„Оған көрші елдегі бір „Газпром„ дәлел. Ол қандай компания еді? Әлемде аты дүрілдеп тұрған, ең қымбат компания болатын. Ал қазір ше? Қазір бүкіл жер асты байлығымен, темір-терсегімен қоса алғанда мүшеқап шығаратын Дюрекс компаниясынан да арзандап кеткен. Міне, көрдіңіз бе? Ал бұл — мұнай экспорттаушы біздің ел үшін қағылып жатқан дабыл. Сондықтан, өз басым, ЕХРО-ның өзін емес, оның негізгі идеясын қатты қолдаймын. Шыны керек, бізге жаңартылған энергия көздері деген ауадай қажет. Ендеше мұнай дәуірінен соң қандай жағдайда өмір сүреміз, қайтсек болады деген сауалдарға біздің билік бүгін осы ЕХРО кезінде жауап табуы тиіс. Алайда, өкінішке қарай, көрмені ұйымдастырушылар келген қонаққа, атқан отшашуға ақшаны шашып жатыр. Бұл дұрыс емес.
Көрменің маңызын билік те, БАҚ та, халық та әлі нақты түсінбеген секілді. Біздегі ең басты кемшілік билік пен қоғам арасында байланыс жоқ, саяси-экономикалық мәселелер бойынша ашық талқы жасалмайды. Содан соң не болады? Әрине, саяси-экономикалық тақырыптарда әлеуметтік желідегі қауымның аузын жаба берген соң, олар Баян Есентаеваның өмірі секілді ұсақ-түйек жайттарды талқыламағанда қайтеді?..
Басқа амалдары да, таңдаулары да жоқ олардың„ — дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол ЕХРО-ға қатысты негативті пікір айтушыларға қарсы бірнеше уәж келтірді.
— Біз кез келген нәрсенің талқысы кезінде мынандай қағидаттарды миымызға шегелеп алуымыз керек.
Біріншіден,
біз өте кішкентай құрлықтық мемлекеттің біріміз. Қай жақтан санасақ та бізге ең жақын теңізіміз 3,5 мың шақырымда. Сондықтан біз әлемді өздігінен қызықтыратындай керемет елге айнала алмаймыз. Қанша жерден инвестиция салсақ та біздің мүмкіндігіміз шектеулі.
Екіншіден,
мысалы, Украинадағы жағдайды алсақ, ол біздегі экзистенционалдық қауіпсіздік мәселесін тым күрделендіріп жіберді. Біздің сыртқы саясатымыздың ең негізгі постулаттарының бірі Будапешт құжаттары деген келісімге негізделген. Сондықтан осыған дейін осы доктринаға сүйеніп, жау шапса бізді қорғайтын елдер бар деген жалпы үміт болды. Қазір ондай құжат та, қауіпсіздігімізге кепілдік беретіндер де жоқ. Ал бұл турист пен инвесторлар үшін маңызды нәрсе.
Үшіншіден,
қазір бір инвестор 1 млрд доллар алып келсе, бізде оны жұмсайтын дайын жоба да жоқ. Кәсіпкер, экономистермен сөйлесіп жүрмін, солардан білгенім, Қазақстандағы ең қымбат жоба әрі кетсе 20-30 млн доллардан аспайды дейді. Көрдіңіз бе?.. Демек, бізге елімізді әлемге таныту, шетелдік инвестор тарту үшін ЕХРО секілді ірі шаралар керек. Білмеймін, қаншалықты рас екенін, бірақ Үкіметтің айтуы бойынша, осы көрме аясында тамақ өндіруші, аспаз, қара жұмысшы, шетелден алып келетін инженері, архитекторы бар – барлығы 50 мың адамға жұмыс табылған. Оның 45 мыңы қазақтар делік. Қаржылық дағдарыстан соң тұрып қалған құрылыс компаниялары бар. Несіне жасырайық, көбісіне жақсы жұмыс табылды. Бұл жақсы емес пе? — дейді Айдос Сарым.
Үкімет көрме насихатына жұмсаған бар күшін алғашқы күнде-ақ сарқып тастаған секілді
Дегенмен саясаттанушының ЕХРО-ға қатысты айтатын өзіндік сыны бар екен.
— Әлемдік дәрежеде өзіміздің субъектілігімізді айшықтап, яғни қазақ деген ел бар екенін, оның әлем көшіне ілесуге тырысып жатқанын, өркениетті озық елдер қатарына кіргісі келеді дегенін 2-3 есе қаттырақ, 2-3 есе асыра айтуға мәжбүрміз. Торғай, мысалы өзіне қауіп төндіріп жылан келе жатса жүнін күдірейтіп, өзін ірілеу етіп көрсеткісі келеді ғой.
Біздің шамамыз да осындай, торғай секілді.
Бұл — бір. Екіншіден, Үкіметтің ЕХРО насихатына жұмсаған бар күші бірінші күнге кетіп, содан соң таусылып қалған сияқты. Күші де, әлеуеті де, қызығы да сол отшашудан соң тынған секілді. Бұл – үлкен мәселе. Бүгінгі қоғамның өзін бір нәрсеге ұстап тұрудың өзі қиянат екенін жақсы білеміз. Екі күндік тойға қатысуға болады, ал үшінші күні десе, шынымен де жындана бастаймыз ғой. Ал бұл арада 30 күн тұр. Осыны дұрыстап, тыңғылықты ұйымдастыруға болар еді ғой, — дейді өз өкінішін жасырмаған саясаттанушы.
ЕХРО-дан соң тағы да жемқорлар ұсталады
Одан бөлек саясаттанушы ЕХРО-дан соңғы күнді де билік ойлауы керек екенін еске салады.
— Ең қиыны алда. ЕХРО кезінде 45 мың адам жұмыспен қамтылды дедік қой. Ал көрме біткен соң осы адамдар қайтеді? Оларды Үкімет жұмыспен қамти ала ма?.. Бізде ірі жобалар жоқтың қасы. Бұрын Гитлер мен Рузвельттің кезінде жаппай жұмыссыздықты жоюдың жолын жол салу арқылы шешіп отырған. Қазір бұл амал ескіріп қалды. Жаңа дүние ойлап табуы керек қой. Бірақ бұл ретте біз ештеңе естігеніміз жоқ.
Айдос Сарымның айтуынша, ЕХРО көрмесі аяқталған соң „ішіп-жеп„ қойды деген дау тағы басталады.
„3 ай өтеді ғой, бітсін, одан соң тағы қаншама іс қозғалар екен?.. Басы даулы болды, соңы даусыз болады дегенге сену қиын„ — дейді ол.