Нұрсұлтан Назарбаев: САПАЛЫ АҚПАРАТТЫҚ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУ МАҢЫЗДЫ
2017 ж. 04 маусым
2958
4
Елбасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Ақпарат және коммуникациялар министрі сала алдына қойылған міндеттердің орындалуы жөнінде есеп берді.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік саясаттың бірқатар бағыты бойынша сапалы ақпараттық жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
– Біріншіден, ақпарат құралдарында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуы барысын көрсету керек. Екіншіден, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын орындау жұмысын насихаттауды күшейту қажет. Мысалы, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» стратегиясының ұштасуының оң аспектілері туралы әңгімелеп беруге болар еді. Инфрақұрылымдық даму аясында бірінші жылы – 1600 шақырым, ал былтыр 900 шақырым жол салынды. Мен ол туралы бірнеше рет айттым. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында бұл факт жария етілмеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін ақпараттық тұрғыда көрсетудің өзектілігіне тоқталып, ел өңіріндегі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын БАҚ-та жария ету қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдаудың және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі ережелерін жүзеге асыру үдерісіне ақпараттық тұрғыдан кеңінен қолдау көрсету қажеттігіне назар аударды.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Қазақстан Президентіне «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының іске асырылуы және қоғамдық сананы жаңғыртудың барлық бағыты бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілу барысы туралы баяндады.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
qazaquni.kz