ҮЙ ІШІНЕН ҮЙ ТІГУДІҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?
2017 ж. 18 маусым
3243
8
БІЗДЕГІ БАСЫ АРТЫҚ МЕКЕМЕЛЕР ЖЕМҚОРЛЫҚ ҮШІН ЖАСАҚТАЛҒАН
Қазақта «Қойшы көп болса – қой арам өледі» деген нақыл сөз бар. Оның айтар ойы баршаға мәлім болса керек. Ата-бабалардан жеткен, ғасырлар сынынан өткен бұл мәтелді бүгінгі өмір тәжірибесімен байланыстырып, жаңалап айтсақ – «Басшы көп болса – істен береке кетеді» деп нақтыласақ қателеспейтін сияқтымыз. Басшы дегенді – алдымен біздегі қаптап кеткен басқарушы компаниялар деп түсініңіздер. Өкінішке орай, еліміздегі кез-келген саланы алып қарасақ та бұған қиналмай-ақ көз жеткізуге болады. Енді осы төңіректе ой қозғап көрелік. Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» атты халыққа биылғы Жолдауында экономиканы дамыту саласына қатысты көптеген мәселелер кеңінен қамтылғаны баршаға мәлім. Мемлекетіміздің қаржылық негізі болып табылатын салық саясатынан бастап кез-келген бәсекелестікке, оның ішінде шетелдік, әлемдік нарықта да өзін емін-еркін сезінетін отандық шағын және орта бизнесті дамыту керектігіне дейін ерекше атап айтқан болатын. Шынын айтсақ, Елбасы шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау туралы үнемі үзбей айтып, құлағымызға құйып келеді. Әттең оны тыңдар құйма құлақ пен нақты іске асыратын қол мен құлық жетіспейді бізде. Жолдауда айтылған құнды пікірлерді бәріміз жабыла жазып, депутаттарымыз сол үшін аймақтарға арнайы іссапарларға шығып жабыла насихаттайды. Шенеуніктердің баяндамасының «бісмалласы» да содан басталып, «аллаһуакпары» да сонымен аяқталады. Ол жағынан кемістік жоқ, жоспарды жүз есе артық орындаймыз. Ал, іс жүзіне келгенде бәрі керісінше болып шыға келеді. «Елбасы осылай айтқан!»-деп сайрағанда алдына жан салмайтын мықтылар былай шыға бере бәрін өз қалауынша жасайды. Оны көрген халық бұдан кейін шенеуніктерге деген сенімін біржолата жоғалтатыны заңды. Өйткені олардың айтқан сөзі мен атқарған істері бір-бірінен тым алшақ жатыр. Сонда біз кімді алдап жүрміз? Елбасын ба? Жоқ, тек қана оны емес, алдымен халықты ақымақ қылу бұл. Елбасының сөзін ту етіп көтеріп, керек жерінде өзін қорғау үшін қалқан етіп ұстап, оның құнды ұсыныстарын өз ыңғайларына, өз пайдаларына қарай бұрмалау – екіжүзділік, тіпті қылмыс болып табылады. Ол әдетте жемқорлыққа ұласады, дәлірек айтсақ сол өз құлқыны үшін қылмысқа барады, өз халқын өзі тонайды. Соның салдарынан экономикамызға нұқсан келіп, бюджеттік қомақты қаржы ұрланып немесе мақсатты жұмсалмағандықтан белгіленген жоспарлар орындалмай орта жолда қалып жатады. Бұл жылда тұрақты түрде қайталанатын көрініс. Қазынаға қол сұққандардың тізімін жасап, мысал келтіріп уақыт оздырмай-ақ қоялық, оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сұғанақтықтың соңы халықтың тұрмыстық жағдайын әлсіретеді. Өйткені жаңағы орындалмай қалған мемлекеттік бағдарламалардың бәрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны белгілі. Біздегі бағдарламалардың құндылығы мен оған миллиардтаған қаржы бөлініп жатқаны жайында дәйектер келтіріп, саясаткерлер, экономистер мен сарапшылар жағы талмай сайрап жатады. Бағдарламалардың бағалы екеніне ешкімнің таласы жоқ. Бес жасар балаға да түсінікті жағдайды қайталай берудің қажеті қанша? Қомақты қаржының бөлінгеніне біреу күмән келтіріп отыр ма? Мәселе соның мақсатты жұмсалуында, нақты және мезгілінде орындалуында емес пе? Олай болса жаңағы білікті экономистер, саясатшылар мен сарапшылар бағдарламаның не себепті орындалмағанын жан-жақты талдап, одан шығар жолды неге сілтеп көрсетпейді? Әлде оған біліктілігі жетпей ме? Онсыз да белгілі, таптаурын тақырыптың төңірегінен аса алмайтындарына қарағанда дәп солай деп те айтуға негіз жоқ емес. Рас, біздегі санаулы тәуелсіз саясаттанушылар мен сарапшылар қоғамдағы орын алып жатқан кемшіліктер туралы айтып, оны түзету мақсатында сын пікірлерін білдіріп жатады. Бірақ, оған көңіл бөлген билікті көрмедік. «Айту сендердің міндеттерің, не істеу керектігін өзіміз білеміз» деген бағытты берік ұстанғандар былқ етпейді. Өз аттарына сын, ескерту естісе шектері үзіліп кете жаздайтын билік басындағылар «өзім білемдікке» салынып алған.Керек болса сын айтқыштарды қысымға ала бастайды. Халықтан арыз-шағымдар түсіп, Елбасының өзі тікелей араласып арнайы тапсырма бергенде ғана қозғала бастайды. Онда да еріксізден, еріне қимылдайды. Басқа салаларды қоя тұрып, тек қана экономика мәселесін алайықшы. Сарапшыларды былай қойғанда, Парламенттегі беделді партиялардың бірі «Ақ жол» фракциясы шағын және орта бизнесті, әсіресе кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау, жалпы экономикаға қатысты депутаттық сауалдарды үсті-үстіне топырлатып қойып жатса да оған Үкіметтің беретін жауаптары жаттанды, жалтарма болып келеді. Ал, партия жетекшісі Азат Перуашев босқа шырылдамайды, экономика саласын бес саусағындай білетін азаматтардың бірі екені белгілі. Оның ұсыныстары мен пікірлерінің көбісі ескерілмей қалып жатыр. Бір ұсынысын өткізу үшін бір емес бірнеше депутаттық сауал жолдауларына тура келеді. Бұл не? Кәсіпкерлікті дамытуға арналған құнды пікірлерге құлақ аспаған керітартпа қасарысуды қалай түсінуге болады? Сонда Үкімет шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны қолдамай ма? Әлде Елбасының экономиканы дамытуға бағытталған шешімдеріне қарсы ма? Олай болса бұны мемлекетке қауіп төндіріп отырған астыртын қимыл деп бағалау керек шығар? Басқаша түсіну мүмкін емес. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір-екі мысал келтіре кетейік. 2016 жылы қазан айында «Ақ жол» партиясы Үкіметке мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компанияларды қаржыландыру туралы сауал жолдап, бюджеттен ақшаны мемлекетке кері қайтатын пайдаға байланысты, яғни нақты нәтижеге қарай бөлу керектігін айтқан болатын. Нақты нәтиже болмаса ұлттық компанияларды қаржыландыруды тоқтатуды талап еткені белгілі. Бірақ бұл сауалға байланысты әдеттегідей ешқандай шара қолданылған жоқ. Енді міне жақында ғана 2016 жылдың бюджетінің орындалуына арналған Есеп комитетінің есебі тыңдалған Мәжілістегі отырыста тағы да осы мәселені қозғап, тағы да депутаттық сауал жолдауға тура келді. Есеп комитетінің тексеру нәтижелеріне көз жүгіртсеңіз шашыңыз тік тұрады. Бюджеттен бөлінген қыруар қаржының игерілмегені өз алдына, алдында айтқанымыздай еліміздегі басқарушы ұлттық компаниялар мен мемлекетік холдингтердің есеп шотында қомақты қаржы жылдар бойы қордаланып жатқан, ешқандай пайда әкелмеген. Ал, көптеген салаларға қаржы жетіспей, мектеп, аурухана, балабақша, жол салуға тиын таба алмай отыр. Квазимемлекеттік сектор Парламентті айналып өтіп, ол қаржыны өз қалауынша пайдаланған. Есеп комитетінің соңғы дерегіне сүйенсек «Бәйтерек» холдингі есебінде «уақытша бос қаржы» деп аталатын ақша өз айналымында жүрген көрінеді. Олар жаңа жобаларды қаржыландырып іске асырудың орнына, қыруар қаржыны банктік құнды қағаздарға салып пайда табуды тұрақты тәжірибеге айналдырған. Сонда жаңа жобаларды кім қолдап, кім іске асырады? Бюджет ақшасын өз еркінше пайдалануға оларға кім рұқсат берді? «Бәйтерек», «Самұрық-Қазына, «Қазагро» дегендерді сол үшін құрып па едік? Бұл отырыста Азат Перуашев квазимемлекеттік секторға қатысты көптеген кемшіліктердің бетін ашып берді. Оның айтуынша 2016 жылы «Бәйтерек» холдингіне үлестік салым мақсатында кепілдік үшін 10 млрд. теңге бөлінген. Биыл тұрғын-үй құрылысын қолдауға тағы да 10 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде 20 млрд. теңге «Бәйтеректің» басыбайлы ақшасына айналған. Олар осылай кете берсе бюджеттік қаржыны өз қалауларынша пайдалана бермек. Сондықтан да ақжолдықтар бұл мәселені Парламентте қарауға тағы да ұсыныс жасады. Банктегі депозит арқылы тапқан пайдаларымен қоса бөлінген ақшаны пайызымен қайтартқызу қажеттігін және мемлекеттік компаниялар атқарған жұмыстары туралы Парламентте есеп беруді талап етті. «Мысалы мемлекеттік қызметкер қаржылық заңбұзушылық жасаса оған қарсы қылмыстық іс қозғау туралы заң бар. Ал, квазимемлекеттік сектордағы лауазымды тұлғаларға от та жоқ, сот та жоқ. Бар жоғы сөгіс жариялайтын сияқты әкімшілік шаралар ғана қарастырылған», – деді Азат Перуашев. «Ақ жол» жетекшісінің бұл ұсынысымен толықтай келісеміз, дұрыс талап қойып отыр. Ол аз болса Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев күні кеше ғана «Самұрық-Қазына» өткізген тендердің 94 пайызын бір ғана компания ұтып келгенін, сөйтіп өрескел заңбұзушылыққа жол бергенін жариялады. Бұл жерде де жемқорлықтың исі аңқып тұр. Бір кәсіпкерді жарылқап, содан өз үлесін алып отыр деген сөз. Тіпті ол кәсіпорын сол жеңілдікті жасап отырған белгілі бір лауазымдының өзінікі болуы әбден мүмкін. Бұл мемлекеттік сатып алу саласы былыққа белшесінен батқанын көрсетеді. Халықтың қаржысын қалай болса солай пайдаланатындарға қатаң шара қолданатын кез жетті. Байқап отырсақ қаржылық заңбұзушылықты, жемқорлықты тек қана мемлекеттік компаниялар мен биліктегі шенеуніктер жасайды. Өйткені бюджет қаржысы соларға сеніп тапсырылған. Бағдарламалардың орындалуы да соларға байланысты. Жеке компаниялар өз қаржысын қалай жұмсаймын десе де, тіпті өртеп жіберсе де ерікті. Мемлекеттік секторда неге тәртіп жоқ? Неге халық қаржысы аяусыз тоналып жатыр? Онымен қалай күресу керек? Жемқорлыққа қарсы «соғыс» жарияласақ та оны неге жеңе алмай жатырмыз? Бұл сұрақ бізді мазалағалы қашан. Енді осыған жауап іздеп көрелік. Жемқорлықпен күресудің жолдары көп. Алдымен бәрін қозғамай-ақ соның біреуін ғана, біздегі мемлекеттік құрылымдарға назар аударалық. Бізде қосымша өкілеттікке ие болған Үкімет бар. Ол барлық саланы қамтитын ондаған түрлі министрліктерден тұрады. Министрліктердің штатына қарасаңыз еріксіз бас шайқайсыз. Олардың құрамында толған департаменттер бар. Жемқорлыққа ұрынбасын деп қызметкерлерінің айлықтарын барынша көтеріп те қойдық. Бірақ соған қарамастан қаржы ұрлау толастар емес. Жемқорлықтың сансыз себептерінің бірі – басы артық мекемелердің көптігі. Қаржы ұрлау дәп солар арқылы іске асырылады. «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының сансыз мекемелерін айтпаған күннің өзінде, бір ғана «Бәйтерек» холдингінде 11 ірі еншілес ұйымдары бар екен. Есептей беріңіз, онда қанша адам басшылық жұмыста істейді, оларға қанша ақша төленеді. Мысалы, «Самұрық-Қазына» басқарушы қызметкерлерге төленген сыйақының жалпы сомасы былтырғы жыл бойынша 7,182 миллиард теңгені құраған. 630 миллион теңге сыйақыны үш шетелдік басқарушы ғана алыпты. «Самұрық-Қазына» басқармасы мүшелері Шөкеевті қоса алғанда, алты адам 2016 жылы 293 миллион теңге ақша тапқан. Орташа есеппен әр басқарушыға 48,8 миллион теңге төленген, бұл айына әрқайсына 4 миллион теңгеден астам төленді деген сөз. Қаржылық заңбұзушылықтан көз ашпаған бұл холдингтерді сонда не үшін ұстап отырмыз? Қаржы, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктері мен Ұлттық банк не бітіріп отыр? Жоспар құрып, ақша бөлгізіп, адал, ашық тендер өткізу министрліктердің өздерінің қолынан келмей ме? Бұл үй ішінен үй тігу деген сөз. Өз міндеттерін холдингтерге артып қойса министрліктердің керегі қанша, тарату керек қой оларды. Әрі-беріден соң Үкімет осы құрылымдарды өздері ақша жасау үшін әдейі ашып отыр деген күдік айтуға да құқылымыз. Сондықтан сыйақыға жомарт «Самұрық-Қазына», басшысы (Қ. Бишімбаев) ақша жымқыратын «Бәйтерек» секілді холдингтерді еншілес компанияларымен қосып жабу керек. Бұл міндетті салалық министрліктердің өздері атқара алады.Сонда жемқорлықтың тарамданған жолдарының бірі жабылатын болады. Бұл қысқарту жемқорлыққа құныққан құлқындарды азайтары анық. Осы әдісті барлық сала бойынша да қолдану қажет. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz